Осы аптада Ұлттық Банк цифрлық теңгеге байланған алғашқы стейблкоинді іске қосты. Сынақ режимінде.Реттеуші бұл бастаманы дәстүрлі қаржы инфрақұрылымы мен жаңа цифрлық шешімдерді ұштастыруға жасалған қадам деп бағалап отыр. Стейблкоин криптовалютаны теңгеге байланған активке айырбастауға, сондай-ақ криптокарталар арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.
Стейблкоинді Intebix компаниясы (АХҚО-да тіркелген цифрлық активтер биржасы) Solana блокчейн-платформасы, Mastercard төлем жүйесі Еуразиялық банкпен бірлесіп әзірлеген.
Ұлттық Банктің түсіндіруінше, мұндай құрал дәстүрлі қаржы инфрақұрылымын цифрлық шешімдермен ұштастырып, криптовалютаны теңгеге байланған стейблкоинге айырбастауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ криптокарталар арқылы сауда операцияларын жүргізу арнасы кеңейеді.
– Былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық қаржы өнімдерінің әлеуетін толық пайдаланып, іске қосуды тапсырды. Биыл Ұлттық Банк цифрлық активтерді реттейтін сынақ алаңын іске қосып, заңнамаға оның жұмыс істеуіне қажет түзетулер әзірлеген болатын. Қазір реттеуші сынақ алаңы аясында төрт бағыт бойынша сегіз пилоттық жоба іріктеліп алынды, оның алғашқысы – Қазақстан стейблкоині, – деді Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов баспасөз брифингінде.
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында да, биыл да цифрлық активтер нарығын дамыту туралы бірқатар тапсырма берген болатын. Ал оның алғышарты цифрлық теңгенің қолданыс аясын кеңейту екені де айтылған еді.
– Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастырған жөн. Цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазір жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек екеніне де тоқталды.
– Ұлттық Банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн. Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады, – деді Президент.
Жалпы, стейблкоинді іске қосу ҚҰБ-тың цифрлық активтер нарығын дамыту және ұлттық цифрлық экожүйе қалыптастыру стратегиясына кіреді. Бұған дейін, маусым айында, ҚҰБ криптовалютаны бір мезетте теңгеге конвертациялау арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін криптокарталар жобасын сынақтан өткізген болатын.
Қазіргі уақытта реттеуші сынақ алаңы төрт бағыт бойынша сегіз пилоттық жобаны қамтып отыр. Стейблкоин соның алғашқыларының бірі саналады.
Стейблкоин деген не?
Кейінгі кезде әлемдік қаржы нарығында криптовалюталар кеңінен таралып, инвесторлардың ғана емес, қарапайым азаматтардың да назарын аударды. Алайда олардың басты мәселе-сі – құбылмалылығы. Биткоин немесе эфириум секілді цифрлық активтердің бағасы тәуліктің өзінде ондаған пайызға өзгеріп отырады. Мұндай жағдайда оларды күнделікті төлем құралы ретінде пайдалану қиын.
Осы олқылықты жою үшін стейблкоиндер пайда болды. «Stable» – тұрақты, «coin» – монета деген мағына береді. Яғни, стейблкоин – құны нақты бір активке немесе валютаның бағамына байланған цифрлық ақша. Мысалы, АҚШ долларына, еуроға немесе алтынға бекітілген стейблкоиндер кең таралған. Мұндай байлам олардың құнын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Стейблкоиннің басты артықшылы-ғы – олар криптовалюталардың жылдамдығы мен барлық игілігін сақтай отырып, дәстүрлі валюталардағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Яғни, бір жағынан оларды онлайн-төлемдерге, трансшекаралық аударымдарға қолдануға болады, екінші жағынан күрт құбылулар әсер ете бермейтіндей тұрақты болады.
Ұлттық Банк теңгеге байланған алғашқы стейблкоиннің пайда болуы ұлттық төлем жүйесінің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсететінін айтады. Бұл бастама қаржы нарығындағы цифрландыру үрдістерімен үндесіп, халықаралық тәжірибеге жақындай түседі.
Алайда стейблкоиндердің игілігімен қатар сын-қатері де бар. Ең әуелі, олардың сенімділігі резервтік активтердің нақты көлеміне және реттеушінің қадағалау сапасына тікелей байланысты. Егер резерв толық әрі айқын ашық болмаса, стейблкоиннің тұрақтылығы күмән туғызуы ықтимал. Бұған қоса, көлеңкелі экономика немесе заңсыз транзакцияларға пайдалану қаупі де бар. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Ұлттық Банк тарапынан қатаң реттеу мен мониторинг қажет.
Қаржы нарығының сарапшысы Андрей Чеботарев бұл жобаны имидждік бастама деп бағаласа, экономист Эльдар Шамсутдинов оны әзірге дайын өнімнен гөрі сынақ алаңы деп есептейтінін айтады.
Андрей Чеботарев, қаржы нарығының сарапшысы:
Цифрландыру қоржынына қосылған тағы бір құрал
– Қазір бұл жоба имидждік сипатта және негізінен B2C сегментіне, яғни ритейлге – қарапайым тұтынушыларға бағытталған. Сондықтан оның ішкі қаржы нарығының өтімділігіне елеулі ықпал етіп, не қолма-қол емес төлемдер нарығында үлкен өзгеріс жасайды деп ойламаймын.
Бұл – Қазақстанды цифрландыру қоржынына қосылған тағы бір құрал. Сонымен қатар еліміздің финтех саласында жеткілікті деңгейде дамып, әлемдік ауқымда қызықты жобаларды жүзеге асыра алатынымызды көрсетеді.
Осыған байланысты мен бұл жобаға халықаралық инвесторлар аса қатты қызығады деп немесе ел ішінде кең таралады деп ойламаймын. Бірақ бұл бастама – Қазақстанның осындай жобаларды іске асырып, басқаруға қабілетті екенін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Шын мәнінде, бұл – өте құптарлық қадам.
Эльдар Шамсутдинов,экономист:
Сынақ алаңы ретінде қарастыруға болады
– Мен әзірге толыққанды дайын өнімді көріп отырған жоқпын. Бұл бастаманы толық іске қосылған қаржылық өнімнен гөрі сынақ алаңы ретінде қарастыруға болады. Сондықтан оның нарыққа қалай әсер ететіні туралы айтуға әлі ерте.
Қазір Ұлттық Банк ұсынып отырған бастамалар негізінен құрылыс саласы мен мемлекет қаржысын жұмсауда «таңбаланған ақша» тетігін сынақтан өткізуге бағытталған. Яғни, ақшаның өз мақсатында әрі ашық жұмсалуын бақылау үшін цифрлық технология қолданылып жатыр.