Кітап мерекесі: үздік авторлар мен баспалар анықталды

/
Кітап мерекесі: үздік авторлар мен баспалар анықталды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде кітап оқудың қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттау рәсімінде: «Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс» деп атап өткен еді. Бұл – жай ғана үндеу емес, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған стратегиялық ұстаным. Сондай-ақ Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында оқу мәдениетін қалыптастыруды мемлекет дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындады. Соның нақты дәлелі – 2024 жылдан бастап 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып белгіленуі. Бұл бастама елдегі зияткерлік әлеуетті арттыруға жасалған маңызды қадам болды.

Дәл осы атаулы мереке аясында елорда төрінде өтіп жатқан Astana Eurasian Book Fair-2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі биыл да оқырман қауым мен әдеби орта өкілдерін бір алаңға тоғыстырып, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға серпін берді.

Көрме аясында дәстүрлі «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаз­дары марапатталды. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Президентінің Ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. «Мемлекет басшысы әрдайым қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән береді. 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың үшінші отыры­сында Президент «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын ұсынған еді. Аталған тұжырымдама негізінде былтырдан бастап 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бел­гіленді», – деді Арман Қырықбаев. Сондай-ақ Президент көмекшісі алдағы екі аптада Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қоятынын жеткізді. Іс-шараға Парла­мент депутаттары, белгілі ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайрат­керлері, сондай-ақ кітапхана басшылары қатысты.  

Астана қаласындағы Президент орталы­ғында өтіп жатқан биылғы көрме Орталық Азиядағы ең ірі мәдени-ағартушылық іс-шара­лардың бірі ретінде ерекшеленді. Іс-ша­раны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Qazaq Creative қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйым­дастырды. Алғашқы күннің өзінде көр­мені 10 мыңнан астам адам тамашалап, бес күнге жоспарланған ауқымды бағдарламаға үлкен қызығушылық танытты. Жалпы, көр­меге 80-нен астам баспа және полиграфиялық компания қатысып, олардың жартысы – отандық ұйымдар болды. Қалған қатысу­шы­лар әлемнің 15 елінен келді. Оның ішінде Түр­­кия, Испания, Қытай, Ұлыбритания, Пор­­­­тугалия, Венесуэла сынды және басқа да мем­лекеттер бар. 
Көрме аясында жаңа кітаптардың тұ­сау­­кесері, автормен кездесулер, ав­то­граф-сессиялар, балаларға арналған шебер­лік сабақтары ұйымдастырылды. Әсіресе, түр­лі жанрдағы жаңа туындылардың та­ныс­тырылымы көпшіліктің назарын аударды. Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және ту­ризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Маржан Ер­шудің «Жалғыз қол» поэмасының, «За­ман­дастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қо­жа­баевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомы­ның, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фан­тастикалық шығармасының, Ұларбек Дә­лейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлі­шер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазу­шысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқ­тайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түр­кі­стан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Ди­маш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
Мәселен, халықаралық кітап көрме-жәр­меңкесі аясында ЕҰУ ғалымдарының «Тәуел­сіз­дік. Тарих. Тұлға» жобасы бойынша жарық көрген ғылыми-танымдық кітаптардың сал­танатты таныстырылым рәсімі өтті. Ау­қым­ды іс-шара Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлт­тық конгресі және Абай академиясы бірлесіп ұйым­дастыруымен жүзеге асырылды. Іс-шараға әдебиеттанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құ­рамы, докторанттар, магистранттар, сту­дент­тер және кітапсүйер қауым қатысты. Та­ныстырылымның негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу инсти­туты мен Тарихшылардың ұлттық конгресі әзір­леген жаңа басылымдардың мазмұнын жұрт­шылыққа таныстыру болды. Іс-шара барысында  көпшілік назарына «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты», «Ұлт тарихындағы тұлға­лар», «Евразийская тенденция. Интеллек­туа­ль­ные контексты второй половины ХІХ – первой трети ХХ века: славянский, тюркский, сибирский» кітаптары ұсынылды. Іс-шараға «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының директоры Жандос Әубәкір моде­ра­торлық етті. Салтанатты жиынды Қазақ­стан Республикасының Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі, тарих ғылым­да­ры­ның докторы, профессор, ЕҰУ Басқарма тө­ра­ғасы-ректор Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп ашты. «Бұл еңбектер – тәуелсіз Қа­­­зақстанның тарихи санасын жаңғыртып, ұлт руханиятын байытуға бағытталған маңыз­ды ғылыми жобалардың нәтижесі. Тәуел­сіздік және Абай мұрасын терең зерде­леу арқылы біз жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосамыз», – деді «Тәуелсіздік. Тарих. Тұл­ға» жобасының ғылыми жетекшісі Ерлан Бәтташұлы. Бағдарлама аясында ғылыми жи­нақтардың авторлары мазмұндық шолу жа­сап, зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Атап айт­қанда, Дүйсен Сейітқали «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» және «Ұлт тарихындағы тұл­ғалар» еңбектеріне талдау жасаса, тарих­шы Жабай Қалиев «Адамзаттың Абайы» және «Абай ғибраты» жинақтарының мазмұнын, С.Селиверстов «Евразийская тенденция. Ин­тел­лектуальные контексты второй половины ХІХ – первой трети ХХ века: славянский, тюркс­кий, сибирский» монографиясын  та­ныс­тырды. Іс-шара барысында әнші, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыр­жықбаев Шәмші Қалдаяқовтың «Кешік­пей келем деп ең» әнін шырқады.
Көрмені ұйымдастырушы «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова биылғы іс-шараға 85 ұйым өті­нім бергенін жеткізді. Оның ішінде 15 елден келген 35 шетелдік ұйым бар. Көрме аясында бас­паның 18 жаңа кітабының тұсаукесері жос­парланған.
Тұрақты қатысушылардың бірі – Түркияның «Дамла» баспа үйінің же­текшісі Мехмет Бахадүр бұл көрмеге ал­тын­шы жыл қатарынан қатысып отырғанын айтып, қазақ және түрік баспалары арасын­дағы ынтымақтастықтың нығайып келе жат­қанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгін­ге дейін екі ел баспалары бірлесіп 100-ге жуық кітапты түрік тілінен қазақ тіліне ау­да­рып шығарған. 

«Ұлттық кітап» байқауы: үздіктер анықталды

 «Ұлттық кітап» республикалық байқауы отандық авторларды қолдауға, баспа ісін да­мытуға бағытталған. Биыл байқауға 32 бас­падан 155 өтінім түсті. Қатысушылар кейін­гі екі жылда жарық көрген отандық ав­торлардың шығармаларын ұсынды. Жеңім­паздар тоғыз номинация бойынша анық­талды. Олардың қатарында «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрын­дағы үздік кітап», «Үздік иллюстрациялық кі­тап», «Үздік аударма кітап», «Фантастика жанрындағы үздік кітап» және «Үздік баспа» бар. Байқаудың басты жүлдесі – «Жыл кітабы» Гран-приі «Абай Құнанбайұлының қара сөздері. Бейімделген нұсқа. Ұрпаққа ұлағат» еңбегіне бұйырды. Автор – Гүлмира Амандықова. Кітап бірнеше тілге, атап айт­қанда орыс, ағылшын, француз, испан, неміс, түрік, қытай тіліне аударылған. 
«Балаларға арналған үздік кітап» аталы­мы бойынша ІІІ орынды Баянғали Әлім­жа­нов­тың «Мейірімді Асқар» кітабы («Фолиант» баспасы) алса, ІІ орынды Кристина Шванева­ның «Гигантская тактильная книга. Живот­ные» кітабы («COCOBOOK») еншіледі, ал І орын­ды Ақиқат Растың «Оқымақтар немесе са­бақ оқудан ләззат алудың жолы» (Steppe&World Publishing) алды. «Үздік комикс» бойынша ІІІ орынды Қожагелдиев Әлібектің «Өзгеше Мақта Қыз» кітабы (Art nomad), ІІ орынды Сәуле Досжанның «Көк түрік» кітабы (ATA Creative Hub) алса, І орынды Айсұлу Алмас­байдың «Жел тербеген әуен» кітабы («Маз­мұндама») алды. «Үздік иллюстрациялық кітап» аталымы бойынша ІІІ орынды Чэнь Чан­линьнің «Менің әмбебап құрал-сайма­ным» кітабы («Мазмұндама»), ІІ орынды Қым­бат Қараеваның «Көшпенділер ойыны» кіта­бы (Arman-PV), І орынды М.Жанұза­қова­ның «Dimash» кітабы («Алматыкітап», аудар­ған Ғ.Қабышұлы) еншіледі. «Детектив жан­рындағы үздік кітап» аталымы бойынша ІІІ орын Ғабдул-Сәбит Юсуповтың «Шамиль шал­дың құпиясы» кітабы («Тоғанай Т»), ІІ орын Тұрсынбек Әлиұлының «Улуру» кітабы (Qasymkitap), ал І орын Шың­ғыс Алекешевтың «Серт» жи­нағына («Жібек жолы») бе­рілді. «Фан­тас­тика жан­рындағы үздік кі­­тап» бойынша ІІІ орын Филип Пулман­ның «Солтүстік шұғы­ла» кі­та­бына (Steppe & World Publishing), ІІ орын Анжей Сап­ковс­кий­дің «Мыстангер. Соң­ғы тілек» кітабына («Фо­лиант»), І орын Ар­тем Ура­зим­бетовтың «Де­моны внут­ри нас» кітабына (Meloman Publishing) берілді. Келесі аталым – «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап» аталы­мында танымдық, психоло­гия­лық, мо­тивациялық және бизнес бағы­тын­дағы маз­мұнды еңбектердің үздігі анық­талды. Атап айтсақ, III орынды Радик Темиргалиев­тың «Казахи. Путь предков» кітабы (Meloman Publishing), II орынды М.Әуезовтың сериялы кітаптары: «Жапония күнделіктері», «Индия очерктері», «Америка әсерлері» (Marfu Press), I орынды Рашид Нугмановтың «Драматургия на экране, на сцене и в жизни» кітабы (Meloman Publishing және Zerde Publishing) алды. Келесі аталым «Сатира жанрындағы үздік кітап» аталымында қоғамдағы құбылыс­тар­ды астарлы оймен, шебер тілмен бейнелеген шығармалар марапатталды. Мәселен, III орын – Нұрмахан Елтайдың «Әр каллада бір қиял» кітабына («Аннұр Сапа»), II орын – Тұрыс­бек Сәукетаевтың «Мен – жындымын» кітабына («Мазмұндама»), I орын – Әзиз Несиннің «Әңгіме оқи отырыңыз» кітабына («Атамұра», аударған Ғ.Қабышұлы) бұйырды. Кейінгі екі жылда жоғары кәсіби деңгей көрсетіп, сапалы өнім ұсынып, кітап нары­ғында үздік нәтижеге қол жеткізген баспалар «Үздік баспа» аталымында анықталды. Нәти­жесінде, III орын – COCOBOOK баспасы, II орын – Qasymkitap баспасы, I орын – «Алматыкітап» баспасына берілді. Соңғы аталым – «Үздік аударма кітабы» бойынша анықталды. Бұл номи­на­ция әдебиеттер мен мәдениеттер арасындағы ал­тын көпірге айналған сапалы аударма әде­биеттерге арналды. Жүзден жүйрік шық­қан авторлар арасында III орынды Нортап Соломонның «Құлдықта өткен 12 жыл» кітабы («Мазмұндама»), II орынды Цзяң Жуң­ның «Бөрі тотем» кітабы (Steppe & World Publishing), I орынды Дорлингтің «Өнер. Түсіндірмесімен» кітабы («Алматыкітап») алды.
«Ұлттық кітап» байқауы отандық қалам­гер­лер мен баспагерлердің еңбегін дәріп­тейтін маңызды алаң ретінде қалыптасып, кі­тап оқу мәдениетін нығайтуға және қоғам­ның қазақ әдебиетіне қызығушылығын арт­тыруға ықпал етіп келеді. Салтанатты рә­сім аясында еліміздің түпкір-түпкірінен кел­ген кітапханашылар мен баспа саласы­ның өкілдері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйым­дастырып отырған бұл игі бастама – үздік кітаптарды, үздік баспаларды, аудар­ма­шыларды, иллюстраторларды және әдеби үдеріске үлес қосып жүрген кәсіби қауымды ұйыстыратын маңызды жоба. Astana Eurasian Book Fair-2026 – тек кітап жәрмеңкесі ғана емес, ол – ұлттық сананы жаңғыртатын, бі­лім мен мәдениетті дәріптейтін маңызды алаң. Мұндай ауқымды іс-шаралар кітап оқуды дәріптеп қана қоймай, ұлттың зият­керлік деңгейін көтеруге, жас ұрпақтың ру­хани дамуына жол ашады. Кітап – өткен мен бү­гінді, ұлт пен әлемді жалғайтын алтын кө­пір. Ал осындай көрмелер – сол көпірді нығайтатын маңызды бастамалардың бірі.

«Ақ батпырауықтың» тұсаукесері өтті

Astana Eurasian Book Fair-2026 аясында ақын Маралтай Райым­бекұлының «Ақ батпырауық» кітабының таныстыры­лымы өтті. Іс-шараға баспа қызметкерлері, жазушылар мен кітап­сүйер қауым қатысты. Кездесу барысында автор шығар­машылығы, кітаптың мазмұны мен көркемдік ерекшелігі жайында мазмұнды пікірлер айтылып, рухани ортада әсерлі жүздесу өтті. Іс-шараны ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы­ның Астана қаласы филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды. Әділ Қаженбайұлы басқаратын «Сардар» баспасынан шыққан аталмыш кітапқа ақынның соңғы уақытта жазған шығармалары енген. Бұл тұрғысында ақынның шығармашылықтағы қаламдас аға-інілері кеңінен толғады. Іс-шараға арнайы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы­ның бас хатшысы Сұлтан Раев та қатысып, ақынға ізгі тілегін жеткізді. «Маралтай ақынды қазақ руханиятындағы ең белді ақындардың бірі деп санаймын. Оның есімінің өзі – поэзия. Соны есім. Қазақ поэзиясындағы Мұқағали  Мақатаев, Мұхтар Шаханов секілді алып ақындардың қасына мен Маралтайды да қосар едім», деді ол өз сөзінде. Ал жазушы Айгүл Кемелбаева ақын туралы айта келіп, оның сонау тоқсаныншы жылдары заманның қиын тұсында әдебиетке адал қызмет еткенін ерлікпен пара-пар деп бағалады. «Тоқсаныншы жылдарда Маралтай мұзжарғыш кеме сияқты бір буынның алдында жүрді. Егер, Маралтай «сынып» кетсе, ол сол буынға да қатты әсер етер еді. Бірақ Маралтай «сынған» жоқ!», –  деді ол. Қаламгер  Жанат Әскербекқызы ақын шығармашылығының ерекшелігін,  кітаптың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқанын айта келіп, сәттілік тіледі. Ал ақын Қалқаман Сарин Маралтай Райымбекұлына арнаған өлеңін оқып берді.  Ақын, жазушы Ақберен Елгезек ақынның жас қаламгерлерге берген өлеңдегі әсерін әңгімеледі. «Біз Алматыға келгенде шаһарда ковид вирусы секілді «пандемия» жүріп жатыр екен. Барлық жас перілер Маралтай дертіне шалдығыпты. Ол дертке біз де шалдығып, әрең айықтық. Маралтай аға соңғы уақытта жазып жүрген шығармалары кезіндегі дүркіреп тұрған шағынан кем емес. Асқақ, рухты жырлар. Бұл кітап өз бағасын алады деп сенеміз» деді ол ағынан жарылып. Кітап таныстырылымында ақынның өзі де жаңа жырларын оқыды. Кітаптың қызыл лентасын Амантай Тойшыбайұлы, Бауыржан Жұмағұлов, Нұрлан Төремұрат, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы секілді ақынның қаламдас аға-әпкелері қиды.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар