25 жылдан бері көлік жөндеп жүрген шымкенттік әйел туралы не белгілі

/
25 жылдан бері көлік жөндеп жүрген шымкенттік әйел туралы не белгілі
Фото: Otyrar.kz

Түркістанда көлік жөндеу ісін дөңгелетіп отырған Айзада Мейірбанованың есімін көлік жүргізушілері жақсы біледі. Темір-терсектің қыр-сырын жетік меңгерген шебер әйел бұл салада ширек ғасырдан астам уақыт еңбек етіп келеді, деп жазады turkystan.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Көпшілік "ерлердің ісі" деп есептейтін ауыр салада Айзада Мейірбанованың жүргеніне ширек ғасыр толды. Бүгінде ол алып жүк көліктерінің ақауын компьютерлік диагностика арқылы тап басып таниды. Бір қызығы, кейіпкеріміз бастапқыда тігінші мамандығын меңгерген. Бірақ ине-жіптен гөрі, темір-терсектің тілі жанына жақын болып шықты. 2002 жылы ағаларының шеберханасында басталған қызығушылық, бүгінде негізгі кәсібіне айналған. Ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз әр жұмысын ынты-шынтысымен атқарады

"Бала кезде сатушы болғым келген негізі. Магазинде отырып сатушы болғым келген. Сол арман болып тұр ғой. Біреулер бар қызметіңді бағаламайды. Еңбегіңді бағаламайтын адамдар бар, біреулер айтады машинаңды тастап кет, ертең көрем, арғы күні істеп берем, оның арғы күні көріп берем деп. Мен сол машинаны алдым ба ертесіне азанда сағат 10-00-ға дайындап берем дедім ба, түнімен істесем де соны бітіріп берем. Менде ертеңге қалып кету деген жоқ. Ол мен үшін қасірет. Лажы болса клиетпен келістің ба, бітіріп беруге тырысу керек. Уәде - Құдайдың аты", - дейді Айзада Мейірбанова.

Темір тұлпардың тілін, қыр-сырын жетік меңгеріп алған Айзада күнделікті жоқ дегенде 4-5 көлікке қызмет көрсетемін дейді.

Кейіпкеріміз темір тұлпардың "ішкі құрылысын" жақсы біледі, сондықтан кез келген тетікті ауыстыру ол үшін қиындық тудырмайды. Әрине, қара күшті талап ететін мотор ашу секілді істерде ағалары демеу болады. Бір қызығы, шеберханаға алғаш бас сұққандар арудың біліміне сеніңкіремей тұрады екен. Алайда, тәжірибелі мамандардың тісі батпаған ақауды тап басып танығанда, Айзаданың нағыз майталман екеніне көз жеткізеді

"Енді ер кісілерден қарағанда әйел кісілер түсінікті ғып айтты ма өзім ойым сондай болды. Үтіріне, нүктесіне дейін түсіндіріп берді ғой маған, әрі тап басып, кеткен жерін маған көрсетіп ауыстырып берді. Құрметтейік бұл кісілерді. Былай қарап тұрсақ оңай емес бұл, ауыр техника. Күліш бұрау, болты бұрау әйел кісілерге қиындау", - дейді Түркістан қаласының тұрғыны Бекет Кенжебек.


Жарнама
Айзада Мейірбанованың кәсібі доңғалақ жамау мен май ауыстырудан бастау алған. Бүгінде "авто-дәрігер" атанған ол бұл жұмысты ағаларының қарсылығына қарамастан қолға алған. 2002 жылы базардағы сауданы емес, техника тілін түсінуді қалаған әйел ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз шешіміне еш өкінбейтінін айтады

"Қатты ұнады бұл жұмыс негізінде, ақшадан бұрын ше. Өзіме қызық болды. Өзіме қызық. Не нәрсе мысалы істеу керек па, соны істемейінше, үйренбейінше қоймаймын негізінде. Қайсысына қызығамын, соған қарай. Ал қызықпаймын ба, оны мүлдем үйрене алмаймын. Адамда өзі еп те керек, ынта да керек ананы үйренем деген", - дейді ол.

Өз кәсібіне деген шексіз махаббат Айзаданы алға жетелейді. Ол бұл жолдан айнымақ емес. Тіпті, болашақта шағын шеберханасын кеңейтіп, жүргізушілер үшін заманауи сервистік орталық ашуды армандайды. Қайсар ару өз мақсатына жететініне кәміл сенеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар