Жамбыл облысында кене шаққан бір адам қайтыс болды

/
Жамбыл облысында кене шаққан бір адам қайтыс болды
istockphoto.com

Жамбыл облысында биыл кене шағуынан болған алғашқы өлім тіркелді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан Шу ауданының тұрғыны көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамандардың мәліметінше, ер адам мал шаруашылығымен айналысқан және медициналық көмекке дер кезінде жүгінбеген.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, өңірдің алты ауданында және Тараз қаласында инфекцияның табиғи ошақтары анықталған.

Мониторинг барысында мамандар шамамен 27 мың кене жинаған. Зерттелген 2,5 мың сынаманың 150-інен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының вирусы табылған.

Қазіргі уақытта облыстың 42 елді мекенінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, кене шаққаннан кейін инкубациялық кезең 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Алғашқы белгілер байқалған сәтте дереу емдеуді бастау қажет. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы арнайы вакцина жоқ. Бұл аса қауіпті инфекция болғандықтан, дер кезінде диагноз қойып, ем жүргізу өте маңызды. Себебі ауру белгілері тез дамиды.

Ведомство мәліметінше, маусым басталғалы бері өңірде кене шағудың шамамен 300 жағдайы тіркелген. Қауіпті инфекция бір жағдайда ғана расталды, ол науқас қайтыс болғаннан кейін анықталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары