Кеше елордада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері басталды. Бағдарлама аясында өткізілетін шығармашылық және іскерлік іс-шаралар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Кеше елордада Kinopark 7 IMAX Keruen кинотеатрында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен РОСКИНО ұйымдастырған Ресей киносының фестивалі басталды.
– Қазақстандағы Ресей киносының фестивалі – екі елді өнер мен кинематография арқылы біріктіретін маңызды оқиға. Бұл іс-шара халықтар арасындағы достықты нығайту, мемлекетаралық мәдени алмасуды дамытып, бұдан былай да табысты серіктестікте болу үшін тағы бір маңызды қадам болмақ, – деп атап өтті Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова.
– Біз қазақстандық көрерменге бүкіл әлем көрермендерінің сүйіспеншілігіне ие болған фильмдерді ұсынатынымызға қуаныштымыз. Мәдени диалогтың бір бөлігі болу және Астанада заманауи орыс киносының үздік үлгілерін көрсету біз үшін айрықша мәртебе, – деп түсіндірді РОСКИНО-ның бас директоры Эльза Антонова.
Фестиваль бағдарламасында ауқымды аудиторияға арналған түрлі жанрдағы фильмдер бар. «Август» (реж. Н.Высоцкий, И.Лебедев), «Чебурашка 2» (реж. Д.Дьяченко), «Буратино» (реж. Игорь Волошин), «Авиатор» (реж. Е.Кончаловский), «Первый на Олимпе» (реж. А.Михалков), «Красный шёлк» (Андрей Волгин), «Три кота. «Путешествие во времени» фильмдері ұсынылмақ.
– «Газпром-Медиа Холдинг» отандық контентті шетелде ілгерілетуге көп көңіл бөледі және бүкіл әлемде өтетін РОСКИНО фестивальдеріне тұрақты түрде қатысады. Қазақстандағы көрсетілімдер бағдарламасына холдингтің қолдауымен түсірілген «Первый на Олимпе» спорттық драма кірді. Кино – бұл бәріне ортақ тіл. Ал мұндай ішкі күш туралы оқиғалар көрерменге шабыт беріп, ештеңе түсіндірмей-ақ көрерменнің көңілінен шығады. Бұл фильмнің Қазақстанда көрсетілетініне қуаныштымыз. РОСКИНО мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігіне жүйелі жұмысы үшін алғыс айтамыз. Холдинг өз тарапынан адамдардың жүрегіне жол табатын жобаларға бұдан былай да салым салады, – деп атап өтті «Газпром-Медиа холдингінің» бас директоры Александр Жаров.
– «Буратино» фильмі классикалық сюжетке сүйене отырып, әртүрлі елдер мен ұрпақтардың көрермендерін біріктіруді жалғастырып, бала кезден таныс тарихтың заманауи нұсқасын ұсынады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Красный шёлк» шетелдік прокаттағы ең сәтті фильм. Ресейде де, шетелде де, Қытайдағы прокатта да көрермендердің жоғары қызығушылығына ие болды. Қазақстандық көрермендер бұл картиналарға жақсы баға беретініне сенімдімін. Біз үшін бұл кино арқылы елдер мен халықтар арасындағы диалогты дамытудағы маңызды қадам, – деп атап өтті Ұлттық Медиа тобының бас директоры Светлана Баланова.
– «Первый на Олимпе» картинасы басты кейіпкердің күресі мен оның жеңісі туралы. Ерік-жігердің ең қиын сәттерде қалай шыңдалатыны туралы. Батырдың жеңісі кездейсоқ жетістік емес, ішкі дүниесімен ұзақ жұмыс істеудің нәтижесі. Адамдарға бұл трансформация мен тарихты түсіну үшін тіл де, мәдениет те кедергі келтірмейді, – деп түсіндірді режиссер Артем Михалков.
Сондай-ақ фестиваль қонақтары шығармашылық делегация өкілдері – актерлер Дарья Кукарских («Авиатор») және Антон Савватимовпен («Первый на Олимпе») кездесті. Олар көрермендерге фильмдерді таныстырып әңгімелесті.