АҚШ президенті Дональд Трамп Чикагоны әлемдегі ең нашар әрі ең қауіпті қала деп атады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
“Чикаго – әлемдегі ең қорқынышты әрі қауіпті қала. Иллинойс штатының губернаторы Джей Притцкерге шұғыл көмек қажет, бірақ ол мұны әзірге түсінбейді”, – деді Трамп.
АҚШ президентінің айтуынша, соңғы демалыс күндері Чикагода кемінде 54 адам оқ жарақатын алып, 8 адам қаза тапқан. Ол қаладағы жағдайға дереу араласу қажет екенін атап өтіп, қауіпсіздікті қалпына келтіруге уәде берді.
“Мен қылмыс мәселесін тез шешемін, Вашингтонда жасағаным сияқты. Чикаго қайтадан қауіпсіз қалаға айналады, әрі бұл жақын арада болады”, – деп түйіндеді Трамп.
Айта кетейік, 12 тамыз күні Пентагон АҚШ астанасындағы қылмыспен күресу үшін шамамен 800 ұлттық гвардия әскерін жіберген. 13 тамызда сарбаздар Вашингтонға жеткізілді. 21 тамызда Трамптың өзі гвардияшылармен бірге көшеге шығып, қылмыспен күреске қатысты. Ол елдегі құқық бұзушылық деңгейін төмендеткен полиция мен әскерилердің еңбегін жоғары бағалады.
Келесі күні АҚШ президенті Ұлттық гвардия енгізілгеннен кейінгі бір апта ішінде Вашингтонда кісі өлімі тіркелмегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыс деңгейі 87%-ға төмендеген.
25 тамызда АҚШ бас прокуроры Пэм Бонди Вашингтонда 1 000-нан астам адамның ұсталғанын және қалаға Ұлттық гвардия енгізілгелі бері 100-ден астам атыс қаруының тәркіленгенін хабарлады.