Есен Бидайбеков: Информатиканы ана тілінде оқытуды қолға алған – біз

Есен Бидайбеков: Информатиканы ана тілінде оқытуды қолға алған – біз

Бар ғылымның негізі – ақпарат. Cоны тиімді пайдалану арқылы білім де, ғылым да өркен жаятыны – аксиома. Бүгінде ақпараттық технология саласы қатты дамығаны сондай, онсыз өмірімізді елестете алмайтын жағдайға жеттік. Ол бізге қалай келді, қалай дамыды? Қазіргі жасанды интеллект дәуірінде информатиканы қалай оқып, игеру керек? Ресей білім беруді ақпараттандыру академиясының және Қазақстан Республикасы халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, математика профессоры Есен Ықыласұлы Бидайбековпен әңгімелесіп, ақпараттық технологияның өткені мен бүгіні, болашағы жайында көкейде жүрген сауалдарға жауап алған едік.

– Сіз елімізде информатика сала­сы­ның пайда болып, қалыптасуының ба­сын­да тұрған ғалымдардың бірісіз. Пе­дагог-ғалым ретінде информатика са­ласының мамандарын дайындау мен оны орта мектепке пән ретінде енгізуге көп еңбек сіңірдіңіз. Айтыңызшы, бұл са­ланың негізі бізде қалай қаланып, қа­лыптасты?

– Жалпы, қандай жаңалық болса да ол тек­тен тек пайда болмайды ғой. Ин­фор­ма­ти­ка да сондай. Әлемнің прогрессивті ға­лымдары информатиканың қандай пайдалы екенін сезді, болашағын дұрыс болжады.
Жалпы, информатика ұғымы ХХ ғасырдың 40-жылдарынан басталады. 1940-1950-жылдарда АҚШ пен Еуропада ал­ғаш рет есептеу техникасы мен ақпаратты өңдеу жүйелері дамыған кезде қалыптасты. Информация және автоматика сөздерінің біріктірілуінен жасалған «Информатика» тер­мині 1960 жылы француз тілі арқылы еніп, алғашында ол «ақпаратты автоматты өң­деу» мағынасында қолданылған. Термин ре­тінде ЭЕМ (электр есептеу машинасы) көмегімен ақпаратты автоматтандырылған өңдеу саласын белгілеу қажеттілігінен пайда болды. Ал кең тұрғыдан информатиканың бізге келуі жайлы айтатын болсақ, ол өткен ға­сырдың 80-жылдарының ортасынан бас­талды.
Үлкен жаңалық үлкен өзгерістердің тұ­сын­да басталады ғой, КСРО билігіне М.Гор­бачев келгеннен кейін саясат өзгерді. Ұзақ жыл бойы коммунистердің әсіреқыра­ғы­лы­ғы­ның кесірінен еліміз көптеген салада за­ман талабынан артта қалып қойған еді. Гор­­­­бачев мемлекет басшысы ретінде шет­ел­дер­ге шығып жүріп, соған көзі жетті деп ой­лаймын. Міне, сол кезде оның ин­фор­ма­тика саласының АҚШ-та, Еуропа елдерінде да­­мығанын, сол арқылы көптеген жетістікке же­тіп жатқанын байқаған болуы керек, 1985 жылы бірден бұл саланы дамыту жөнінде мә­селе көтерді. Информатика саласының да­мыту керек, оны мектептен бастау керек де­ді. Өйткені өмірге қажет қай саланы да бү­кіл халық болып игермесе болмайды. Біз де сол кезден бастап араласа бастадық. Әри­не, информатика қажет деп жарияға жар сал­масақ та, оның дамуы көп нәрсені ше­ше­ті­нін сезетінбіз. Сондықтан бұл істі қолға алып, білімге енгізуге атсалыстық. Сол тұста Кеңес одағындағы информатиканың әдіс­те­ме­сін жасау комиссиясының Орта Азия мен Қа­зақстан бойынша жалғыз мүшесі болдым. 
Жалпы, информатикамен одан бұрын да шұ­ғылданған адаммын ғой, 1967 жылы Қаз­ҰУ-ды бітірген соң сондағы Есептеу ма­те­ма­ти­касы кафедрасының лабороториясында ма­тематик-бағдарламашы болып 3 жыл жұ­­­мыс істегем, сондай-ақ Новосибирскідегі Есеп­теу орталығында аспирантураны оқы­ғам. Сол тұста белгілі математик ғалым, Кеңес одағында теориялық және жүйелік бағ­­­дарламалаудың бастаушыларының бірі, Сі­бір информатика мектебінің негізін са­лушы, КСРО ҒА академигі А.Ершов сонда іс­тейтін. Информатиканың жайын солардан көріп-біліп жүрдік. Бізде де осы саланы те­зірек меңгеру керек, әйтпесе бұл ин­фор­ма­ти­­­­кадан артта қалып қоюымыз мүмкін-ау деп ойлайтынмын.
Сонымен информатика пәнін мектепке енгізуді бастадық, оған әлгі академик Ершов бас­­­шылық жасады. Ол кісі бағдарлама жа­са­ды, оқулық жазды. Оқулықта, әрине, бағ­дар­ла­ма жасау үйретіледі. Бірақ ол кісінің бағ­дар­ламалау тілі орыс тілінде болды. Шамасы, бағ­дарлама тілін орысша дамытып, барлық жерге солай енгізгісі келген болуы керек. Бірақ біз оны қазақшалап жібердік, яғни, сол кез­дегі 15 одақтас республиканың ішінде ин­форматиканы орыстан кейін ана тілінде оқы­туды, бағдарламаға жасауды өз тілінде қол­ға алған біз. Ол оңай болмады, бір­аз қиындықтар болды. Орыстар оны бү­гінде жасап бітті. Сол кезде Ершов бұл са­ланы орыс тіліне көшіріп, орыс тілінің әлем­­­­де қанат жаюын ойлаған шығар, ол үшін оны жазғыруға болмас. Өзінің жасаған алгоритмі ағылшын тілінде жасалған алго­ритм секілді қала ма деп ойлаған ғой. Сол мақсатын біз информатиканы қазақшалап бұзып жібергендей болдық.
Негізі ол кісімен қарым-қатынасымыз жақ­сы еді. Кездесіп, сөйлесіп тұратынбыз. Кейін бірде жолыққанымызда амандаспай қой­ғаны бар, шамасы, біздің информатиканы қа­зақшалап оқытуға бел байлағанымызды ұнат­пай, қыр көрсеткені шығар. Өйткені өз­гелер де бізден көріп, информатиканы өз тіл­деріне аудара бастады ғой. Соған ана кі­сінің көңілі түсіп қалған болса керек. 
Сөйтіп информатиканың қазақшалануы біз­де бұл саланың дамуына үлкен әсер етті. Орыс тіліндегі информатика оқулығын қа­зақ­­шаладық, өзіміз оқыту методикасын жа­­­­садық, өзіміз оқулықтар жаздық. 

– Дегенмен 90-жылдардан кейін бі­раз уақыт информатикаға байланысты оқулық жасау мәселесі тоқырап қалған­дай көрінетін сияқты. Компьютерлер дамып, жүйелік бағдарламалар жаңа­рып жатса да біраз уақыт бойы мек­теп­терде ескі оқулықтардың пайда­ла­ны­лып жүргенін көзіміз шалып еді...

– Одақ тараған соң әркім өз жөнімен кет­ті ғой, алдында бәріміз ойласып, кеңе­сіп жұмыс істедік. Біздің бұл саладағы қада­мы­мыз жаман болған жоқ. Ал тәуелсіздіктен кейін оқулық жасағыштар көбейіп кетті. Әр­­кім әр жаққа тартып, әркім өз нұсқасын ұсы­­нып жатты. Біреу ана елдің оқулығын не­­гізге алайық дейді, біреу тағы бір елдің үл­­гісін ұстанғысы келеді. Сөйтіп информа­ти­каны оқытуда біраз тоқыру болғаны шын­дық. Бірақ кейін жөнделе бастады. Де­ген­мен оқулық та соңғы жаңалықтарды қам­тып, заман талабына жауап бергені жөн ғой. Ол үшін бәріміз бірігіп отандық оқу­лық­ты, оқу жүйесін дамыту қажет.

– Қазір ақпараттық технология за­ма­ны, сондықтан компьютерді баяғы­дай арнайы мамандар үйретпей-ақ жұрт­тың өзі игеріп жатыр. Әрине, білім ал­май IT-маман болып, код жазу, бағ­дарлама немесе түрлі қосымшалар (application) жасау қиын шығар, бірақ елдің бәрі компьютердегі дайын бағ­дар­ламалармен жұмыс істей алады. Сон­дық­тан болар, кейінгі кезде орта мек­теп­те информатика пәнін арнайы оқы­­­­тудың қажеті жоқ деген пікірлер айтылып қа­лып жатады. Бұған не дейсіз?

– Информатика деген компьютерді мең­геруден тұрмайды ғой, компьютер оның бір са­ла­сы ғана. Сондықтан информатиканың әліп­песін меңгермей тұрып, ақпараттық технологияны игеру қиын. Информатика – ғы­лым, оны ғылыми тұрғыдан үйренбей тұ­рып адам ненің пайдалы, ненің пайдасыз еке­нін біле бермейді. 
Мысалы, қазір жасанды интеллекет (ЖИ) дамып жатыр. Ол қайдан келді, әрине ин­форматиканың дамуы арқылы келді. Сол үшін информатикаға іргелі ғылым ретінде қарамасақ, ол әшейін жай бір білім болады да қалады. Оған адамдарды дайындап, дұрыс ба­ғыт беру қажет, техникалық қана емес, пси­хологиялық тұрғыдан дайындау керек.

– Бүгінде әлем болып қолға алып жат­қан жасанды интеллект мәселесіне қа­лай қарайсыз?

– Ешбір жаңалық ғайыптан пайда бол­майды, оған ғылым мен ізденіс әсер етеді. Жа­санды интеллект дәуірі басталған екен, ен­ді басқалармен бірге біз де соған бет бұ­руы­мыз қажет. Бұған бізде қазір мемлекеттік деңгейде мән беріліп жатқаны қуантады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жолдауын «Жасанды ин­тел­лект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мә­се­лелер және оны түбегейлі цифрлық өзгеріс­тер арқылы шешу» деп тектен-тек атаған жоқ. Қазақстан Президенті әлемнің қайда бара жатқанын анық көріп-біліп, болашақты бол­жап отыр. Сондықтан жолдауда еліміздің бас­шысы: «Жасанды интеллектінің қар­қын­ды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жас­тардың мінез-құлқы мен болмыс-біті­мі­не әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалып­тас­қан тәртіпті және адамдардың өмір сүру сал­тын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын бо­лып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе арт­та қалудың салдары өте ауыр болады. Сон­­дықтан мен алдымызға өте маңызды ст­ратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.
Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу ар­қылы экономиканы жаңғыртуымыз қа­жет» деп қадап айтты. Жай айтып қана қой­ған жоқ, ел үкіметіне тез арада арнайы ми­нистр­лік құруды тапсырды. Сөйтіп аз уа­қыт­тың ішінде  Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, оның бас­шысы тағайындалды. 
Ал осындай жағдайда информатиканы оқыт­пау мүмкін бе? Ол іргелі ғылым ретінде пай­да болып, өмірдің барлық саласын циф­рандыруға және көріп отырғанымыздай, бү­гінгі жасанды интеллекттің пайда болуына жет­кізді.

– Жасанды интеллекттің мүмкіндігі зор екенін көріп отырмыз, ол көптеген салада адамның жұмысын жеңілдетіп, өте ыңғайлы көмекші болып жатыр. Бер­ген тапсырманы мүлтіксіз орындап, бізге мәтін жазып, сурет салып береді, түр­лі сұрақтарымызға жауап беріп, бі­лімізді толықтырады, т.б. Тіпті айти-ма­мандар ғана жасайтын бағдарлама жа­сау ісінде де көп көмегін тигізіп жатыр. Мұн­дай жағдайда, егер біз оны толық пай­далануға көшсек, әлгінде айтқандай, информатиканы мектепте оқытудың ра­сымен қажеті болмай қалмай ма?

– Жасанды интеллектті адам жасайды, оны оқытады, үйретеді. Демек, бәрібір адам­ның көмегінсіз ештеңе өнбейді. Жасанды интел­лект адам жасаған білімді пайдаланады, сол арқылы қабілетті болады. Ендеше оны дайын­дайтын мамандарды оқыту қажеттігі тумай ма? Сондықтан информатика пәні бі­лім беру саласында ешқашан артық пән бол­майды. Біз информатика пәнін оқыту ар­қылы халыққа дұрыс білім беріп, ақпа­рат­тық технологияға, жасанды интеллектке бағ­­­­дарлаймыз. 
Жасанды интеллект бізге бәрін жасап бермейді, оның қабілетін күшейтетін, өмірге пайдалы ететін өзіміз. Демек, әлгіндей информатиканы оқытудың заманы өтті деп жүргендер тым таяз ойлайтындар. Қай сала болса да оның тиімді не тиімсіздігін зерттеп анықтайтын ғылым, ал ғылымды назардан тыс қалдырсақ, кері кету басталады. Өйткені ғылым дамып, ілгерілеп отыруға қызмет етеді.

– Дұрыс екен. Енді мынаны айтыңыз­шы, біз компьютерлендіру заманын көр­дік, ақпараттық технология дамы­ған заманда өмір сүріп, соның жетістігін пайдаланып жатырмыз. Бірақ сол са­лада үлкен жетістікке жеткен елдер жа­­­саған құралдарды тұтынушыға ай­налу­мен жүрдік. Енді міне жасанды ин­тел­лектке қол созып жатырмыз. Қа­лай ойлайсыз, бұл саланы меңгеруге ке­шігіңкіреп қалмадық па?

– Кезінде кешіккенбіз, енді кешікпейміз. Ин­форматика ғылымы әлемде дамып жат­қан­да бізде аздаған тоқырау болғаны рас, бір­ақ кейін оны ел қатарлы игеріп кеттік. Со­ның арқасында елімізден көптеген жас ма­ман шықты. Әлемнің алпауыт цифр­лық компанияларында табысты еңбек етіп жүрген талантты жастарымыз бар. Тіп­ті, енді дамып келе жатқан жасанды ин­тел­лект саласында да оны тез игеріп, өз өнім­­­де­рін ұсынып жатқан мықты маман­дары­мыз 
бар. 
Елімізде ақпараттық технология сала­сын­да көзге көрініп жатқан білікті маман­дар­ды толық дәрежеде тек біз дайындап шы­­­­ғардық демесек те, оларды бұл салада қа­нат­тануына еліміздің білім беру саласы әсер еткені анық. Кім болса білімнің негізін өз елінде алып, іргетасын сол жерде қалап ал­маса әрі қарай дамытып әкетуі қиын.
Бізде спорт, өнер саласында жетістікке жет­кендер көзге жылдам түседі ғой, ал ғы­лым­да қандай жетістікке жетіп жатқа­ны­мыз­ды көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бірақ ма­тематика, физика, химия салаларында ха­лықаралық олимпиадаларда алтын медаль алып, жеңімпаз болып келіп жатқан жас­тарымыз аз емес. Бұл – отандық білімнің же­тіс­тігі. Әрине, ғылым саласында ұстаздық ету деген өзге салалардағыдай емес, ғылымда әр адам жеке ізденіп дамиды, бастысы соларға дұрыс бағыт берілсе болғаны.
Сосын технологияның дамуы да көп мә­селені шешеді. Құр білім алу бар да, оны тә­жірибеде қолданып, өндіріске енгізу басқа нәрсе. Бұл жағынан алғанда біз алға шығып кетпесек те, ілгерілеу бар.
Мәселен, еліміздегі барлық салалардағы цифрландыру ісін отандық мамандар жасап жатыр. Ол – үлкен жетістік. Фактімен айтатын бол­сақ, цифрландыру саласында өт­кен жы­лы Қазақстан 64 елдің ішінде 34-орынға кө­терілген. Сондай-ақ UN Е‑Government Development Index (EGDI) бойынша Қазақ­стан әлемде 24-орынға шығып, Орталық Азия мен ТМД бойынша көш бастап тұр. Ақ­параттық технологияға қатысты өзге де рей­тингтер бойынша алда келеді. Бұл біздің ғы­лым һәм білім саласын­дағы әлеуетімізді көрсетеді.

– Жасанды интеллект туралы тағы бір сұрақ қойғым келіп отыр: жасанды ин­теллекттен келетін қандай да бір қауіп бар ма?

– Зерттеліп, сынақтап өткізіп жасаған нәр­сенің қай-қайсысы да адам үшін пайдалы бо­лады. Адам болған жерде конспиро­логия­лық болжамдар, жаңа нәрсенің пайдасымен бірге зиянын ойлаушылық болмай тұрмайды. Мысал үшін айтсақ, 2024 жылы Нобель сый­лы­ғын алған компьютер ғалымы Джеффри Хин­тон бірнеше жыл бұрын өзі жасаған де­ректерді сақтауға және алуға болатын үл­гіге сәйкес келетін нейрондық желінің бо­ла­шағынан қауіптенген. Ол ЖИ болашақта апат­ты оқиғаларды тудырып, адамзаттың жойы­луына жеткізуі мүмкін деп ойлаған. 
Әрине, қай нәрсе де қауіпті болуы мүм­кін, егер дұрыс жасалмаса. Ал бір қызы­ғы, бүгінгі жастар ЖИ-ден қорықпайды, керісін­ше оны жақсылап оқытып, өздеріне қызмет еткізгісі келеді. Жалпы жаңалықтың мәнін түсінбегендер, оны пайдалы іске қолдануды білмегендер қорқады. Былайша айтсақ, қазір электрсіз өмірімізді елестете аламыз ба? Бірақ токтың өзін абайлап байқамаса адам­ды өлтіретін күшке ие. Бірақ солай екен деп электр энергиясын тұтынбай отыра аламыз ба? Сол сияқты цифрландыру өміріміздің бар­лық саласына еніп кетті, бірақ сол арқы­лы алаяқтар адамдарды алдап, ақшасын алып кетіп жатқан жағдайлар кездеседі. Со­дан қорқып телефонды, компьютерді пай­даланбай отыру мүмкін бе мына заманда? Сол үшін ЖИ-ге де дұрыс қарау керек, оны адам игілігі үшін пайдалануды білу керек.
Болашақта кванттық компьютерлер шы­ғады деп жатыр, оның жұмыс істеу тәсілі қа­зіргі компьютерлерден мүлде басқаша бо­лады, ақпаратты өңдеуі мен оның дұрыс, тері­сін анықтауы тез әрі дәл болады. Оған да дағдылануға тура келеді. Бұл ғылымның да­муы. Ғылымда кері кету жоқ, тек ілгерілеу ғана бар. Сондықтан алдағы кезде ғылым-бі­лім мен технологияның бұрынғыдан маңызды бола түстетіні сөзсіз. Демек, бәріміз бел­гілі бір дәрежеде ғылымды игеріп, заман­мен бірге өрісімізді кеңейтіп, жаңалықтарды тез түсініп қабылдауға, игеруге дайын тұруы­мыз керек!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары