Қазақстанның географиялық орналасуы көлік логистикасына айрықша артықшылық береді. Еуразия құрлығының дәл жүрегінде тұрған ел Қытай мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын табиғи көпір рөлін атқарады. Кейінгі жылдары әлемдік саудада теңіз жолына тәуелділік күшейіп, геосаяси шиеленістер мен санкциялық қақтығыстар құрлық дәлізінің маңызын арттыра түсті. Бұл жағдай Қазақстан үшін зор перспектива әрі үлкен сынақ. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану жөнінде Президент биылғы Жолдауында нақты атап өтті.
Көрсеткіш – алға ұмтылуға баспалдақ
Халықаралық деңгейде елдің көлік-логистика жүйесін бағалайтын беделді рейтинг – Логистикалық тиімділік индексі (LPI). 2007 жылдан бері Дүниежүзілік банк төрт жыл сайын бұл рейтингті жариялап келеді. Негізгі мақсат – мемлекеттің сауда-логистика әлеуетін саралап, жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін анықтау.
2023 жылғы есепте 139 ел жан-жақты бағаланды. Сараптама кеден рәсімдерінің сапасы, логистикалық қызмет деңгейі, инфрақұрылым дамуы, халықаралық тасымалға қолжетімділік, жеткізу уақыты мен сенімділігі, жүк жөнелтушілердің қанағаттануы сияқты алты өлшемге негізделді.
LPI елдің инвестициялық тартымдылығына тікелей ықпал етеді. Жоғары рейтингке ие мемлекетке инвестор сенім артады. Себебі мұндай елде кеден рәсімі жеңіл, инфрақұрылым дамыған, жеткізу уақыты қысқа әрі сенімді деп қабылданады. Расында, LPI – мемлекеттің жаһандық сауда жүйесіне қаншалықты тиімді кіріккенін көрсететін маңызды индикатор.
Соңғы есепте Германия, Швеция, Бельгия, Аустрия, Жапония, Нидерланды, Сингапур, Дания, Ұлыбритания, Финляндия алдыңғы ондыққа енді. Бұл елдерде инфрақұрылым әлемдік стандартқа сай, кеден толық цифрландырылған, тасымал жылдам әрі сенімді. Қытай 19-орынға тұрақтаса, Қазақстан 79-орында қалды. Орталық Азиядағы басқа елдердің көрсеткіші бұдан да төмен. Мұны салыстырмалы түрде оң нәтиже деуге болады. Дегенмен халықаралық хабқа айналу үшін бәсекелестік тек көрші елдермен емес, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен болуы шарт. Әйтпесе, арман қол жетпес белеске айналады.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы ең әлсіз тұс – жеткізу уақыты мен сенімділігі. Жүк тасымалындағы бюрократия, кеден рәсімдерінің ұзақтығы, шекара бекеттерінің шектеулі өткізу қабілеті рейтингке теріс әсер етуде. Бұл түйткіл шешілмейінше, транзит әлеуеті толық ашылмайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көлік-логистика саласын ұлттық экономиканың тірегі ретінде айқындап, инфрақұрылымды жаңғыртуды, кеден рәсімдерін жеңілдетуді және транзит дәліздерінің тиімділігін арттыруды тапсырды. Әсіресе, Еуразиядағы ірі логистикалық хабқа айналу үшін теміржол, автожол, порт және әуе көлігін дамытуға ерекше назар аударды.
Қиындықтар мен түйткілдер
Экономист, қаржы сарапшысы Мақсат Халықтың айтуынша, «көлік-логистика секторына шынайы инвестор тарту үшін квазимемлекеттік компаниялардың үстемдігін азайту қажет. Әйтпесе, инвестиция көлемі болғанымен, сапасы төмен күйінде қала береді».
Шын мәнінде, саладағы түйткіл тек қаржыға ғана емес, артық бюрократияға да байланысты. Квазимемлекеттік құрылымдардың ықпалы шағын және орта бизнестің бұл салаға еркін кіріп, бәсекелестік орта қалыптастыруына кедергі болып отыр.
Жалпы, көлік-логистика әлеуетін толық іске асыруға бірқатар фактор тосқауыл. Ең алдымен инфрақұрылымның тозуы айқын байқалады. Мәселен, Қазақстан теміржолындағы локомотив паркінің 61 пайызы ескірген. Бұл тасымалдың сенімділігі мен жылдамдығына тікелей әсер етеді. «Қазақстан темір жолы» дерегіне сәйкес, қазір парк құрамында 1 800-ден астам локомотив бар, оның жартысынан көбі пайдалану мерзімін әлдеқашан өтеген.
Екіншіден, жергілікті жолдардың 50 пайызы асфальтсыз. Бұл тек ауыл мен қала арасындағы ішкі тасымалды қиындатумен шектелмейді. Мұндай олқылық халықаралық дәліздерге қосылатын тармақтардың тиімділігін де төмендетіп отыр.
Үшіншіден, Қытай бағытындағы шекара бекеттері өткізу қабілетінің шегінде жұмыс істеуде. 2023 жылы Достық және Алтынкөл бекеттері шамамен 27 млн тонна жүк жөнелтті, бұл олардың жобалық қуатының 90 пайызынан асады. Жыл сайынғы өсім орта есеппен 15-20 пайызды құрайды. Алайда кеңейту жұмыстары уақыт пен қосымша қаржыны талап етеді.
Төртіншіден, Каспий теңізінде кеме тапшылығы сезіледі. Ақтау және Құрық порттарының жалпы өткізу мүмкіндігі жылына 21 млн тонна болғанымен, қазіргі тасымал көлемі 7 млн тоннадан аспайды. Себебі танкерлер, контейнер кемелері және паром жеткіліксіз. Мәселен, Қазақстанда Каспийде тіркелген 20-дан астам кеме болса, Әзербайжанда 50-ден асады. Сондықтан Маңғыстауда жаңа кеме жасау зауытының құрылысы – стратегиялық міндет.
Бесіншіден, қағазбастылық пен бюро-
кратиядан арылу баяу жүріп жатыр. LPI индексінде Қазақстан «кеден рәсімдерінің тиімділігі» бойынша 100-орыннан жоғары көтерілмей отыр. Жүк декларациясын рәсімдеу үшін орта есеппен 6-7 құжат талап етіледі, кей жағдайда рәсім уақыты 24 сағатқа дейін созылады. Цифрландыру жобалары іске асқанымен, нәтижесі мардымсыз. Әсіресе, шекара бекеттерінде интернет сапасының төмендігі тасымалдаушылардың наразылығын тудыруда.
Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі – стратегиялық жоба. Оның жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырым болса, соның 2,8 мың шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл бағытта да түйткілдер бар. Жолдағы жылдамдық сағатына 110 шақырымнан аспайды. Оның үстіне әр облыс аумағында бақылау пункттері мен бейнебақылау камералары көптеп орнатылған. Мұндай шаралар қауіпсіздікті қамтамасыз еткенімен, тасымалдың жылдамдығын тежейді. Қызылорда – Арал аралығындағы жол бір бағытты ғана. Бұл да транзит уақытын созып, тиімділігін төмендетеді.
Транзит дәліздері: мүмкіндік терезесі
Бір кездері Ұлы далада гүлденген қалалар мен керуен сарайлары болғанымен, сауда жолының бағыты құрлықтан теңізге ауысқан соң қаржы ағыны шектеліп, аймақ экономикалық дағдарысқа ұшырады. Қазір теңіз жолымен салыстырғанда құрлық дәлізі тауарды 13-15 күнге ертерек жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – өнім сапасы мен өзіндік құнына тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан қазіргі жағдай Қазақстан үшін бір жағынан жаңа мүмкіндіктер ашса, екінші жағынан елеулі сын-тегеуріндерге жолықтырып отыр.
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, жаһандық жеткізу тізбегінде уақыт факторы шығынды азайтудан да маңызды. Қай ел жүк тасымалында жылдамдық пен сенімділікті қамтамасыз етсе, сол ел жаһандық логистикалық орталыққа айналады.
Дүниежүзілік банк сарапшысы Энрико Понти: «Қазақстанның транзит рөлі артып келеді. Бірақ бәсекелестік те күшейіп отыр. Қытай жүкті Ресей, Орталық Азия, Таяу Шығыс бағытында әртараптандыруда. Қазақстан осы жарыста ұтылмау үшін тиімді тариф пен заманауи сервис ұсынуы тиіс», – деп бағалады.
Еліміз арқылы бес халықаралық теміржол және сегіз автокөлік дәлізі өтеді. Бұл – зор артықшылық. Алайда жаһандық бәсеке күшейген заманда логистика саласын жедел дамытпасақ, әлем елдері балама жолдарды табуға дайын.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көлік-логистика саласын ұлттық экономиканың тірегі ретінде белгілеп, нақты міндеттер қойды.
Қысқа мерзімде Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесі іске қосылып, электронды декларация үлесі 70 пайызға жетуі тиіс. Жыл соңына дейін сегіз шекара бекеті жаңартылып, рәсім уақыты қысқармақ. Теміржол және порт тарифтері бойынша айқын әрі тұрақты норма қабылданып, тариф саясаты біріздендірілмек. Бұл бизнес пен инвесторларға сенім береді.
Орта мерзімді міндеттер қатарында контейнерлік тасымалды дамыту бар. Қазір Қазақстанда контейнер үлесі 7 пайыздан аспайды. Оны бірнеше есеге ұлғайту үшін контейнер паркін көбейту, мультимодальды терминалдар салу, жаңа инвестиция тарту қажет. Сонымен бірге локомотив пен вагон паркін жаңарту күн тәртібінде тұр. Бүгінде олардың 61 пайызы тозған, алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Жүк ағынын жеңілдету үшін «Жасыл дәліз» пилоттық жобасы іске қосылады.
Ұзақ мерзімде Ақтау, Құрық кеме жасау зауыты салынып, порттардың контейнер өткізу қуаты бірнеше есеге артпақ. Жасанды интеллектке негізделген цифрлық платформа енгізіліп, жеткізу уақытын болжау мен маршрутты оңтайландыру жүзеге аспақ. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу мерзімі 13-15 күннен де қысқарады.
Бұл жоспарлар Қазақстан үшін қарапайым инфрақұрылымдық жобалар емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздікті нығайтатын шешуші тетіктер. Көлік-логистика жүйесін жаңғырту – инвесторлардың сенімін күшейтіп, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуына, экспорт әлеуетінің артуына ықпал етеді.
Президенттің саяси ерік-жігері мен Үкіметтің жүйелі қадамдары арқасында Қазақстан тек транзиттік аймақ мәртебесін сақтап қалмай, Еуразиядағы жетекші логистикалық хабқа айналуға толық мүмкіндікке ие.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ