Бельгия компаниялары Қазақстанға инвестиция құюды және цифрлық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді

Бельгия компаниялары Қазақстанға инвестиция құюды және цифрлық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді
Сыртқы істер министрлігі

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бельгияға жұмыс сапары аясында елдің ірі «Sarens Group», «Ahlers Logistics» және «BIM e-Solutions» компанияларының басшылығымен жеке кездесулер өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.Кездесулер шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асыру, Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту және Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) цифрландыру жоспарлары талқыланды.

«Sarens» компаниялар тобының аға кеңесшісі Хендрик Саренспен және «Khorgos Customs & Logistics Platform» компаниясының көлік-логистикалық орталығын (КЛО) салу жөніндегі директоры Маттиас Саренспен өткен кездесуде Жетісу облысында құны 50 млн АҚШ долларын құрайтын КЛО салу жобасы талқыланды. Жоба аясында ұзындығы 2,1 км айналма жол, уақытша сақтау қоймасы және ауыр салмақты жүктерге арналған инфрақұрылым салу көзделген. Жобаны іске асыру «Нұр Жолы» өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыруға, жүк тасымалын жеделдетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Ahlers Logistics» компаниясының бас директоры Дейв ван ден Боспен және «BIM e-Solutions» компаниясының басшысы Майкл Барримен өткен келіссөздер барысында Орта дәлізге арналғанлогистикалық қызметті кеңейту және цифрлық технологияларды енгізу перспективалары қарастырылды.

Атап айтқанда, «Digital Middle Corridor» атты 90 күндік пилоттық жобаны іске қосу жүк тасымалын цифрлық сүйемелдеуге, кедендік деректер алмасуға, шекаралардағы кідірістерді қысқартуға және транзиттік операциялардың ашықтығын арттыруға бағытталған. 

Кездесулер барысында Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистикалық торап ретіндегі стратегиялық рөлі атап өтіліп, Орта дәліздің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірілді.

«Sarens Group» – ауыр салмақты жүктерді көтеру және инженерлік-көліктік шешімдер саласындағы әлемдік көшбасшы. Компания Қазақстанда 2003 жылдан бері жұмыс істейді.

«Ahlers Logistics» – 1909 жылы құрылған бельгиялық халықаралық логистикалық компания. Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істейді. 

Қарағанды және Алматы қалаларында жалпы ауданы шамамен 11 мың шаршы метрді құрайтын қойма кешендері бар.

«BIM e-Solutions» – жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы кедендік және шекаралық рәсімдерді цифрландыруға маманданған компания.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары