Қазақстанда күштік құрылымдардың қатысуымен "MILITARY DRONE CHALLENGE" турнирі ұйымдастырылды. Әскери қызметкерлер мен арнайы бөлімше мамандары пилотсыз ұшу аппараттарын басқару, әуеден барлау жүргізу және дрондарға қарсы іс-қимыл жасау бойынша шеберліктерін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ауқымды жарыс 17 қарашада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің "Майлан" далалық оқу орталығында өтті. Турнирге еліміздің түрлі мемлекеттік және күштік құрылымдарының атынан 15 команда қатысуға өтінім берген. Әр команда бес адамнан жасақталған. Қатысушылар шынайы жағдайларға барынша жақындатылған арнайы тапсырмаларды орындап, заманауи пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдану бойынша кәсіби дайындықтарын сынады.
Жарысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі «Ashyq Aspan Foundation» қоғамдық қорының техникалық қолдауымен ұйымдастырды. Аталған қор Қазақстанда осы бағыттағы жарыстарды өткізу бойынша уәкілетті ұйымдастырушы болып саналады.

"MILITARY DRONE CHALLENGE" турнирінің басты мақсаты – пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдану және оларға қарсы іс-қимыл жүргізу тәсілдерін әскери әрі кәсіби даярлық жүйесіне енгізу. Сонымен қатар жарыс мемлекеттік органдардың техникалық мүмкіндіктерін арттырып, түрлі ведомство мамандары арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасауды көздейді. Турнир барысында қатысушылар төрт арнайы жаттығу бойынша сынға түсті.
Бірінші кезең – "Шабуыл". Бұл жаттығуда ұшақ үлгісіндегі және мультироторлы дрондардың операторлары арнайы нысан мен ғимарат ішіндегі бөлмелерге әуеден барлау жүргізді. Алынған ақпарат негізінде шабуылдаушы топ ғимарат ішінде кепілге алынған адамды босату бойынша оқу операциясын орындады. Тапсырма барысында қатысушылар страйкбол қаруын пайдаланды.
Екінші кезең – "Барлау – қону – жүк тастау". Бұл сайыста командалар бірнеше тапсырманы бір уақытта үйлестіріп орындады. Алдымен әуеден барлау жүргізіліп, кейін FPV-дрон қозғалыстағы тіркемеге қондырылды. Содан соң операторлар оқу жүгін белгіленген нысанаға дәл түсіру шеберліктерін көрсетті. Бұл кезеңде дронды басқару дәлдігі мен командалық үйлесімділік сыналды.
Үшінші кезең – "Ашық аспан". Қатысушылар өз ведомстволарының штаттық антидрондық кешендерін пайдаланып, пилотсыз ұшу аппараттарын анықтау және тоқтату бойынша тапсырмалар орындады. Одан кейін FPV-дронды тегіс ұңғылы атыс қаруымен жою жаттығуы өткізілді. Бұл кезең командалардың пилотсыз аппараттарға қарсы іс-қимыл жасау дайындығын бағалауға арналды.
Төртінші кезең – "Командалық эстафета". Соңғы жаттығуда жылу камерасымен жабдықталған мультироторлы дрон операторы ғимарат ішінен шартты қарсыласты іздеді. Ал FPV-дрон ұшқыштары шектеулі көріну жағдайында анықталған нысаналарды жою тапсырмасын орындады. Мұнда командалардың өзара байланысы, жылдам шешім қабылдауы және техникалық құралдарды тиімді пайдалануы маңызды болды.

Төрт кезеңнің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталды.
- Бірінші орын – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің командасы.
- Екінші орын – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасы.
- Үшінші орын – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының командасы.
Айта кетейік, "MILITARY DRONE CHALLENGE" турниріне барлығы 15 команда өтінім берген. Әрқайсысы бес адамнан құралған командалар төрт түрлі арнайы тапсырма бойынша бақ сынады. Нәтижесінде Мемлекеттік күзет қызметінің командасы жеңімпаз атанды.