Жуырда әлеуметтік желіде «Құм арасындағы үйін Оазиске айналдырған қазақ» деп аталатын видео кеңінен таралды. Онда бір үйдің үш қызы әкелерінің қалың құмның арасында орналасқан қара шаңырағының ауласына 5 000 түп ағаш еккенін баяндайды. Сөйтсек, Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданында құм құрсауында қалған, небәрі 5-ақ үйі бар Көкдала ауылында тұратын Өрікбай Құдайбергенұлын ондағы көпшілік жақсы біледі екен. Құмның арасынан құдық қазып, кейінгі 10 жылда есік алдындағы шөл даланы жасыл баққа айналдырған 65 жастағы Өрікбай ағаға хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.
2 000 терек, 2 000 шырша, 1 000 жеміс ағашын ектім
– Бәрімізді қызықтыратын бір сұрақ: құм құрсауында қалған, 5-ақ үйі бар ауылыңызға мұндай бау-бақша егу идеясы қалай келді?
– Көкдала ауылы – менің туып-өскен жерім. Отбасылы болған соң жан бағу үшін жан-жақта жүргізуші болып жұмыс істедім. Байқадам, Жаңатас, Таразда тұрдым. Кейін Атырауға 15 жыл тұрақтадым. Онда жүргенде әйелімнің денсаулығы сыр беріп, бірде ол «Дұрысы, елге қайтайық» деді. Сөйтіп, араға 20 жыл салып, туған ауылыма қайта оралдым. Басында 5 жылдай мал шаруашылығымен шұғылдандым. Кейін әйелім дүние салған соң бұл шаруаны жалғыз өзім атқару қиынға соқты. Оған қоса, басқа бір істі қолға алмасам, қалың ойға маталып, шырғалаңнан шыға алмай қалатын едім. Кімге болсын, 30-40 жыл отасқан жарыңнан айырылғаннан кейін ес жию оңай шаруа емес. Басына түскен қайғысын көтере алмай ішімдікке салынып кеткендерді көріп те жүрміз. Сөйтіп, жалғыздан-жалғыз есімнен адасып кетпейін деп, табиғатпен тілдесіп, тірі организмнің өскенін медет тұтайын дедім. Тірлікке аралассаң, ой да, көңіл де басқа жаққа бөлінеді ғой. Онымен қоса, 5-ақ үй тұратын ауылда өзіңді-өзің қамшыламасаң басқа кім қамшылайды? Екі қызым Атырауда, ал үлкен қызым біздің ауылдан 100 шақырым жердегі аудан орталығында тұрады. Үшеуі де тұрмыста, өз жұрты бар. Оларға қарап отыра алмаймын. Олар да мұнда келе алмайды. Сөйтіп, ағаш егуді қолға алдым. Басында 5-6 тал ектім. Біздің ауыл секілді құмға көмілген жерге тірі ағза шығару – машақаты көп іс. Десе де, бастапқыда азғантай ғана егемін деп ойлағанмын. Өз қолыммен еккен тіршіліктің жайқалып өскенін көрген сайын үсті-үстіне қосып, еге бердім. Басында терек егуден бастадым. Кейін жеміс ағаштарын ектім. Олардың өсіп шыққанына, бүршік атқанына, жеміс бергеніне қызығып, ақыр соңында бұл менің қалайша сүйікті ісіме айналғанын өзім де байқамай қалдым. Ағаш еккенді, оны баптап-өсіргенді жаным сүйеді.
– Бау-бақшаңыз қанша алқапты алып жатыр? Қандай жеміс ағаштары бар?
– Шамамен 2 гектар. Ауламда алма мен шиенің түр-түрі, алмұрт, анар, айва ағаштары бар. Әлі де егемін. Жер жетерлік. Мұнымен тоқтамаймын. Бүгінде аулама 2 000-нан астам шырша, 2 000-ға жуық жеміс ағашы мен 1 000-нан аса терек ектім. Шыршаны биыл ғана ектім. Оның бір жылда өсе қоймайтыны белгілі. Десе де, соңына дейін шыдап-бағып, дұрыстап қарап, өсіріп шығармақпын. Ағаштар бірден жайқалып шыға қалмайтыны айдан анық. Бірі жер ауысқан соң, «ауырады», енді бірі климатқа көп уақыт бой үйретеді. Мал да жер ауыстырса, түрлі дертке ұшырайды ғой. Сондықтан шыдап бағып, асықпай баптаймын. Егу бір басқа, ал оны өсіру тіптен бөлек. «Осы жақсы өседі-ау» дегенің келесі жылы шықпай қалады. Асықпай, аптықпай күтіп, келесі жылы басқа жерге егемін. Шықпай қалғандардың орнын жыл сайын толықтырып отырамын. Жыл сайын наурызда 100-200 түп алып келемін. Олардың бой үйретуіне 2-3 жылдай уақыт кетеді.
– Қыздарыңызға хабарласқанымда сіздің таңнан түнге дейін бау-бақшада жүретініңізді, кешқұрым стационар телефонмен ғана сөйлесе алатынын айтып қалды.
– Иә, таңғы төрттен кешкі тоғызға дейін сыртта жүремін. Ауылда мобильді телефон ұстамайды. Ауыл сыртында ұстайтын бір-екі жерге барып қана сөйлесе аласың. Басқа уақытта үйде орнатылған стационар телефонмен сөйлесемін. Мен бұған дейін «кнопкасы» бар телефон ұстағанмын. Кейін қыздарым смартфон сатып әперді. Тек қалай хабарласу керек екенін білемін. Басқа ештеңесіне тиіспеймін. Бау-бақшаны суретке я видеоға бір түсіріп көрмеппін. Бәрін қыздарым түсіреді.
– 5 000 түп ағашты суаруға үлкен құдық қаздыру үшін көлігіңізді сатып жіберген екенсіз. Құдық арқылы суару жалғыз өзіңізге қиын емес пе?
– Әлбетте, қиын. Мұның бәрін бір күнде суару мүмкін емес. Үшінші күні түгел алқапты суарып біткен соң, ертесі қайтадан бастаймын. Қалың құмның ортасында тұрған соң су тұрмайды. Тез сіңіріп алады. Жаздыгүні 50 градус аптап ыстық болғанда үш күнге бөлмей, күн сайын суару керек болады. Кейде түскі ас ішпейтін кездерім бар. Таңғы шайдан кейін үйге кешке ғана кіріп, шай ішіп, «құлаймын». Неге екенін білмеймін, қарным мүлде ашпайды. Су ішіп жүре беремін. Тамақ туралы тіпті ойламаймын. Бәлкім, өз қолыңмен еккен дүниеңнің өсіп, жемісін беріп жатқанына тамсанып, көңілім тоқ болып жүргеннен болар.
Ауламдағы 2 құдықтан су алу қара күшті талап етеді. Бүкіл алқапқа құбыр тартып, бір-біріне жалғап, суарамын. Күніне бірнеше мотор үздіксіз тоққа қосулы тұратындықтан, жарыққа төлейтін қаржы қымбат. Алдағы уақытта бұл жұмысты оңай әрі оңтайландыратын бассейн қазсам ба деген жоспарым бар. 10 шақты КамАЗ-бен тас түсіріп, ірі су қоймасын соқтырсам деген мақсатты көздеп жүрмін. Құдықтан әр жерге құбыр тартып жүргенше, сол бассейннен барлық жерге су тарайтындай болса, шіркін.
Шет-шегі жоқ құмды да жұмақ мекен қылуға болады
– Қызыңыздың әлеуметтік желідегі парақшасынан шыршаның көшетін алу үшін арнайы Қатонқарағайға барғаныңызды байқап қалдым. Құмның ішіне шырша өсіру қиынның қиыны емес пе?
– Қатонқарағай жақта шыршаның жақсы өсетінін білетінмін. Биыл күзде қыздарым «Сәті түсіп тұр, барамыз ба?» деген соң ере бардым. Ол жақты аралап, 20-ға жуық көшет алып келдім. Оларды өсіру қиын болмас деп ойлаймын. Қыздарым үнемі қолдап, қолпаштап жүреді. Көңілімді аулап, қыдыртады. Мальдив аралдарына, Абу-Даби, Дубайды аралатты. «Үнемі жұмыстасың. Қыдырсаңшы» деп ертіп кетеді. Қыдырғанда да сол, тау-тас, талдарды қарап жүремін. Жалпы, маған бильярд ойнағаннан соны қараған керемет. Менің демалысым сол. Тауға шығып, климатын бақылаймын, онда қандай ағаштар өсетініне қызығамын. Жаяу жүргенді жақсы көремін. Жүрген сайын адам ширайды. Бау-бақшамды бағамын деп, ары-бері жүгіріп, кемі 20 шақырым жүремін.
– Бір сөзіңізде сыртқа былай тұрсын, өз аулаңыздан ары шыққанды ұнатпайтыныңызды айтып қалдыңыз.
– Ол рас. Басқа ауыл түгілі, басқа аулаға шыққым жоқ. Алғаш ағаш еккен кезде есік алды шетсіз құм болды ғой. Құм болған соң, ми қайнататын ыстық тұрады. Күннен «қашып», үйге сан кіріп, жұмысымды әрең істейтінмін. Сол кезде «Қара көлеңке де жоқ. Мына ағаштар тезірек өссе екен!» деп армандайтынмын. Сол арманыма 5-6 жылда жеттім ғой. Қазір Құдайға шүкір, есіктің алды қою көлеңке. Кез келген жерге отыра кетесің. Оған қоса, іші шөпке толы. Салқын. Рахат!
– Видеодан байқағанымыздай, ауылдағы бау-бақшаға емес, құдды бір қалалық саябаққа кіріп келе жатқандай әсер қалдырды. Көремін деушілер көп шығар?
– Иә, «Жақсыны көрмекке» деген. Естіп келетіндер бар. Жолай байқап қалатындар жетерлік. Ауылдың бұрынғы әкімі келіп көріп, журналистер аудандық газетке де жазған. Аудан әкімі де бас сұқты. Ендігі кезекте оқушыларды экскурсияға алып келсем бе деп жүрмін. Олар мектепте өсімдікке қатысты сабақ оқиды ғой. Сол оқығандарын өз көзімен көрсе деймін. Одан бұрын, шет-шегі жоқ жойқын құмды да жұмақ мекен қылуға, алысқа бармай-ақ, туған жеріңде осындай дүниелер істеуге болатынын көрсеткім келеді-ақ.
Мен мұны өзім үшін істеп жатқаным жоқ. Менің өзіме 10 тал ағаш та жетеді. Тек артымда қалған ұрпағым аталарының қандай жұмыс істегенін көрсін деген мақсатпен айналамды көгалдандырып отырмын. Ауызбен айтқаннан гөрі іспен көрсеткен дұрыс қой. Ертең адамның өзі жоқ болса да, оның көзі ретінде атқарған қыруар шаруасын сөз етіп жүреді. Менің де көксегенім сол. Бүгінде үш қызымнан 13 жиен сүйіп отырмын. Жиналсақ, кәдімгідей бір қауым елміз. Сондықтан бау-бақшамды тағы да кеңейтіп, бұл ісімді жалғастыра беремін.
– Тәлімі мол еңбегіңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ