Қорғастағы өрт: Қазақстанға жіберілетін 17 жүк көлігі жанып кетті

/
Қорғастағы өрт: Қазақстанға жіберілетін 17 жүк көлігі жанып кетті
видеодан скриншот

Қорғастағы уақытша сақтау қоймасында өрт шықты. Онда Қазақстанға жөнелтілуі тиіс тауарлар болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 5 мамыр күні таңғы сағат бестер шамасында Қытай жағындағы шекара аумағында болған. Өрт жүктерді қайта тиеу және жөнелтуге дайындау үшін пайдаланылған жеке қоймадан шыққан.

Өрт қойма ғимаратын тез шарпып, оны толықтай жойған. Соның салдарынан Қазақстанға шығуға дайын тұрған тауар тиелген 17 жүк көлігі өртеніп кеткен. Келтірілген шығын көлемі әлі нақтыланып жатыр.

Төтенше жағдайлар департаментінде «101» және «112» нөмірлеріне ешқандай хабарлама түспегенін айтты, себебі оқиға орны Қытай аумағында орналасқан. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт кезінде қойма ішінде адам болмаған, зардап шеккендер жоқ.

Панфилов ауданы әкімдігі бұл оқиға бойынша тергеуді Қытай тарапы жүргізіп жатқанын мәлімдеді, өйткені өрт Қытай аумағында болған.

«Оқиға Қытай Халық Республикасының аумағында болғандықтан, барлық тергеу әрекеттері мен қабылданатын шешімдер Қытай заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан тарапы Қорғас қаласының әкімдігімен, құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ шекара және кеден қызметтерімен тұрақты байланыста», — деп хабарлады әкімдік.

Сондай-ақ әкімдік өрттен зардап шеккен көлік пен жүк иелеріне өтемақы төлеу мәселесі Қытай заңнамасы аясында, оның ішінде сақтандыру және басқа да заңдық рәсімдер арқылы шешілетінін атап өтті.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары