Екі күн бұрын парашаңғыдан Ұлттық құраманың көшбашысы Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салды. Милан төрінде атой салған Михаил Шайдоровтың жеңісті жолын жалғаған Ербол қарымы мықты қарсыластарына қарамастан, жарыс бойы қарқынын бәсеңдетпей, соңғы метрге дейін жігер танытты.
Паралимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын көтеріп шыққан 28 жастағы атлет парашаңғы жарысынан 1 500 м классикалық спринт сайысында 2 минут 29 секунд уақыт көрсеткішімен мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыста бірінші орынды қытайлық Лю Цзысюй (2:28.9) иеленсе, ал күміс жүлдені бразилиялық Кристиан Вестемайер Рибера (2:29:9) еншіледі.
Мәреге жеткен бойда көз жасына ерік берген ол бапкерлер штабының құттықтауын қабылдап тұрып, «Кешіріңіздерші» деп толқынысын жасыра алмады.
«Паралимпиада ойындарында көк туымызды биікке көтеру менің арманым еді. Аллаға шүкір, біз бүгін қола жүлдеге ие болдық. Екі ай бұрын Мемлекет басшысы маған еліміздің туын табыстады. Бұл маған үлкен жауапкершілік болды. Сондай-ақ барша Қазақстан халқынан Әнұранымызды Миланда шырқата алмағаным үшін кешірім сұраймын! Мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс білдіремін», – деді спортшы кейін журналистерге берген сұхбатында.
28 жастағы Ербол Хамитов та Олимпиададағы қарсыластары секілді атағынан ат үркетін мықты атлет. 2023 жыл пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанған ол дәл сол жылы парабиатлоннан әлем біріншілігінде қола алған. 2025 жылы парабиатлоннан әлем чемпионы атағын иеленіп, сол жылы Әлем кубогінің жалпы есебінде жеңіске жетіп, маусымның үздік спортшысы атанды. Бұл жетістік Қазақстан спортында 31 жылдан кейінгі тарихи жеңіс болды. Соңғы рет Хрусталь глобусті елімізге 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов (1990/1991 және 1993/1994 жылғы маусым) әкелген еді.
Бұл – оның мансабындағы екінші Паралимпиада ойындары. Бейжің Паралимпиадасында сәтсіз өнер көрсеткен ол біздің басылымға үш жыл бұрын берген сұхбатында Италияда өтетін төртжылдықтың басты додасында чемпион атанбайынша тыным таппайтынын айтқан еді.
«Біз «Намысты қолдан бермейік» дегенді жиі айтамыз ғой. Паралимпиадада көрсеткен сәтсіздігім менің намысыма тиіп кетті. Сосын бұрынғыдан бетер мықтырақ болуды көздедім. Қателіктермен жұмыс істеп, көп жаттықтым. Еш босаңсымадым. Әлбетте, 2026 жылы Италияда өтетін Паралимпиадада чемпион атанғым келеді. Жарақат алып қалмасам, ол мақсатыма жетпей қоймаймын деп отырмын», – деген еді.
Ербол кеше Италияда 10 шақырым қашықтықта отырып сырғанау сынына тағы да жарыс жолына шығып, мәре сызығын сегізінші болып кесті. Енді ол 15 наурыз күні 20 шақырымдық сайысқа тағы шықпақ.
Ербол Хамитовтан бөлек, Милан және Кортина-д’Ампеццо Паралимпиадасында Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Нұрлан Алимов, Владислав Кобаль және Анна Грачёва ел атынан сынға түсіп жатыр. Қазақстан құрамасы парашаңғы жарысы мен парабиатлон спорт түрлері бойынша жарысқа қатысады.
Айта кетерлігі, Ербол Хамитовтың қола жүлдесі – Қазақстан қоржынындағы төртінші Паралипиада жүлдесі. Алғашқы жүлде 1994 жылғы Лиллехаммер Паралимпиадасында бұйырды. Парашаңғышы Любовь Воробьева 10 шақырымдық классикалық стильдегі шаңғы сайысында күміс медаль жеңіп алды. Одан соң Ұлттық құрама жеті Паралимпиада қатарынан, атап айтсақ, Нагано, Солт-Лейк-Сити, Турин және Ванкуверде өткен басты додада жүлдегерлер қатарына іліне алмаған-тын. Тарихи жүлде 2018 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарында қоржынға түсті. Оңтүстік Кореяда өткен Паралимпиадада парашаңғышы Александр Колядин ел тарихындағы алғашқы алтын жүлдені иеленді. Ал Бейжіңде 2022 жылы өткен Ақ Паралимпиадада Александр Герлиц парабиатлоннан қола жүлде еншілеген еді.