Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушысы қараусыз қалған ғимараттан құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы жағдай 19 сәуір күні Алтай қаласында болған. Бір топ жасөспірім Промышленная көшесіндегі қараусыз қалған ғимаратқа барған. Бұрынғы нан зауытының ғимаратында жүрген қыздардың бірі едендегі ойықты байқамай, екінші қабаттан құлап кеткен.
ШҚО полициясының мәліметінше, 2011 жылы туған қызға ешкім қасақана қауіп төндірмеген, оқиға абайсызда болған. Соған қарамастан, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі («Абайсызда денсаулыққа зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Апаттық нысанның иесі анықталған.
Ауыр жарақат алған қыз Алтай ауданының ауданаралық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер одан ашық бас-ми жарақатын, ми ісінуін, бас сүйегінің жаншылған сынуын, субарахноидалды қан құйылуды, қабырғалардың сынуын және өкпенің соғылуын анықтаған. Балаға ота жасалған.
6 мамырдағы мәлімет бойынша, науқастың жағдайы әлі де өте ауыр. Ол жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған күйде жатыр. Басқа клиникаға тасымалдау әзірге мүмкін емес. Емдеу процесіне облыстық мамандар тұрақты түрде қатысып отыр.