Алматыда тазы тұқымының үздіктері анықталды

Алматыда тазы тұқымының үздіктері анықталды

Алматыда Қазақстан кинологтар одағы қазақтың ұлттық ит тұқымы – қазақы тазыға арналған кинологиялық іс-шаралар маусымын ашты. Осы күні моно тұқымдық көрме және тұқымдық байқау өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара үш көрмемен қатар өткізілді. Бұл қазақы тазыны кәсіби кинологиялық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға, сондай-ақ Беларусь, Ресей және Әзербайжаннан келген халықаралық сарапшыларды тұқыммен және оны сараптау ерекшеліктерімен таныстыруға мүмкіндік берді.

Іс-шараларға 100-ден астам иті тіркелді. Бұл тұқымға деген жоғары қызығушылықты, оның санының артып келе жатқанын және асыл тұқымдық жұмыстың белсенді дамуын көрсетеді.

Моно тұқымдық көрме барысында сарапшылар иттерге бағалау жүргізіп, тұқымның үздік өкілдерін анықтады. Ал тұқымдық байқау иттердің стандартқа сәйкестігін тексеруге, олардың асыл тұқымдық сапаларын бағалауға, сондай-ақ бұрын есепке алынбаған иттерді тіркеуге мүмкіндік берді.

«Тазы баптаушыларі үшін бұл өз иттерін көрсетіп қана қоймай, кәсіби баға алуға, асыл тұқымдық жұмыстың нәтижелерін стандарт талаптарымен салыстыруға және өсірудің алдағы бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды тәжірибелік алаң. Мұндай іс-шаралар асыл тұқымдық жұмысты жақсартуға, қазақы тазыны дамытуға және насихаттауға, сондай-ақ оны Қазақстанның ұлттық бренді ретінде толыққанды халықаралық деңгейде мойындатуға бағытталған», – дейді Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Көрме жеңімпаздары:

* Үздік күшік — Сүрік

* Үздік юниор — Табиғат

* Үздік арлан ит — Хан

* Үздік ұрғашы ит — Жұлдыз , сондай-ақ ол көрменің үздік тазысы деп танылды.

Қазақы тазыны сақтау және дамыту жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік органдардың қолдауымен жалғасуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар