Азаттықтың алтын арқауы

Азаттықтың алтын арқауы
сурет: e-history.kz

Биыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияға 35 жыл толды. 1990 жылы 25 қазан күні ҚазКСР Жоғары Кеңесінің Қаулысымен Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл Декларацияның қабылдануымен Қазақстанның егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Бұл құжат еліміздің ресми түрде дербес мемлекет болуына алғышарт болған алғашқы құқықтық іргетас екені анық. 

Осы күні кейбір замандастарымыз «Қа­зақстан өз тәуелсіздігін еш қиын­дықсыз, арпалыссыз, күрессіз алды. Кеңестер одағынан ең соңынан шықты» де­ген сөзді айтып қалады. Біздің жүріп өт­кен жолымызға қарасақ, тіптен олай емес екенін көреміз. Халқымыз ғасырлар бойы талай шырғалаң кезеңдерді бастан өт­керді. Отаршыл жүйеге қарсы жүздеген кө­теріліс болды. Тіпті, большевиктік би­лік­­ке қарсы 300-ге жуық көтеріліс өтті. Жұ­бан ақын айтқандай, осы жолда «мың өліп, мың тірілді». Азаттықты аңсаған ха­лық өз мақсатына жетпей қоймай­ты­нын тарих көрсетті.
Мен сол тұста Egemen Qazaqstan газе­ті­нің қызметкері едім. Бас редакторымыз Шерхан Мұртазаның арнайы тапсыр­ма­сымен газеттің парламенттік тілшісі бол­дым. Күн сайын Жоғарғы Кеңесте болып жат­қан жиындардан репортаж жаза­тын­быз. Депутаттардан сұхбат алушы едік.
Сондықтан бүгінгі жас ұрпақтың қа­періне бірнеше мәселені сала кеткім ке­леді. Ол тұста КСРО деген алпауыт мем­ле­кет бар еді. Он бес республика түгел Мәс­­­­кеудің қас-қабағына қарайтын. Аты одақтас бол­ғанымен заты шикізат шылауына бай­ланған, барлық мәселе орталықтан ғана ше­шілетін кезең. Түсінікті болу үшін ай­тайын: мәселен, Алматыдағы Ташкент, қа­зіргі Райымбек көшесінен газ тұрбасын тар­ту үшін рұқсатты Мәскеу беретін.
Осындай алмағайып кезеңде Егемен­дік туралы Декларацияны әзірлеп, табан­дап тұрып қабылдау көзсіз ерлікпен па­ра-пар нәрсе еді. Үрей мен үміт қатар ал­мас­қан кезең болатын. Әйтсе де, КСРО-ның шегесі босап, одақтас елдердің егемен ел болуға деген құлшынысы арта бастаған сәт. КСРО қайта құру кезеңін бастағанда Бал­тық елдері ретімен өз дербестігін алып жат­ты. Осындай ұрымтал тұста Қазақ КСР Жоғары Кеңесі арнайы комиссия құрып, оған академик Салық Зиманов төрағалық етіп, Егемендік декларациясын дайын­дау­ға кірісті.
Бұған дейін Целиноград қаласында республиканың барлық өңірінен өкіл­дер қатысқан славян съезі өткен бола­тын. Онда бірқатар саяси талаптар қойыл­ды. Съезд делегаттары Целиноградты сла­вян­дардың орталығы деп жариялады. Рес­публика билігіне орындалмас талаптар қой­ды. Бұл саяси алаңда шиеленісті кү­шейіп, түрлі пікірталасты өрбітті. «Бізге ұл­таралық араздық шақыратын мұндай дек­ларациялардың қажеті жоқ» дегендер де болды. Жоғарғы Кеңес орналасқан ғи­мараттың маңында күн сайын ереуілдеген адам­дар қарасы үзілмейтін.
Американың азуын айға білеген атақ­ты саясаткері Бзежинский «Қазақстан дер­­бес ел бола алмайды, өйткені мұнда жүз­­де­ген ұлт пен ұлыс тұрады, олардың бас біріктіруі мүмкін емес» деген тұрғыда сәуе­гейлік жасап жатты. Бұған Солже­ни­цын секілділердің сандырағы қосылды.
Егемендік туралы Декларация 17 тар­мақтан тұрды. Ең бастысы онда Қа­зақстан халқы Қазақ КСР-індегі еге­мен­діктің жалғыз иесі және мемлекеттік би­ліктің қайнар көзі деп танылды. 
«Жалпыға бiрдей адам праволары дек­ларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып, қазақ ұлты­ның тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғы­на отырып, iзгiлiктi демократиялық пра­волық мемлекеттi құруға бел байлауды не­гiзге ала отырып, Қазақ Советтiк Социа­лис­тiк Республикасының мемлекеттiк еге­мендiгiн жариялайды және осы Дек­ларацияны қабылдайды» деген сөздер бар еді. Осындағы «Қазақ ұлтының тағдыры үшін» деген сөз Декларацияның алтын ар­қауы болды.
«Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу пра­во­сын өзiнде сақтап қалады». Де­ла­ра­ция­дағы осы тұжырым бүгінгі тәуелсіздіктің жар­шысы болды. Бұдан кейінгі бапта «Қа­зақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қор­ғау және нығайту жөнiнде шаралар қол­данады» деген сөздер жазылды. Осы­лай­ша, елдік пен мемлекеттіліктің ай­шық­ты талабы қуаттандырылды.
Декларацияда «Қазiргi шекарасындағы Қа­зақ ССР-інің территориясы бөлiнбейдi жә­не оған қол сұғылмайды, оның келi­сi­мiн­сiз пайдалануға болмайды.
Қазақ ССР-інің мемлекеттiк өкiмет би­лiгi Республика iшiнде, сондай-ақ Одақ­тық шартта белгiленген шеңберде сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық бо­лады.
Қазақ ССР-і Республикадағы саяси, эко­номикалық, әлеуметтiк және ұлттық-мә­дени құрылысқа, оның әкiмшiлiк-тер­риториялық құрылымына байланысты бар­лық мәселелердi дербес шешедi, мем­лекеттiк өкiмет және басқару орган­да­ры­ның құрылымы мен компетенциясын, сон­дай-ақ Республиканың символдарын бел­гiлейдi.
 Қазақ ССР-і өз территориясында Рес­пуб­ликаның егемендi праволары мен Конс­титуциясын бұзатын Одақтың заң­дары мен оның жоғары органдарының бас­қа да актiлерiнiң қолданылуын тоқ­та­та тұруға праволы.
Қазақ ССР-і Республикадан тыс жер­лер­де тұратын қазақтардың ұлттық-мә­дени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қа­нағаттандыруға қамқорлық жасайды.
Қазақ ССР Жоғарғы Советi мен Қазақ ССР Президентіне бағынатын және со­лар­д­ың бақылауында болатын өз iшкi әс­кер­лерiн, мемлекет қауiпсiздiгi және ішкi iс­тер органдарын ұстауға, Қазақ ССР-нің пра­восы бар.
Қазақ ССР-і одақтық органдардың, одақ­тас республикалардың және өзге мем­лекеттердiң iс-қимылынан, сондай-ақ өз территориясындағы ядролық және бас­қа полигондардың, әскери-өнер­кә­сiп­тік кешен объектiлерiнiң қызметiнен Рес­­­­­­­публика халқының денсаулығына, та­биғи ортасы мен экономикасына кел­тiрiл­ген зиянды өтетіп алуға праволы.
 Республиканың егеменді праволарын қор­ғауды Қазақ ССР-і мен Одақ жүзеге асы­рады. Республиканың ажырағысыз пра­­восын құрайтын мәселелерді шешуге ара­ласудың қандайы болса да оның еге­мендігін бұзу деп бағаланады.
Қазақ ССР мемлекеттік егемендігінің сим­волдары – герб, жалау, гимн – қасиетті бо­лып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланады» де­ген тармақтар қазіргі Тәуелсіздігіміздің ал­тын тұғыры болды.
Жоғарғы Кеңесте барлық сауалға дәлелмен сенімді түрде жауап берген комиссия төрағасы Салық Зиманов ақсақал болатын. Өзі соғысқа қатысқан, жасы келген азамат «отырып жауап бер­сеңіз де болады ғой» деген сөзді елең қыл­мастан 8 сағат табандап тұрып әр сұрақ­қа егжей-тегжейлі, дәлел мен дәйекті жауап берді. Сол кезде Жоғарғы Кеңестің құрамында болған Әбіш Кекілбайұлы, Сұлтан Сартаев, Марат Оспанов тәрізді азаматтардың да  еңбегі ерекше болды. Осын­дай ұлтжанды көптеген азаматтың тәуекелі мен қарым-қабілеті, ақылы мен са­быры өз жемісін берді. 1990 жылы 25 қазанда дауыс беру нәтижесінде Жоғарғы Кеңес «Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасының Мемлекеттік егемендігі ту­ралы» декларациясын қабылдады.
Декларацияға 18 адам қарсы дауыс берді. Олардың кім екені стенограммада бар. Кейінірек солардың біразы өздерінің саяси көзқарастарын өзгертіп, Тәуелсіздік мұ­ратына қызмет етті. Қасарысып, қай­қайып кеткендері де бар...
Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі ту­ралы Декларациясы еліміздің толық­қан­ды тәуелсіз мемлекетке айналу жо­лын­дағы алғашқы әрі аса маңызды құ­қықтық негіз болды. Әрі батыл және ре­с­ми кеңес жүйесі аясында болса да, респуб­ли­ка өз заңдарын қабылдауға, ішкі және сырт­қы саясатты жүргізуге құқығы бар еке­нін жария етті. Декларацияда Қа­зақ­стан Конституциясы мен заңдарының рес­публика аймағында үстемділігі бе­кітілді. Ең басты алғышарт – эко­но­ми­ка­лық дербестік талаптары еді. Еліміз өз та­биғи ресурстары мен экономикалық-әлеу­меттік әлеуетіне толық ие екенін жа­риялады. Ұлттық мәдениет, тіл, дін мә­селелерінде дербес саясат жүргізетінін мә­лімдеді. Республикамыз басқа мем­ле­кеттермен тікелей халықаралық қарым-қа­тынас орнатуға ұмтылатынын білдірді. 
1991 жылы 16 желтоқсандағы «Тәуел­сіздік туралы» Конституциялық заң осы Декларация негізінде қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның шынайы тәуелсіз мем­лекет болуына апаратын құқықтық жә­не саяси іргетас деуге болады. Сонымен қа­тар егемендіктің алғашқы батыл қа­дамы болған демократия халық арасында ұлт­тық сана-сезімді оятты, азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арт­тырды. «Тәуелсіздік туралы Консти­туция­лық заң қабылданған күннің ертесіне сол кездегі Түркия Премьер-Министрі Тұрғыт Өзал құттықтау жеделхатын жолдап, Қа­зақстанды егемен ел болуымен құт­тық­тады. Сөйтіп, біртіндеп әлемнің 160 елі рес­публиканың егемендігін мойындап, қар­ым-қатынас орнатуға мүдделі екен­діктерін жеткізіп жатты.
Қазақстан көп ұзамай Біріккен Ұлттар Ұйы­мына 1992 жылы 2 наурызда мүше бо­лып қабылданды. Басқа да халықаралық ұйы­мдарға мүше болды. 
Ұлттық келісім мен этносаралық та­тулық идеясы еліміздің саяси-құ­қықтық тарихында алғаш рет Деклара­ция­да айқын көрініс тапты. Тәуелсіз мемлекеттің болашағы – ел ішіндегі бірлік пен өзара сенімге, әр этностың тең құ­қы­лы дамуына да байланысты. Сондықтан Бзе­жинскийдің болжамы теріске шықты. «Қан­ды қырғын» орнына Қазақстан хал­қы Ассамблеясы құрылды. 
Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы кү­ні­нен бастап көпвекторлы сыртқы саясат ұс­танды. Яғни, Батыс, Шығыс, Ресей, мұ­сыл­ман елдері, Азия елдерімен тең дең­гейде қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтты. 1991 жылы Семей ядролық сынақ по­лигоны жабылды. 1994 жылы еліміз ядро­лық қарудан толық бас тартты. Еліміз халықаралық қауымдастықтың құрметіне  ие болды. Мемлекеттік шекара туралы Ре­сеймен, Қытаймен, Орта Азия елдерімен ар­найы келіссөздер жүргізіп, толық ше­шімге қол жеткізілді.  Қысқа мерзімде Ре­сей, Қытай, АҚШ, Еуропа елдерімен сау­да-экономикалық байланыстар жолға қойылды.
Ендігі кезекте Егемендікті орнық­тыру­ға білікті кадрлар керек болды. Кеңес ода­ғының дипломатиялық саласында қыз­метте жүрген тәжірибелі ұлттық кадр­лар елге шақырылып, жауапты лауазым­дар­ға тағайындалды. Солардың сапында қа­зіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар еді. Сондай-ақ Нағашыбай Шай­кенов секілді тағы басқа көптеген аза­маттың тәуелсіз мемлекетіміздің дип­ло­матиялық, құқықтық, ғылыми әлеуетін, дәрежесін, кәсібилігін арттыруға қосқан үлесі өлшеусіз.
Республика күні – еліміздің басты жә­не жалғыз ұлттық мерекесі. Ұлт­тық мереке деп – тарихи маңызы жоғары, Қазақстанның мемлекеттігіне ерекше ық­пал еткен оқиғаларды атаймыз.
Декларация қабылданғаннан 5 жыл кейін 18 қазанда ҚР Президенті Жар­лы­ғы­мен 25 қазан – Қазақстан Республика­сы­ның Ұлттық мерекесі – Республика кү­ні, деп жарияланды. Әйтсе де, «Мереке кө­бейіп кетті» деген желеу себеп болды ма, 2009 жылдың 22 сәуірінен бастап Рес­публика күні Президент Назарбаевтың Жар­лығымен аталып өтпейтін болды. 13 жыл­дан кейін, яғни, 2022 жылдың 29 қыр­күйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күні» мереке­сіне Ұлт­тық мереке мәртебесін қайтарды.
Бұл өзгерістің бастауы 2022 жылдың мау­сымында Ұлттық құрылтайдың бірін­ші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлт­тық мереке мәртебесін қайтаруды және тәуелсіздік күнін мемлекеттік мере­келер тізіміне енгізу ұсынысымен бастау алған болатын. «Республика күні елдің мем­лекет құру жолындағы тарихи қада­мы­ның символы болуы керек. Әрине, Тәуел­сіздік күнінің бастапқы мәні сақта­лады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағ­зым күні ретінде атап өтілуі керек», – де­ген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлт­тық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Рес­публика күнін мемлекеттік мереке мәр­те­бесіне қайтаруды «маңызды және тарихи ше­шім» деп атады. «Осы заңға сәйкес 25 қазан – Республика күні мем­ле­кеттік ме­ре­ке болып бекітіледі. Бұл – та­рихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен бас­талады. Сон­дықтан бұл күнді мемле­кет­тік мереке ре­тінде бекіту мемлекеттілік пен еге­мен­дік тұрғысынан маңызды қа­дам болып табылады. Болашақта бұл ме­ре­ке тәуел­сіз­дікті дәріптеп, нығайтуға сеп­тігін тигі­зе­ді деп сенеміз» деген бо­ла­тын.
Сондықтан елдігіміздің бастауы, Тәуел­сіздіктің жаршысы – Егемендік тура­лы Декларация қабылданған күн жал­пыұлт­тық ұлық күн! Turkystan газеті ар­қылы барлық Қазақстан азаматын мерей­лі мерекемен құттықтап, отбастарына шаттық, бақ-береке тілеймін.

Нұртөре ЖҮСІП,
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары