Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлғаларымыз аз емес. Солардың алдыңғы қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың есімінің ерекше аталуының өзіндік себептері бар.
Ұлттық құндылықтар жүйесін құрайтын ұлттық руханиятқа ел тәуелсіздігін алғаннан кейін көп көңіл бөліне бастағаны белгілі.
Академик Сейіт Қасқабасов ғылыми жұртшылыққа негізінен көрнекті ғалым, ғылымды ұтқыр ұйымдастырушы, ғылыми-зерттеу институтының білікті басшысы ретінде кеңінен танымал еді. Сонымен бірге туған халқы ардақты академигін ұлттық руханиятқа қалтқысыз қызмет қылған, атап айтсақ, ұлт тілі, әдебиеті, мәдениеті, өнері мен дәстүрі туралы ой толғап, ұлттық руханиятты сақтау, оны дамытып өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға тамырын жіберген жастар етіп тәрбиелеу тетіктерін ұсынып, еліміздің әлеуметтік-мәдени өміріне атсалысқан қоғам қайраткері ретінде де жоғары бағалайтын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысынан бастап, Түркістандағы екінші, Атыраудағы үшінші, биыл ғана Бурабайда өткен төртінші отырысының күн тәртібінде ұлттық құндылықтар мәселесі үнемі көтеріліп келеді. Реті келгенде, академиктің де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ұлттық руханият туралы ойлары бүгінгі күні Ұлттық құрылтай көтеріп отырған мәселелермен үндес екенін айта кеткеніміз абзал.
Ғылым-білімсіз сапалы ұлт қалыптастыру қиын болатынын сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде ғылыми «Зерде» журналында көтергенін ғылыми жұртшылық жақсы біледі.
Жас ғалымдар бәсекеге қабілетті, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылым үлесін арттырсын десек, оларға әлеуметтік қолдау қажеттігін айтып, оларды ғылымға тарту тетіктерін ұсынған Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғарғы Аттестациялық комиссиясының алғашқы төрағасы, академик Сейіт Асқарұлына біз сияқты сол кездегі жас ғалымдар риза болған едік. Академик былай деп еді: «Қазір де, келешекте де ғылым мемлекеттің қамқорлығында болуға тиіс, олай болмаса, ғылым дамымайды, демек, қоғам кері кетеді. Иә, озық ойлы мемлекет ғылым мен техникаға, қаржы аямайды, ол рас… Ал бізде бүгінде нарық қыспағы қинап тұрған уақытта ғылымның беделі түсіп тұр. Көптеген талантты жас аспирантураны тастап, коммерцияға, бизнеске кетіп қалды. Тіпті, кексе тартқан ғылым кандидаттары мен кейбір докторлар да ауысып жатыр. Неге? Ең басты себеп – ғалымдар жалақысының төмендігі. Мұндай жағдаймен жүре берсек, енді 3-4 жылда ғылымда ешкім қалмайды. Міне, мемлекет осының алдын алуы керек». Осылай деп, ғылыми көпшіліктің көкейіндегісін биліктегілерге төтесінен дөп айту – екінің-бірінің қолынан келе қояр іс емес еді…
Мәселені айтып қана қоймай, ғалым ретінде оның шешу жолдарын ұсынғанына да талай мәрте куә болдық. «Ғылым жалғыз жалақыны көтерумен дамымайды. Тиісті дәрежедегі жаңа аппаратура, лаборатория, приборлар, жинап айтқанда,талантты, еңбекқор маманмен бірге қажетті материалдық база керек… Сонымен қатар жас мамандарды баулу, оқыту да қажет. Оларды шетелдегі алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарға жіберу керек», – деген болатын академик.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы академик ұсыныстары бұл күндері мемлекет тарапынан қолдау тауып, ғылымға бөлінетін қаржат келемі 3 есеге ұлғайып, қазақ ғылымы дамуының қозғаушы күші болып саналатын жастар ғылымға көптеп тартылып, әлемдік ғылым орталықтарында тағылымдамалардан өту үрдісі қалыпты жағдайға айналғаны көңіл қуантады.
Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық ғылыми аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуге бағытталып, елімізде атын айға балаған отыздан астам әлем университеттерінің филиалдары ашылуы да отандық ғылымды әлемдік ғылым кеңістігіне кіріктірудің (интеграциялау) төте жолы десек, қателеспесіміз анық.
Академик рухани саланы сөз еткенде, ел мәртебесі мәдениетімен жоғары болатынына көп мән береді. Қай мемлекет болса да ғылымын, білімін, мәдениетін дамытуды қолға алатынын айтқан ол, олай болмаған күнде қоғам алға жылжымайтынын, прогресс болмайтынын атап көрсетеді. Мәдениетімізді дамыту үшін заңға әрі ғылымға негізделген мәдени саясат жүргізу керек екенін алға тартқан академик жүйеленген мәдени саясат – мәдени үрдіске басшылық ету емес, оған қамқорлық жасау, оны ұйымдастыру және жандандыру екенін, олай болмаған жағдайда, қолда барымыздан айырылып қалу қаупі туындайтынын, дәстүрдің озығы мен тозығы бар екеніне назар аударып, сондай өнердің көркемдік-эстетикалық сапасы төмен болмауын ескертеді.
Елордамыздың іргесін қалауға және барша қазақстандықпен бірге жаңа Астана қаласының қалыптасуына зор үлес қосқан зиялы қауым өкілдерінің аты айтыла қалғанда, академик Сейіт Қасқабасовтың да есімі ерекше еске түсуінің өзіндік себептері бар. Өйткені Астананы қазақыландыру мәселесін бірінші күннен бастап қолға алу керек екенін көтерген ғылым қайраткерлерінің алдыңғы қатарында Сейіт Асқарұлы жүрді. Елордада қазақ мектептерін ашып, олардың санын да, сапасын да көтеру және қазақ мектебінің беделін арттырудың төте жолы заман талабына сай маман дайындауды мықтап қолға алу туралы өзіндік ойларын алқалы жиындарда ортаға салып, астаналық қоғам белсенділерімен бірге ұлт руханиятын дамыту бойынша қоғамдық пікір қалыптастыруға аянбай атсалысқанын айтқанымыз абзал. Әсіресе, ұлттық намыс басым болуына көп көңіл бөліну керек екенін айтудан жалықпай өтті. Сондай-ақ тілдік орта мектепте қалыптасуына аса назар аудару керек екенін тілге тиек етіп, «қисық өскен жас шыбықты ерте түзетпесең, өмір бойы жантайып қалады. Біз көп сынап жүрген жас шенеуніктер – қазақ тілінің уызына қанбай қалғандар. Бұл олқылықтарға енді жол берсек, өкінішті-ақ» деген сөзі көптің көңілінен шыққан еді.
Академик ұлттық құндылықтарымыздың басты көрсеткіші – ұлттық мұрамызды сақтауда абай болуды көп ескертетін еді. Жаhандану заманында жұтылып кетпеу жолдарын іздестіруге үндеп, «әрине, қазіргі кездегі жаhандану процесі бұрынғы замандағыдан өзгеше. Бірақ одан шошымау керек. Тек бүгін мемлекетіміздің ұлттық сипатын сақтап қалу мәселесі алда тұрғанда, біз жаhанданудың зардапты, зиянды жақтарына көңіл аударып жатырмыз. Сөз жоқ, ұлттық руханиятты жаhанданудың зиянынан сақтап қалуымыз керек. Ол үшін темір шымылдық құрып, томаға-тұйық өмір сүрудің қажеті жоқ. Бүгінгі заманда ол мүмкін емес. Олай болса, оған қарсы күресіп, әуре болмай, мәдениетімізді, тілімізді, әдебиет пен өнерімізді жалпы адамзаттық игіліктермен толықтыра білу керек» екеніне екпін түсіре айтатын.
Еліміздің рухани, мәдени және ғылым-білім саласын дамыту үшін өткеннен сабақ алып, өзіндік менталитеті, мәдениеті, рухани бай, арғы-бергісін ойластыратын, таза қазақтығымызды сақтай алатын ұлт болып қалыптасу бойынша академик Сейіт Қасқабасовтың ұсынған тұжырымдарын қаперге алатын болсақ, одан біз ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
академик