Француз актері Жерар Депардье екі әйелге жыныстық зорлық жасағаны үшін шығарылған сот үкіміне шағымданудан бас тартты. 77 жастағы актер өз кінәсін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Осылайша оған тағайындалған 18 айлық шартты түрме жазасы түпкілікті күшіне енді. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
16 қарашада Парижде Депардьенің апелляциялық шағымы қаралуы тиіс еді. Алайда сот отырысы басталғанда актер шағымынан бас тартатынын ресми түрде мәлімдеді. Прокуратура мен жәбірленуші тараптар да өз шағымдарын қайтарып алған.
«Сот өз шешімін шығарды. Мен кінәлі деп танылдым. Бұл шешімді түсінемін және қабылдаймын», – делінген актердің мәлімдемесінде.
Депардье бұған дейін түсірілім алаңындағы дөрекі әзілдері мен кейбір әрекеттерін қалыпты жағдай деп қабылдағанын мойындаған.
«Ұзақ уақыт бойы анайы әзілдер мен әдейі арандататын әрекеттердің артына жасырындым. Бірақ сөздерім мен кейбір қылықтарымның салдары бар екенін түсіндім», – деген актер.
Ол ешкімге зиян келтіруді мақсат етпегенін, бірақ адамның ниеті оның әрекетінен келген зардапты жоққа шығармайтынын айтқан. Сондай-ақ әрекеттерінен зардап шеккендерден шын жүректен кешірім сұраған.
Іс 2021 жылы режиссер Жан Беккердің «Les Volets Verts» («Жасыл терезе қақпақтары») фильмінің түсірілімі кезінде болған оқиғаларға қатысты қозғалған. Жәбірленушілер – түсірілім алаңының безендірушісі мен режиссердің көмекшісі.
2025 жылғы мамырда Париж соты Депардьені екі әйелге жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 18 айға шартты түрде бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ оның деректері жыныстық қылмыс жасаған адамдардың арнайы тізіліміне енгізілуі тиіс.
Депардье бұған дейін өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып келген.
200-ден астам фильм мен телесериалға түскен актер Францияның кино тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірі саналады. Оның ісі елдегі #MeToo қозғалысы аясында үлкен қоғамдық талқылау туғызған.
Алайда актердің соттағы мәселелері мұнымен аяқталмайды. Ол 2018 жылы актриса Шарлотта Арнульдке қатысты зорлау ісі бойынша да айыпталып отыр. 2025 жылы тергеу судьясы бұл істі сотқа жіберу туралы шешім қабылдаған. Депардье айыпты мойындамай, аталған шешімге шағым түсірген.
Соңғы іс бойынша түпкілікті сот шешімі әзірге шыққан жоқ.