Ғалымдар ақша мен дауыс ырғағының арасында байланыс барын анықтады

/
Ғалымдар ақша мен дауыс ырғағының арасында байланыс барын анықтады
сурет: istockphoto.com

Адамдар күн сайын ақшаға қатыстты шешімдер қабылдайды: досына қарызға ақша беру, кредит алу, инвестиция салу секілді. Бұл шешімдер көбінесе логикаға, есеп-қисапқа негізделетіндей көрінгенімен, жаңа зерттеу оларды бейсаналық деңгейдегі факторлар да басқаратынын көрсетті. Атап айтқанда, дауыс тембрінің жоғары немесе төмен болуы адамдардың қаржылық сенімділікке қатысты таңдауларына әсер ететіні анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлыбританияның British Journal of Psychology ғылыми журналында жарияланған зерттеу нәтижесі бойынша, адамдар экономикалық сенімге негізделген ойындарда жоғары дауыс иелерін жиі таңдап, оларға көбірек ақша берген. Бұл таңдау нақты қаржылық тәуекел деңгейіне байланысты болмаған. Яғни, дауыс жоғары болса – сенім де жоғары. Мұндай нәтиже бұрынғы зерттеулердегі дауыс биіктігі мен сенімділік арасындағы қайшылықтарды түсіндіруге жаңа жол ашады.

Зерттеуді жүргізген Джиллиан О’Коннор, Хьюстон-Доуэнтаун университетінің доценті. Ол алдыңғы ғылыми жұмыстарда бірде жоғары, бірде төмен дауыстар сенімді деп танылуының себебін қаржылық тәуекел деңгейіне байлады. Бұл гипотезаны тексеру үшін ол 118 студентке дауыс жазбаларын тыңдатып, олардың кімге сенетінін бақылады. Жазбаларда қатысушылар «hello» деген сөз немесе қарапайым дауысты дыбыстарды естіп, дауыс иесіне қаншалықты ақша беретінін шешті.

Дауыстар арнайы бағдарламамен сәл ғана жоғары немесе төмен етіп өңделген. Бұл өзгеріс табиғи естілгенімен, тыңдаушылар үшін сезілерліктей болды. Нәтижесінде қатысушылар ерлер мен әйелдердің жоғары дауысты нұсқаларын сенімдірек деп қабылдап, оларға көбірек ақша ұсынған. Бұл үрдіс қаржылық тәуекел аз болғанда да, жоғары болғанда да қайталанды. Яғни, адамдардың ішкі түйсігі – «жоғары дауыс – сенімді адам» деген қорытындыға бейім екенін көрсетті.

Бір қызығы, дауыс иелерінің өздері ақша қайтарушы рөлінде елестетілгенде де, тыңдаушылар жоғары дауысты адамдарға көбірек қаражат қайтаруға дайын болған. Бұл тәжірибе барысында ешқандай нақты салдар болмаған – ақша қайтарылмаса да, ешкім жазаланбайтын. Соған қарамастан, жоғары дауыс иелеріне әділдік көбірек көрсетілген.

Бұрынғы көзқарас бойынша, төмен дауыс күштірек, сенімдірек, билікке лайық деп есептелген. Алайда бұл зерттеу сенім мен қаржылық әділдікке келгенде жағдай күрделірек екенін айғақтайды. Төмен дауыс – иландыру мен беделдің нышаны болса, жоғары дауыс – жылы жүзділік пен әріптестікке бейімділіктің белгісі. Ал сенім, әсіресе қаржылық қарым-қатынаста, тек билікке емес, серіктестікке де арқа сүйейді.

Зерттеу шеңберінде қатысушылардан дауыс иесінің қаржылық тәуекелге бейімділігін бағалауы да сұралған. Бұл тұста олар, керісінше, төмен дауыс иелерін қатерлі әрекеттерге бейім деп санаған. Демек, жоғары дауыс тек сенімдірек емес, сонымен қатар қауіпсіз серіктес ретінде қабылданады.

Дегенмен зерттеудің шектеулері де бар. Қатысушылар студенттер болғандықтан, олардың жас ерекшелігі мен әлеуметтік тәжірибесі шектеулі. Сонымен қатар барлық шешімдер гипотетикалық сипатта болған – нақты ақша қолданылмаған. Болашақта әртүрлі жас, кәсіп және әлеуметтік топтарды қамтитын, нақты қаржылық жағдайларда жүргізілетін зерттеулер бұл нәтижелерді тереңірек дәлелдеуі мүмкін.

Джиллиан О’Коннордың айтуынша, келесі қадам – дауысқа негізделген мұндай шешімдердің саналы түрде қабылдана ма, әлде түйсікпен бе – соны анықтау. Егер бұл реакция бейсаналық деңгейде орын алса, онда қаржылық шешімдерге әсер ететін беттің, киімнің, не дауыстың сыртқы сипаттарынан арылудың жолдарын қарастыру қажет болады. Себебі дауыс биіктігі адамның қаржылық мінез-құлқын нақты болжай алмайды. Бұл – тек біздің қабылдауымыздағы психологиялық ауытқу.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары