Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 млн теңге төлеуге уәде етті

/
Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 млн теңге төлеуге уәде етті
turkystan.kz коллажы. Суретте: Баян Алагөзова мен Меруерт Өтекешова

Продюсер Баян Алагөзова "Қыз Жібек" фильміндегі аты аңызға айналған қамзолға қатысты тағы да пікір білдірді. Бұл туралы turkystan.kz тілшісі Tizgin.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, қоғамда қызу талқыланған бұл бұйым өзіне сыйлық ретінде берілген. Алайда оның алдағы тағдыры тиісті мемлекеттік органдар мен қоғам шешіміне байланысты болмақ.

"Бірақ қазір ол менде. Әлбетте, ерте ме, кеш пе, мен бұл ұлттық мұраны музейге тапсырамын. Алайда мен оны киіп, шешіп, керек жерде сақтаймын. Өзімді сол ұлы фильмге, ұлы әйел Меруерт Өтекешоваға қатысым бар деп сезінемін. Мен Меруерт апайға жеке жүгінгім келеді, оған алғыс білдіремін. Оның рөлі мен Қазақстанның өнеріне қосқан үлесіне рақмет айтамын. Сіз қазақ қызының мәңгілік символы әрі мәңгілік Қыз Жібексіз", – деді ол.

Продюсер келесі жылы өтетін "Қазақ аруы" жобасына актрисаны арнайы шақыру жоспары бар екенін де айтты. Бұдан бөлек, ол өнер иесіне қамқорлық ретінде өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

"Қымбатты, Меруерт апай. Мен сізге осы бір тонды сыйлағым келеді (өзі киіп көрсетті). Мен оны сезіммен таңдадым. Ол бұйым сізге лайық. Сонымен бірге сізге өзімнің және жарымның атынан әр айда 1 млн теңгеден өмірдің соңына дейін бергім келеді. Мен мұны неге жария еткім келді? Себебі қаншама мықты әртістер ұмытылып кетті. Мен меценаттарға біздің тарихымызды жасап жатқан азаматтарды ұмытпасаңыздар екен деймін, көмектесіңіздер. Сол себепті бұл сыйлық менің атымнан беріледі", – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін продюсер Instagram желісінде дәл осы қызғылт қамзолды көрсетіп, оның өзіне сый ретінде берілгенін айтқан еді. Бұл киімді "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова киген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар