«Мұхтар Шаханов» дегенде қазақ санасында оянатын концептілер сан алуан. Бұлар тұтас бір жүйемен бірге тітіркенеді. «Мұхтар Шаханов» деген кезде «түркі дүниесі», «түркі әлемі», «қырғыз-бауыр», «Шыңғыс Айтматов», «қазақ тілі», «мемлекеттік тіл», «қазақстандық емес, қазақ ұлты», «көпұлтты емес, моноұлтты ел», «тәуелсіздік», «азаттық», «желтоқсан», «желтоқсаншыларды ақтау», «Арал теңізін қайтару», «Наурызды жаңғырту», «Наурызды қайтару», «Жалын» журналы, «отансүйгіштік», «елжандылық», т.б. таным бірліктері бұрқ етіп көкіректе рухты оятады. Егер Мұхтар Шахановтың қазақ танымындағы көрінісін арнайы зерттейтін болса, бұлардың саны еселене түсетініне күмән жоқ.
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, даңқты ақын Мұхтар Шаханов дүниеден озды. Аты әлемге тарап, алысты шарлаған перзентімен Алматы жұртшылығы қимай қоштасып, өз өсиеті бойынша туған жеріне – Отырар өлкесіне жерленді.
Ақындығы мен азаматтығы бөлінбеген, қажет кезінде шындық үшін шырылдап, жанын салған, қара басының қамы үшін бүгежектемеген, ешқашан өз биігінен аласармаған ерен тұлғасын елі елжірей сүйді.
«Танакөзін», «Дәуір дастандарын», «Құз басындағы аңшының зарын» оқымаған әдебиетсүйер қауым жоқтың қасы. «Жазагер жады космоформуласы немесе Шыңғысханның пенделік құпиясы», «Өркениеттің адасуы», «Компьютер басты жарты адамдар» секілді әлеуметтік-философиялық шығармалары заман жайлы ірі толғаныстарға арқау болды.
Наурыздың оралуы, Арал қасіреті, Желтоқсан шындығы, Мемлекеттік тіл мәртебесі десе, тіл ұшына ең алдымен Мұхтар Шаханов есімі оралады. Күрескерлік рухы көпке үлгі болған қоғам қайраткерінің аңызға толы өмірі туралы әлі талай айтылады. Ел ертеңі үшін аянбай еңбек етудің символына айналар есімнің иесі болып ғұмыр кешудің қуанышы мен азабын бірдей татқан тарланбоз жайлы мадаққа толы мәңгілік жыр-дастан басталған шақтың бәріміз куәгеріміз.
Қош, ұлтын сүйген ұлы жүрек!Редакциядан
ҚОШ БОЛ, АРДАҚТЫ АҒА!
Ұлт тарихында ерекше із қалдырған санаулы ғана пассионар тұлғалар болады. Көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері, аса дарынды ақын Мұхтар Шаханов сондай таңдаулылардың сойынан еді.
Сонау Кеңес Одағының шовинистік саясаты қайнап тұрған алмағайып заманның өзінде Мәскеудегі одақтық парламенттің трибунасынан, 1986 жылы ұлт намысын ту етіп, Алматыдағы Л.Брежнев алаңына ақырып теңдік сұрап шығып, кейін метрополияның қатаң репрессиясына ұшыраған қазақ жастарының ерлігін бүкіл дүниеге паш еткен жалғыз қазақ осы ағамыз еді. Ал оның алдында ұмытылып кеткен ұлық мерекеміз әз-Наурызды қайта тірілтіп, қасиетті Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе алып берген де осы бір жайсаң жан болатын.
Басқасын былай қойғанда осы үш ұлы ерлігімен-ақ Мұхтар Шаханов өзінің ардақты есімін Қазақ тарихына жазып кетті деп сеніммен айта аламыз.
Ал қазақ поэзиясында ол баллада жанрына жаңа поэтикалық өрнектер мен биік мазмұн қосып, осы жанрдың дүниежүзілік классикасының деңгейіне дейін көтеріп кетті.
Қош бол, ардақты аға!
Сені туған халқың ешқашан ұмытпайды.
Топырағың торқа болсын, ендігі бақидағы мәңгілік өміріңде рухың жұмақтың төрінде шалқығай!Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ШАХАНОВТЫҢ ШЫНАЙЫ БАҒАСЫН БЕРУ – БОЛАШАҚТЫҢ ІСІ
Мұхтар Шаханов өз есімін даңққа бөлеген тұлға. Ақын өлеңдерімен бірнеше буын өкілдері тәрбиеленді.
Жалпы, қай кезде де үлкен поэзияға назар аударушылар кем болған. Өлең оқитындар қатары да сирек. Солай бола тұра, Шаханов өлеңдері оқымасыңа қоймайды және жатқа айтылатын өнер туындысы болды.
Шаханов 16 жасынан бастап поэзия әлеміне еркін кірген айтулы талант иесі. Содан бергі уақытта оның шығармашылығы халық назарынан тыс қалған емес.
Жалпы, Мұхаң армансыз адам. Себебі ақынның бақыты – шығармаларының ел аузында жатқа айтылуы. Ал Мұхаң болса, сол арманға жеткен адам.
Оның өлеңдерінің, әндерінің осы уақытқа дейін орындалып жататыны – ақын шығармашылығының халқынан өз бағасын алғанының дәлелі сияқты. Солай бола тұра, Мұхаңның өзі «Менің шығармашылығымды өз еліме қарағанда өзге елдердің халқы көбірек бағалайды, құрметтейді» дейтін. Шындығына келгенде, ақын шығармалары қанша жерден жатқа оқылса да, сыншылар тарапынан өз деңгейінде шынайы бағасын ала қойған жоқ. Оның туындыларының тереңіне бойлаған сыншылар көп көзге түспейді. Сондықтан Мұхаңның әлгі сөзін жоққа шығару қиын.
Ақынның өзі «Мен бірнеше романға жүк болатын философиялық ойларды бір шумақ өлеңге сыйдырып жіберемін» дейтін. Оның поэзиясындағы тереңдікті әлем таныған, әлемнің айтулы тұлғалары тамсанған. Солай бола тұра, біздің әдебиеттанушылар Шахановқа осы тұрғыда баға берген емес. Ақынның әлгіндей терең ойларына бойлаған әдебиетші қауым кемде-кем.
Мәселен, біз «Өркениеттің адасуы» атты өлеңмен жазылған романын, «Жазагер жады космоформуласы немесе Шыңғысханның пенделік құпиясы» атты шығармасын оның дақпырты арқылы ғана танимыз. Әйтпесе, бұл екі туынды ЮНЕСКО-да екі рет талқыланған, әлемнің 40-шақты тіліне аударылған ғажап туындылар. Германияның 12 қаласында осы шығармаларға байланысты Мұхаңмен кездесулер, конференциялар өткен. Солай бола тұра, бұл туындылар қазақ оқырмандарына беймағлұм болып қалды. Біз тек Шыңғыс хан төңірегіндегі әңгімелерге ғана араласамыз. Оның өзінде Шаханов жазған шығарма деңгейінде емес, өз таным-түсінігіміз деңгейінде айтысып, дау-дамайға ұластырып жібереміз. Ал ондағы ойлар жеңіл түсініктен мүлде алшақ жатыр.
Сондай-ақ «Өркениеттің адасуы» шығармасында бүкіл әлем сол өркениетке қарата көшін түзеп, соған ұмтылып жатқан кезде ол өркениеттің басқа бағытқа бұрылып кеткенін айту – Мұхаңның ерекше бір ойлау жүйесінің көрінісі еді ғой! Біз Шахановты осы тұрғыдан бағалай алдық па? Жоқ!
Мәселен, «Компьютербасты жарты адамдар» атты шығармасы өркениеттің бүгінгі жетістігін меңгерген халықтың табиғи қасиетін жойып алу қаупіне ұрынғаны жайлы жазылған. Бұл, былай қарағанда, ақылға сыймайтын нәрсе секілді. Себебі бүгінгі таным, бүгінгі жетістік – компьютерлік жетістік адамның ойлау жүйесінің шыңы. Адамзат соған жетуге ғасырлар бойы ұмтылды, бірақ жетістікке қол жеткен соң оны жақсылықпен бірге жамандыққа пайдалану етек алып бара жатыр. Сондықтан Мұхаң шектен тыс әуестенушілікті қабыл алмайды. Себебі адамның болмысынан айнуын, жат таным-түсініктер бел алып, соның әсерінен адамзат табиғи қалпынан ауытқып бара жатқанын сезеді. Технологиялық сананы қабылдаған, соның жетістігінің шыңына көтерілген және соны мақтан тұтатын жапондардың өзі Мұхаңа еріксіз қол соққан және өздері қазақ ақынымен кездесу өткізгенге дейін оның ойларын талқылап, ақынның ойы жүйріктігіне тәнті болған. Бұл да қазақ ақынына берілген әлем елдерінің бағасы. Ал біз Мұхаңа бұл қырынан келген емеспіз.
Жасыратыны жоқ, бір кезде Шаханов шығармалары жастардың көңілінен шығып, солардың ортасында кең танымалдылыққа ие болғанын көрген әдебиетіміздегі ақсақалдар Мұхтар Шахановқа қатысты «жастардың ақыны» деген көзқарас қалыптастырып жіберді. Ол ақынға берілген лайықты баға емес еді, керісінше, қомсыну секілді болды. Өкініштісі сол, «жастар ақыны» деген сөз біраз уақыт Шаханов есімімен ере жүрді. Бұл да ақынның тереңдігін танымау, сыншылардың жіберген ағаттығы. Сондай-ақ «Шаханов өлеңдері жаттауға оңай, түсінуге жеңіл, аңызға, оқиғаларға құрылған, сондықтан көп оқылады» деген сөздер де ақын шығармашылығын қарабайыр санау. Әйтпесе, сол поэма-балладаларында қолданылған аңыздар астарындағы философиялық танымды жете зерттеп, оның не үшін шығармаға өзек болғанының астарын ашуға тырысуымыз керек еді ғой.
Ақынның ой тереңдігі алғашқы өлеңдерінде-ақ көрініс береді. Сол ойлар өсе келе, дами келе «Өркениеттің адасуына» ұласты, «Компьютербасты жарты адамдарға» жетті. Солай ол жаңа биікке көтерілді. Бұлар – ақынның шығармашылығына қатысты айтылған ойлар. Ал енді оның тек поэзиясымен шектеліп, композитор-лығын, қайраткерлігін айтпасақ, Шахановты толық тану мүмкін емес. Оны осы үш қырынан бөліп қарауға болмайды. Ол бәрінде де тең тұрған тұлға. Өйткені оның қайраткерлігі шығармашылығымен үндесіп жатады.
Мұхаңның Арал тағдырына, оның адамзатқа кауіп төндірген экологиялық апатына әлем назарын аударуы – оның күрескерлік қасиеті. Ел басына түскен бұл экологиялық апатты өзінің жан дүниесімен сезініп Арал туралы ән шығаруы – ақынға тән шынайы азаматтық қасиет. Сондай-ақ оның Желтоқсан оқиғасына шынайы баға бергізуге күш салып, соңынан ол тақырыпқа өлеңдер жазып, ән шығаруы да оның өмірі мен өнерінің үндестігін көрсетеді. Ақынның тіл тағдыры үшін жүргізген күресі жайында да осы секілді ойларды айтуға болады. Сондықтан ақынның бұл үш бағыттағы істерінің маңызына терең бойламай болмайды.
Шахановтың композиторлық қабілеті туралы да әлі жеткілікті баға беріле қойған жоқ. Әндерінің әлі күнге жиі шырқалатынына да жете мән берген емеспіз. Біреулер айтады, «Шаханов кезінде Шәмші Қалдаяқовпен бірігіп ән жазып, өзінің композиторлығын қалыптастырды, оның атының шығуына Шәмшімен бірігіп ән жазуы себеп болды» деп. Бұл – жаңсақ түсінік. Әрине, Мұхаңның ғажап ақын Төлеген Айбергеновпен, тамаша композитор Шәмші Қалдаяқовпен достық қарым-қатынасы өз алдына бөлек әңгіме, ал шығармашылық тұрғыдан алып қарағанда, «оның композиторлық қабілетінің оянуына Шәмші себеп болды» деген сөз бекер. Өйткені талант – қай істе де талант. Ал Мұхаңның композиторлығына, әндеріне жете назар аударылса оның ерте оянған бөлекше қабілетіне өзгеше баға берілер еді. Меніңше, бұл шахановтанудағы алдағы күндер еншісіндегі істер дер едік.
Шаханов – әлемге танылған, мойындалған ақын. Әлемдік тұлғалармен тең түскен, терезесі тең ақын. Евгений Евтушенкомен, Шыңғыс Айтматовпен, Расул Ғамзатовпен арадағы достық қарым-қатынасы соның бір айғағы. «Жалын» журналында Мұхаңның қасында ұзақ жүріп, орынбасары болып жүрген кезімде осылардың куәсі болған адаммын. Евтушенко қайтыс болған кезде Мәскеуге барып жерлеуіне қатысып сөз сөйледі. Ғамзатов қайтыс болар алдында Мұхаңды шақыртып алып қоштасқан. Айтматовпен өле-өлгенше бірге жүрді, бірігіп «Құз басындағы аңшының зары» атты кітап жазды. Шахановтың қызына Айтматовтың өзі Айшөрек деп есім берген.
Ұлыларды ұлылар ғана түсінеді, сыйлайды, құрметтейді, сырлас болады. Мұхтар Шаханов ұлы тұлға болып өмір сүрді. Ұлы тұлға болып тарихта қалары даусыз.Құдияр БІЛӘЛ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Жалын» журналының бас редакторы
ЗАМАН ТУДЫРҒАН ТҰЛҒА ЕДІ
Мұхтар ағамыздан, заманымыздың заңғар ақынынан айырылдық. Біртуар тұлға еді. Ел еңіреп, халық күңіреніп кетті.
Мұхаң бар саналы ғұмырын ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға арнады. Алғашқы «Сырдария» атты өлеңі 16-дан 17-ге қараған шағында, ал «Бақыт» атты тұңғыш кітабы 20-дан асқан кезінде жарық көрді. Оның «Танакөз» поэмасы айрықша резонанс тудырды. «Сенім патшалығы» поэтикалық драмасы Жастар театрында аншлагпен өтті. Оның қазақ аңыздарына құрылған сюжетті балладалары мен поэмалары оқырман жүрегін жаулап алды. Біздің студент кезімізде жастар Мұхтар ағаның жырларын жатқа оқитын. Ол қай кезде де өз заманының ең танымал ақындарының бірі болды. Өзіне жұртшылықтың табынғанын көзімен көріп
кетті.
Музыкалық нотаны білмесе де Құдай берген табиғи талантының арқасында 46 ән шығарды. Сондай-ақ атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың Мұхаң сөзіне жазылған 19 әні бүкіл халықтың жан сарайына өшпестей болып жазылып қалды.
Қоғам қайраткері ретінде Ана тіліміздің Мемлекеттік мәртебе алуына, Арал теңізін қорғауға, Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашуға, Қазақ жерінің шетелдіктерге жалға берілмеуіне және сатылмауына, «Қазақстандық ұлт» болмауға сіңірген еңбегі зор.
Мұхтар аға өзінен бес жас үлкен ағасы, өмірден небәрі 30 жасында ерте озған әйгілі ақын Төлеген Айбергеновтің шапағатын көп көрді. Айбергенов Мұхтардың алғашқы кітабын шығару жөнінде Қадыр Мырзалиевке арнайы хат жазып, Жұмабек Ташеневке кіріп, Шымкент шаһарынан үй алуына жәрдемдескен. Ал оның «Сағыныш» атты атақты цикл өлеңдері інісі Мұхтар Шахановқа арналды.
Мұхаңның анасы Ұмсын апамыздың: «Менің үш ұлым бар. Үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұхтар», – деген сөзін өз аузынан естідім.
Мен Төлеген Айбергеновтің екінші қызы Махаббатпен тағдыр қосқандықтан, Мұхаң мені «КБ» дейтін. Онысы күйеу бала дегені.
Мұхаңның Түркі әлеміндегі атақ-даңқын 2007 жылы Түркияның Елазығ шаһарында Шыңғыс Айтматовқа арналған Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының фестивалінде өз көзіммен көріп, куәгер болдым. Ол сол кездің өзінде әлемнің 68 тіліне шығармаларым аударылған дейтін. Одан бері 19 жыл өтті. Әлемге танымал Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Евгений Евтушенко, Давид Кугульдинов, Қайсын Құлиев, Шыңғыс Айтматов сияқты ақын-жазушылармен құшағы айқасқан дос болды.
Мұхтар Шаханов өз өлеңдерімен өзіне мәңгі өшпес ескерткіш қойып кеткен, қазақ поэзиясын дүниеге таныстырған санаулы Тұлғамыздың бірі еді. Өзі туып-өскен Отырар топырағынан жаны жай тапты. Жатқан жері жәннаттың төрі болсын!Бауыржан ЖАҚЫП,
ақын
«МҰХТАР ШАХАНОВ» – ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК ИДЕНТИФИКАТОРЫ
Мұхтар аға дүниеден озғаннан бері бүкіл қазақ халқы аза тұтып отыр. 19 сәуір бәріміз үшін қаралы күн. Олай демеске шара бар ма?!
Халқымыздың бүгінгі қазақ санасында Мұхтар ағаның есімімен байланысты таным бірліктері (концептілер) өте көп екен. Тіл мен танымның байланысын зерттейтін когнитивті лингвистика, адамның танымын зерттейтін когнитология ғылым салаларында концепт деп адам санасында қалыптасқан ақиқат дүние туралы таным жүйесінің ең кішкентай бірлігін айтады. «Мұхтар Шаханов» деген кезде жүрегі қазақпын деп соққан әрбір жанның санасында мынандай концептілер өз-өзінен оянады екен. Ең алдымен, «Ақын» концептісі тіріледі. «Шаханов» ақын деген кезде әке-шешелеріміздің, тіпті өзіміздің де, кейінгі жастардың да той-думанда, замандастар бас қосқан жиындарда, студенттік шақтың дүбірлі кездесулерінде дүйім жұрт боп шырқалатын, хор болып (назар салыңыз хор – ұжым болып) айтылатын әндері еске түседі. Бұдан әрі «Ән» концептісі ойға оралады. Мұхтар ағамыздың сөзіне Шәмші ағамыздың ән жазуы бекер емес. Халық жадынан ойып тұрып орын алған «Ән» концептісі «Мұхтар Шаханов» деген концептімен тікелей байланыпты.
Келесі бір ойға келетіні – «Композитор» концептісі. Мұхтар ағаның сөзін де, музыкасын да өзі жазған әндері – «Туған күн кешінде», «Жұбайлар жыры», «Махаббат елі», т.б. – ғашықтық, махаббат, саф-таза адамдық сезімнің символы.
Бұл әндер халық жүрегінен орын алған әндер деп айта салу жеткіліксіз. Олар әр қазақтың жүрегіндегі қан тамырына, тініне, тіпті қанына дейін сіңіп кеткен. Бұл феноменнің мәні сөзі мен музыкасында ғана емес, мыңдаған ғасырлық тарихы бар, қазіргі кезде миллиондаған саны бар қазақ деген тілдік-мәдени этноқауымдастықтың өмір сүрген барлық уақыт кеңістігіне ортақ интенциялардан (ішкі ойдан) құралғанында жатыр. Шаханов поэзиясының да құдіреті осында деп ойлаймын.
«Мұхтар Шаханов» дегенде қазақ санасында оянатын концептілер сан алуан. Бұлар тұтас бір жүйемен бірге тітіркенеді. «Мұхтар Шаханов» деген кезде «түркі дүниесі», «түркі әлемі», «қырғыз-бауыр», «Шыңғыс Айтматов», «қазақ тілі», «мемлекеттік тіл», «қазақстандық емес, қазақ ұлты», «көпұлтты емес, моноұлтты ел», «тәуелсіздік», «азаттық», «желтоқсан», «желтоқсаншыларды ақтау», «Арал теңізін қайтару», «Наурызды жаңғырту», «Наурызды қайтару», «Жалын» журналы, «отансүйгіштік», «елжандылық», т.б. таным бірліктері бұрқ етіп көкіректе рухты оятады. Егер Мұхтар Шахановтың қазақ танымындағы көрінісін арнайы зерттейтін болса, бұлардың саны еселене түсетініне күмән жоқ.
Мұхтар аға – мен үшін өзі өмір сүрген дәуірде де, өзіне дейін өмір сүрген қазақ деп аталатын ұлттың тарихи кезеңдерінде де құнды болған барлық асыл рухани дүниеліктердің жоқтаушысы іспетті. Демек, ағаның есімі болашақта да мәңгі болмақ, себебі «Мұхтар Шаханов» және «Қазақ» деген концепті бір-біріне сіңісіп, бір-бірімен өріліп, адамның тұтас бір тініндей болып кеткен ұғымдар.
Мұхтар ағаны жоқтап аза тұтып жүрмін. 24 сағаттық тәуліктің 8 сағаты ұйқымен кетсе, қалған 16 сағатымның барлығында да радиодан, теледидардан, лингвист болғандықтан, жұмыс істеп отырған қазақ мәтіндерінің өн-бойынан, қазақ сөзі мен үні шыққан барлық ортадан «Мұхтар Шаханов» концептісіне байланған таным бірліктері санамды үзбей сергек ұстайтынын аңғардым.
Кез келген ұлттың басын біріктіретін, оны тұтастыратын таным бірліктерін ғылымда бірегейлендіруші (идентификатор) деп атайды. Әдетте, осы бірегейлендірушілер ұлтқа ортақ ұғым, түсінік, категориялар, бағалы құндылықтар, қандай да бір бейзат не материалдық мәдениет нысаны, жеке тұлғалар есімі, мұрасы, т.б. атауы түрінде тілде көрініс табады. Бұлардың барлығы жүйелі түрде тіл арқылы ұлттың санасында орнығып, тіл арқылы өзінің бірегейлендіруші қызметіне ие болады, әрі солай қызметін атқарады. Осы ұғым-түсініктердің барлығын тұтастырсақ, «Мұхтар Шаханов» деген концептінің өзі қазақ ұлтының бірегейлендірушісіне (идентификатор) айналғаны байқалады. Себебі қазақ десе, Мұхтар Шаханов, Шаханов десе қазақ еске түсетіні анық.
Сөз соңында айтарым, қазақ тілін, қазақ поэзиясын, қазақ публицистикасы мен драматургиясын, қазақ философиялық прозасын, стилистикасын, саяси шаршытоп сөзін өзінің жеке биік талғампаздығымен, Алладан дарыған ұлы шеберлігімен, мұқалмас рухымен жаңа шыңға шығара алған Мұхтар аға Шахановтай тұлғаның болғаны үшін, қазаққа сондай перзент бергені үшін Жаратушыға шүкірлік айтамын. Жаныңыз жәннаттан болсын, Асыл аға!Анар ФАЗЫЛЖАН
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас директоры