Алматыда 1 курс студенті университеттің 8-қабатынан секіріп кетті

/
Алматыда 1 курс студенті университеттің 8-қабатынан секіріп кетті
istockphoto.com

Алматы қаласында ұлттық университеттердің бірінің бірінші курс студенті оқу ғимаратының сегізінші қабатынан секіріп кетіп, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы жағдай 6 мамыр күні таңғы сағат тоғыз шамасында болған. Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бозбала мемлекеттік грант негізінде «Философия» білім беру бағдарламасының бірінші курсында оқыған.

«Университеттің психологиялық қолдау қызметінің дерегіне сәйкес, студент осы оқу жылы ішінде психологиялық көмекке жүгінбеген және мамандардың қабылдауында болмаған. Оның психоэмоциялық жағдайына байланысты қандай да бір шағымдар немесе алаңдатарлық белгілер тіркелмеген. Оқытушылардың айтуынша, студенттің үлгерімі жақсы болған, тәртіпке қатысты ескерту болмаған», — деп хабарлады оқу орны.

Университет өкілдері алда болатын сессияның бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ оқу орнының басшылығы марқұм студенттің отбасымен кездесіп, қайғыларына ортақтасып көңіл айтты және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы белгісіз. Аталған факі бойынша құзырлы органдар тексеру және тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қаладық полиция департаментінің мәліметінше, осы дерек бойынша Медеу ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары