Жасөспірімнің ішкі күйзелісі көбіне көзге бірден түсе бермейді. Кеше ғана белсенді, ашық жүрген бала біртіндеп тұйықталып, бұрын қызыққан дүниелерінен алыстай бастайды. Көп жағдайда үлкендер мұндай өзгерістерді «өтпелі кезеңнің мінезі» деп қабылдап, елеусіз қалдырады. Ал дәл осы ұсақ көрінетін белгілер кейде баланың ішкі арпалысының алғашқы дабылы болуы мүмкін. Мәселенің анық-қанығын психоанализ бағытындағы психолог Гүлнұр Аяшовадан сұраған едік.
– Көбінесе өмірден торыққан жас-өспірімдер өз сезімдерін жасыруға тырысады. Маман ретінде айтыңызшы, ата-ана мен мұғалімдер баланың мінез-құлқындағы қандай «ұсақ-түйек» өзгерістерге баса назар аударуы керек?
– Ең алдымен, қандай жасөспірімдер күйзеліске түсуі мүмкін деген сұраққа тоқталайық. Бірінші кезекте, сенімді адамы жоқ бала қауіпті топқа жатады. Ол ата-анасы, досы немесе мектеп психологы болсын, сенім артатын бір адам болуы өте маңызды. Егер жасөспірімді тыңдайтын, оны түсінетін адам болса, мұндай бала депрессияға ұшырамайды.
Өзінің торығып жүргенін көбінесе тікелей айтпайды. Бала сезімін жасыруға тырысқанымен, оның ішкі күйзелісі мен мінезіндегі шағын, бірақ маңызды өзге-рістер арқылы байқалуы мүмкін. Психо-аналитикалық тұрғыдан қарасақ, мұндай өзгерістер баланың бейсаналық деңгейде болып жатқан ішкі конфликтілері мен ауыр эмоцияларының сыртқы көрінісі.
Бірінші белгі – бұрын жақсы көретін іс-әрекеттерінен бас тарту. Бұл – маңызды көрсеткіштердің бірі. Бұрын қызығып жүрген хоббилеріне, достарымен кездесуге немесе шығармашылық әрекеттерге қызығушылығының жоғалуы жасөспірімнің өмірлік энергиясының төмендей бастағанын көрсетеді. Психоанализде бұл энергия «либидо» деп аталады. Яғни, энергияның сыртқы ортадан ішкі әлемге бағыттала бастауы баланың тұйықталып, айналасымен эмоциялық байланысын азайтып жатқанын білдіреді. Мысалы, бұрын достарымен араласып, түрлі іс-шараларға қатысып жүрген бала кейінгі уақытта тұйықталып, өзімен-өзі жүре бастайды. Ең алдымен, осыған назар аудару керек.
Тағы бір белгі – ұйқы мен тәбеттің өзгеруі. Жан мазасызданғанда тән де оған жауап береді. Сондықтан ұйқысыздық пайда болуы мүмкін, түнде жиі оянады. Кейде, керісінше, көп ұйықтағысы келеді, шынайы өмірден қашып, ұйқы арқылы тыныштық іздейді. Сонымен қатар тәбеті де өзгеруі мүмкін. Бұл баланың ішкі мазасыздығы мен психологиялық қысымының дене арқылы көрінуі. Кейбір жасөспірімдер қатты арықтап кетсе, кейде артық салмақ қосады. Мұндай жағдайда ата-ана ең алдымен психологқа жүгінгені дұрыс. Қажет болса, педиатрға барып, медициналық тексеруден де өткізуге болады.
Келесі белгі – өзін төмен бағалау және кінә сезімінің күшеюі. Мысалы, жасөспірім «мен ешкімге керек емеспін», «мен бәрін бұзамын», «әдемі емеспін», «маған ешкім қарамайды» деген сөздерді айта бастауы мүмкін. Бұл оның ішкі «суперэго» деп аталатын қатал ішкі сыншысының күшейгенін білдіреді. Мұндай жағдайда бала өзіне шамадан тыс талап қойып, өзін кінәлі сезінуі мүмкін. Егер ол осы сезімдерін ешкіммен бөлісе алмаса, бұл жағдай суицидтік ойларға алып келуі ықтимал.
Тағы бір маңызды белгі – жасөспірімнің жеке заттарын таратуы немесе қоштасуға ұқсас әрекеттер жасауы. Мысалы, сүйікті заттарын достарына беріп, «маған енді керек емес» деуі мүмкін. Мұндай кезде ата-ана, мұғалім және достары баланың не себепті тұйықталып қалғанына назар аударып, сөйлесуге тырысқаны жөн. Психо-аналитикалық тұрғыдан бұл кейде бейсаналық түрде қоштасу әрекеті ретінде түсіндіріледі.
Сонымен қатар қарым-қатынастан қашқақтай бастайды. Жасөспірім отбасы мүшелерімен сөйлесуді азайтып, бөлмесінде жалғыз өзі көп уақыт өткізеді, достарынан алыстайды. Бұл оның эмоциялық байланыстардан шегініп, ішкі әлеміне тереңірек кетіп бара жатқанын көрсетеді.
Ата-ана мен мұғалімдер осындай ұсақ көрінетін, бірақ тұрақты қайталанатын өзгерістерді байқап, назар аударуы өте маңызды. Мұнда тек сынып жетекшісі ғана емес, барлық пән мұғалімдері де жауапты. Кейде бала белгілі бір пән мұғаліміне жақын болады, сондықтан олар да баланың көңіл күйіндегі өзгерістерді байқап қалуы ықтимал.
Егер бірнеше белгі қатар байқалса, баламен сабырлы сөйлесіп, оның сезімдерін түсінуге тырысу керек. Қажет жағдайда мектеп психологына немесе басқа маманға жүгіну маңызды. Бұл жерде үш жақтың – ата-ана, мұғалім және баланың бірлескен жұмысы қажет.
Егер ата-ана үйде осындай өзгерістерді байқаса, кәсіби маманмен жұмыс істеуге қаржылық мүмкіндігі болмаса, мектеп психологының көмегіне жүгінуге болады. Сондай-ақ сынып жетекшісіне ескертіп, баланың сыныптағы қарым-қатынасына назар аударуды сұраған жөн.
Ал егер мұғалімдер баланың соңғы кезде тұйықталып кеткенін байқаса, ата-анасымен байланысып, мектеп психологымен бірлесіп жұмыс жүргізуі керек.
Негізі, уақытында көрсетілген қолдау жасөспірімнің ішкі күйзелісін жеңілдетіп, ауыр жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан ең бастысы – уақыт жоғалтпау.
– Ата-аналар баламен сөйлесуді тек бақылау немесе тергеу деп түсінеді. Баланы қорқытпай, оның ішкі әлеміне қалай үңілу керек? Сөйлесуді неден бастаған жөн?
– Оныңыз рас. Ал шын мәнінде сенімді байланыс орнату өте маңызды. Баланың ішкі әлеміне үңілу үшін алдымен сол сенімді қарым-қатынас қалыптасуы керек.
Бірінші қадам – бақылаушы емес, тыңдаушы болу. Бала сөйлей бастағанда бірден кеңес беруге немесе баға беруге асықпау қажет. Кейде балаға тек өз ойын айтып шығу маңызды. Сол арқылы ол ішіндегі эмоциясын, мазасыздығын немесе ренішін сыртқа шығарады. Егер осы сәтте ата-ана «мен саған айттым ғой» деген сияқты сөздер айтса, бұл баланың жағымсыз эмоциясын одан сайын күшейтуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда ата-ананың басты рөлі сабырлы тыңдаушы болу.
Екінші маңызды қадам – ашық және жұмсақ сұрақтар қою. Тергеу стиліндегі «неге бұлай істедің?», «кім кінәлі?» деген сұрақтар баланы қорғануға мәжбүр етеді. Оның орнына «бүгінгі күнің қалай өтті?», «бүгін сені не қуантты немесе не қынжылтты?», «не ашуландырды?» деген сұрақтар қою арқылы баланың ішкі әлеміне жақындауға болады.
Үшіншіден, баланың эмоциясын қабылдау маңызды. Егер бала бір қиындық туралы айтса, оны бірден жоққа шығармау керек. Мысалы, «бұл жағдай саған ауыр болған сияқты» немесе «мен сенің көңіл күйің түсіп тұрғанын байқап тұрмын» деген сөздер баланың өзін түсінетін жан бар екенін сезінуіне көмектеседі. Бала өзін түсінетінін сезінсе, кейін қиындық туындағанда ең алдымен ата-анасына келеді.
Тағы бір маңызды нәрсе – баға емес, қолдау көрсету. Егер бала қателік жасағанын айтса, бірден сөгу сенімді әлсіретеді. Оның орнына «қателесу қалыпты нәрсе, енді бірге қалай шешуге болатынын ойлайық» деген ұстаным тиімді болады.
Кейде бала үйде ашыла алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда арнайы сөйлесуге отырғызудан гөрі, бірге уақыт өткізген дұрыс. Мысалы, серуендеп жүргенде немесе ортақ бір іспен айналысып отырғанда әңгіме табиғи түрде басталып кетуі ғажап емес. Осындай сәттерде бала өзін еркін сезінеді және кейде өз ойларын байқамай айтып қояды.
Әңгіме бастағанда да күрделі сұрақтардан емес, қарапайым бейтарап тақырыптардан бастаған жөн. Мысалы, «бүгін мектепте қандай қызықты жағдай болды?» немесе «қазір сенің өміріңде өзің үшін қандай маңызды дүние бар?» деген сияқты сұрақтар баланың ашылуына көмектеседі. Сондай-ақ «соңғы кезде сені не мазалап жүр?» деген сұрақтар да пайдалы болуы мүмкін.
Ең басты қағида – бала ата-анасына ашылуы үшін ол жазаланбайтынын, мазақ болмайтынын және құнсыздандырылмайтынын сезінуі керек. Ата-ананың мақсаты тек ақпарат алу емес, баланың эмоциясын түсіну болуға тиіс.
Қорытындылай айтқанда, баланың ішкі әлеміне жол қатаң сұрақтардан емес, сенім білдіру, тыңдай білу және қабылдау атмосферасынан басталады. Егер бала ата-анасының оны түсінуге тырысатынын сезінсе, ол біртіндеп өз ойы мен сезімдерін ашық бөлісе бастайды.
– БАҚ пен әлеуметтік желілерде қайғылы жағдайды жариялауда «Вертер эффектісінен» (еліктеушілік) қалай сақтануға болады? Бұл тақырыпты қоғамда қалай дұрыс талқылауымыз керек?
– Шынында да, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қайғылы оқиғаны жариялау кезінде өте сақ болу қажет. Бұл – өте жауапты мәселе. Психология мен медиа зерттеулерінде «Вертер эффектісі» деген ұғым бар. Ол қоғамда суицид туралы романтикалық немесе егжей-тегжейлі ақпарат тараған кезде кейбір адамдарда еліктеу әрекеті пайда болуы мүмкін екенін білдіреді. Сондықтан мұндай тақырыпты жариялаудың ерекше жауапкершілігі өте жоғары
«Вертер эффектісінен» сақтанудың бірнеше маңызды жолы бар.
Біріншіден, оқиғаның егжей-тегжейін жарияламау керек. Яғни, суицидтің нақты тәсілін, орнын немесе жағдайын толық сипаттаудың қажеті жоқ. Мұндай ақпарат кейбір адамдарға еліктеу әрекетіне түрткі болуы мүмкін.
Екіншіден, суицидті романтизациялаудан аулақ болу керек. Оны батылдық, махаббат трагедиясы немесе ерекше оқиға ретінде көрсетуге болмайды. Мұндай бейнелеу кейбір жасөспірімдер үшін бұрмаланған үлгіге айналуы мүмкін.
Үшіншіден, қайтыс болған адамнан идеал образ жасамау керек. Оны тек позитивті бейнеде көрсетіп, қаһарман немесе ерекше тұлға ретінде сипаттау да еліктеу ықтималдығын арттырады.
Көп жағдайда тіршіліктен түңілген жасөспірімдердің психологиялық күйі өте осал болады. Кейде олар бейсаналы түрде өлім туралы ақпаратты жиі іздей бастайды. Осындай кезде әлеуметтік желіде немесе жаңалықтарда суицид туралы романтика-ланған немесе егжей-тегжейлі ақпаратты көрсе, ол қауіпті үлгіге айналуы мүмкін.
Тағы бір маңызды қағида – материалдың соңында міндетті түрде көмек алу жолдарын көрсету. Яғни, психологиялық көмек, сенім телефондары немесе мамандарға жүгіну мүмкіндігі туралы ақпарат берілуі керек. Бұл оқырманға қиын жағдайдан шығудың балама жолдары бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар суицидті тым қарапайым түсіндіруге болмайды. Мысалы, «бір ғана оқиғаға байланысты адам суицид жасады» деген сияқты тұжырымдар дұрыс емес. Әдетте, мұндай жағдайлар бірнеше психологиялық, әлеуметтік және эмоционалдық фактордың жиынтығының нәтижесі болады. Сондықтан мәселені үстірт емес, жан-жақты түсіндіру қажет.
Ал қоғамда бұл тақырыпты дұрыс талқылау үшін бірнеше қағиданы ұстану керек.
Біріншіден, ондай жайтты сенсация ретінде емес, психикалық денсаулық мәселесі ретінде қарастыру маңызды. Әңгіме адамның өміріндегі қиындықтар, эмоциялық күйзеліс және көмек алу мүмкіндігі туралы болуға тиіс.
Екіншіден, қоғамда қолдау мен алдын-алу мәдениетін қалыптастыру қажет. Яғни, адамдар қиын жағдайда көмек сұрау әлсіздік емес, керісінше, дұрыс қадам екенін түсінуі керек.
Үшіншіден, медиакеңістікте мамандардың: психологтардың, педагогтардың, әлеуметтік қызметкерлердің пікірлері көбірек берілуі пайдалы. Бұл тақырыпты ғылыми әрі түсіндіруші тұрғыдан талқылауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, кейде медиада сарапшылардың орнына блогерлер мен танымал тұлғалар жиі сөйлейді. Ал мұндай күрделі тақырыптарда кәсіби психологтар мен ғылыми білімі бар мамандардың пікірлері көбірек берілуі керек. Бұл қоғамдағы психологиялық мәдениетті арттыруға көмектеседі.
– Пікіріңізге рахмет.
Әңгімелескен –
А.ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ