Ерлан Сапаров: Конституциялық Сот – қоғам мен мемлекет арасындағы құқықтық диалог

Ерлан Сапаров: Конституциялық Сот – қоғам мен мемлекет арасындағы құқықтық диалог
сурет: istockphoto.com

Конституциялық сот – ел Конституциясының бұлжымас сақшысы, мемлекеттің құқықтық тірегі. Оның басты миссиясы – заңдардың Конституцияға сәйкестігін қадағалау, билік тармақтары арасындағы шектеулерді сақтау және азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғау арқылы елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл – жай сот емес, ол мемлекеттің құқықтық негізін бақылаушы орган. Оның әр шешімі заңның шынайы үстемдігін қамтамасыз етіп, билік пен қоғам арасындағы сенімді байланысты бекітеді. Елімізде 2023 жылдың қаңтарынан бастап өз жұмысын бастаған Конституциялық Сот қандай өкілеттіктерге ие, ерекшелігі неде, оған кім, қалай жүгіне алады деген маңызды сұрақтарымызды Конституциялық Сот Аппараты басшысының орынбасары Ерлан Әскерұлына қойған болатынбыз.

 – Конституциялық Соттың Консти­ту­циялық Кеңестен түбегейлі ерекше­лен­діретін негізгі құқықтық және инс­ти­ту­ционалдық айырмашылықтары қандай?

– Өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары елімізде Мемлекет басшысының бастама­сымен жүргізілген ауқымды реформалардың нәтижесінде конституциялық бақылау жүйе­сінің жаңа кезеңі басталды. Консти­туциялық Сот қайта құрылып, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзінің жұмысын бастады.  Бұл институт азаматтарға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және Бас Про­курорға қолданыстағы заңдар мен олардың кей нормаларының Конс­титуцияға сәйкестігін тексеру үшін тікелей жүгіну құқығын берді. Тағы бір маңызды ерекшелігі – ол конс­титуциялық бақылау органына жаңадан енгізілген шешім түрі. Енді қайта құрылған Конституциялық Соттың құзыретіне тек заңды Конституцияға сәйкес деп тану ғана емес, сонымен қатар оған ресми түсіндірме беру де енгізілді. Бұл дегеніміз, Конституция­лық Сот Ата Заңға сәйкес деп танылған заң­ға түсіндірме беріп, оның қолданылу ая­сын, мәнін және мазмұнын нақтылап көрсетеді. Мұндай түсіндірмелердің құқық­тық салмағы зор. Себебі олар заң нормалары­ның мәнін біркелкі қолдануға мүмкіндік береді, құқық­тық айқындық пен тұрақты­лықты қамтамасыз етеді. Конституциялық Сот берген түсіндір­мелерді мемлекеттік орган­дар да, соттар да, құқық қорғаушылар да басшылыққа алуға тиіс. Яғни, заң немесе оның жекелеген норма­лары тек Конститу­ция­лық Сот айқындаған мағынада ғана қолданылуы қажет.  
Осылайша, қоғам мен мемлекет арасын­дағы құқықтық диалогтың жаңа арнасы ашылды, ал азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейі жаңа сапалық сатыға көтерілді. 

– Конституциялық Соттың шешім­дерінің тәуелсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? 

– Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытындылары қабылдан­ған күнінен бастап күшіне енеді, Респуб­ликаның бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті және шағым жасауға болмайды.  
Құқық қолдану практикасында консти­ту­циялық заңдылықты қамтамасыз ету Конституциялық Сот шешімдерін іске асыру арқылы өзге де мемлекеттік органдар мен соттарға жүктеледі. 
Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын орындау міндеттілігі олардың еліміздің құқықтық дереккөздер жүйесіндегі ерекше мәртебесімен айқындалады. Конс­титуциялық Соттың конституциялық емес деп танылған нормаларын қайта қарау, заң­намаға өзгерістер енгізу немесе анық­талған олқылықтарды жою туралы шешім­деріне Үкімет, сот пен құқық қорғау орган­дары жедел ден қояды, бұл құқықтық акті­лер арқылы Конституция үстемдігін қамта­масыз ету және адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуда маңызды рөл атқарады. 
Конституциялық Сот өз қызметін бастағалы бері конституциялық іс жүргізу нәтижелері бойынша барлығы 73 қоры­тынды шешім қабылдады.

– Отандық Сот жүйесіне Консти­ту­циялық Сот ұғымы аса таңсық емес. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары Қа­зақ­станда құқықтық-нормативтік акті­лердің Конституцияға сәйкестігін қада­ғалаумен айналысатын Конституция­лық Сот болған. Бірақ бұл сот 1995 жылы таратылды да, оның орнына Ко­нс­титу­циялық кеңес құрылды. Конс­титуция­лық Соттың ел есінде қалған шешімдері­нің бірі – сол кездері Парла­мент рөлін атқарған Жоғарғы кеңес сай­лауын заңсыз деп тануы еді. Осы ше­шім­нен кейін Жоғарғы кеңес тара­тылды. Алайда көп ұзамай Конститу­циялық Соттың өзі де жабылды. 1995 жылы Конституциялық кеңес құрылды, Конституциялық Сот жыл соңында қызметін тоқтатты. Ма­ман­дар сол кездегі Конституциялық Сот Қазақстан­дағы ең биік, ең құзыретті және тәуелсіз сот органы болды дейді. Шын мәнінде солай ма еді? 

– Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде қызмет атқарған Конституциялық Сот еліміздегі құқықтық негіздерін қалыптас­тыруда маңызды рөл атқарды. Сол кезеңде мемлекеттіліктің іргесі жаңадан қаланып жатқанын, ал Конституциялық Соттың өзі күрделі саяси өзгерістер аясында жұмыс істегенін ескеру қажет. 
1995 жылғы Конституцияға сәйкес, конституциялық бақылаудың жаңа моделі енгізіліп, Конституциялық Кеңес құрылды. Бұл институт жиырма жеті жыл құқықтық тұрақтылық пен сабақтастықты қамтамасыз етіп келді.
2022 жылғы конституциялық реформа­лар нәтижесінде Конституциялық Соттың қызметі қайта жанданды. Бұл – елдегі құқықтық мемлекет қағидаттарын одан әрі нығайтуға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тиімді қор­ғауға бағытталған маңызды қадам. Бүгін­гі Конституциялық Сот тарихи тәжірибені ескере отырып, заманауи құқықтық талаптарға сай, тәуелсіздік, бейтараптық негізде жұмыс жүргізеді.
Сондықтан конституциялық бақылау институтын бір кезеңмен ғана бағалау дұрыс емес. Бұл – конституциялық әділеттің үздік­сіз даму жолы. Оның әр кезеңі еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосып отыр. 

– Конституциялық Соттың Жоғарғы Соттан айырмашылығы неде? Қарапай­ым халық кейде екеуінің қызметін шатас­тыратын сияқты...

– Екеуі екі түрлі орган. Жоғарғы Сот – ол сот билігін басқаратын және жүзеге асыра­тын жоғары сот органы. Конституциялық Сот – биліктің ешбір тармағына жатпайтын, заңдар немесе өзге де нормативтік құқықтық актілер мен олардың жекелеген нормалары­ның Конституцияға сәйкестігін тексеретін, Конституция нормаларына ресми түсіндірме беретін, сондай-ақ сайлауға және референ­думға қатысты дауларды қарайтын тәуелсіз институт. Жоғарғы Сот нақты азаматтық, қыл­мыстық, әкімшілік құқық бұзушылық не­месе әкімшілік істер бойынша дауды шешсе, Конституциялық Сот заңнаманың Конституцияға сай не сай еместігін анық­тайды. 
Сондықтан азаматтар Конституциялық Сотқа жүгінген кезде, өздерінің жеке даулары немесе лауазымды тұлғалардың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану үшін емес, сол дауларды қарау барысында қолданылған заң нормаларының Консти­туцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш­пен жүгінуі керек.
Себебі Конституциялық Сот жалпы юрисдикциялы соттар немесе басқа да орган­дар мен тұлғалардың шешімдерін қай­та қарамайды, оларды бұзып басқа шешім шығармайды. Ол тек қана құқық мәселесін қарайды. 

– Конституциялық Сот судьялары­ның қызметіне сырттан ықпал ету әре­кеттерін болдырмау үшін қандай шара­лар қолданылады?

– Конституциялық Сот билік тармақ­тарының (заң, атқарушы және сот) ешбіріне жатпайды. Ешбір мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға бағынышты емес. 
Жалпы, Конституциялық Соттың судья­лары – жауапты мемлекеттік лауазым иелері. Сондықтан да Конституциялық Сотқа және оның судьяларына ешқандай сыртқы ықпал­дардың болмауына Конститу­ция және арнайы заңдар деңгейінде кепілдіктер қарастырылған.
Айта кетсек, Конституциялық Соттың жұмысына қандай да бір жолдармен араласу­ға болмайды, қысым жасауға тыйым салына­ды және оларды заң бұзу бойынша жауап­кершілік жүктейді.
Конституциялық Сот судьяларын олар­дың өкілеттік мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оларға сот тәртібімен белгі­ленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайда болмаса, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
Осылайша, судьялар өз міндеттерін орын­дау кезінде тәуелсіз, конституциялық іс жүргізу мәселелері бойынша ешкімге есеп бермейді.
Мұндай модель конституциялық бақы­лауды жүзеге асырудың объективтілігі мен бейтараптығының көрінісі.   

– Конституциялық Соттың шешім­деріне түсіндірме беру немесе оларды нақтылау құқығы бар ма? 

– Әрине, Конституциялық Сот шешімдері де заңнамалар қатарына кіреді. Яғни, жаңа ғана қабылданған қорытынды шешімдерге тиісті аннотация жасалады, бұл ресми басы­лымдарда және Конституциялық Соттың интернет-ресурстарында жарияланады. Оларды барлық субъектілер орындауға тиіс. Ал оларды халыққа түсіндіру әрбір тиісті мемлекеттік органдардың міндеті. Бұл жағынан Конституциялық Сот шешімдерін насихаттаудың заңнаманың басқа түрлерін түсіндіруден ерекшелігі жоқ. 
Енді сол шешімдерді қосымша немесе жаңа шешім шығара отырып түсіндіру немесе қайта қарау тетіктері туралы айтатын болсақ, заңда ондай мүмкіндік қарас­тырылған. 
Мысалы, конституциялық іс жүргізуге қатысу­шылар не қорытынды шешімдерді орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Конституциялық Сот шешімін түсіндіру туралы өтініш білдірсе, онда Конституциялық Сот осы мәселені қосымша қарап, қосымша шешім шығаруға құқылы. 
Сонымен бірге қоғам үнемі қозғалыста болады ғой, осыған байланысты конститу­циялық бақылау органы шешімдерін қайта қарау үшін де ерекше жағдайлар тууы мүмкін. Бұл ерекше жағдайлар конституция­лық заңда анық айқындалған, олар: қайта қаралатын шешім шығаруға негіз болған Конституцияның нормалары өзгерген болса немесе жолданымның нысаны үшін жаңа мән-жайлар анықталса. Мұндай жағдайларда Конституциялық Сот өзінің немесе Пре­зиденттің бастамасы бойынша өз шешімін қайта қарауы мүмкін. Қайта қарау нәтиже­сінде тиісті қаулы шығарып, бұрынғы ше­шім­нің күшін жояды. 

– Конституция үстемдігін сақтауда Сот­тың миссиясы қандай нақты құрал­дарға сүйенеді?

– Конституциялық Соттың ең негізгі мақсаты – ол бүкіл еліміздің аумағында Ата Заңымыздың үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз Конституцияға негізделген құқықт­ың жоғары басымдыққа ие болуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғауды қамтамасыз ету. 
Конституциялық бақылау органы ол үшін қажетті құзыреттіліктерге ие. Оларды Ата Заңымыздың нормаларын түсіндіру, нормативтік құқықтық актілердің Консти­ту­цияға сәйкестігін тексеретін конституция­лық бақылау механизмі және тағы да басқа өзіне берілген құзыреттіліктер арқылы жүзеге асырады. 
Мысалы, қандай да бір норманың Конс­ти­туцияға сәйкестігін тексере отырып, Конституциялық Сот ол норманың сәйкес немесе сәйкес еместігі туралы ғана қорытын­дыға келумен шектеліп қоймай, өз шешім­дерінде нақты құқықтық ұстанымдар қалып­тастыру арқылы белгілі бір құқықтық жағдайдың толық және анық реттелу сипатын нақтылап, олардың қолданылу тәртібін көрсетіп отырады. Осыған байла­нысты тиісті мемлекеттік органдарға қарауға міндетті болатын ұсыныстар береді. Ал мемлекеттік органдар ол ұсыныстарды қарап, нәтижесі жөнінде хабарлауға тиіс.
Конституциялық Сот жыл сайын Пар­ла­мент Палаталарының бірлескен отырысында еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы баяндамасын жариялайды. Бұл құжатта жыл бойындағы конституция­лық іс жүргізу жинақталып, басқа да құ­қық­тық жағдайлар сипатталып, тиісті қоры-
тын­дылар жасалып, қажетті ұсыныстар енгізіледі.

– Қазіргі жағдайда Конституциялық Сотты институционалдық тұрғыда күш­ейту үшін қандай қосымша қадамдар қажет деп санайсыз?

– Қайта құрылған Конституциялық Сот – бұл республика Президентінің бастамасы­мен мемлекетімізде жүргізілген терең әрі нәтижелі конституциялық реформаның өнімі. Ол құқықтық мемлекетті дамыту әрі адам мен азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғаудағы тиімді қадам болды. 
Кез келген конституциялық орган секіл­ді, ол да уақытпен, қоғаммен, құқықтық сана мен мәдениетпен бірге дамып отыруға тиіс тірі институт екенін көрсетеді. Жаңа фор­мат­та жұмыс істеп жатқанына енді ғана екі жарым жылдан асты. Түбегейлі өзгерістер туралы айту уақыты әлі алда деп ойлаймын. Тәжірибе әлі жинақталуда, ең бастысы, құқықтық жүйенің қазіргі даму кезеңінде Конституциялық Сот азаматтардың сұраны­сына сай келеді, ал оның әлеуетін іске асыру үшін барлық қажетті алғышарттар мен құқықтық жағдайлар жасалған.

– Конституциялық Сотқа азаматтар қандай негіздермен жүгінуге құқылы және бұл құқықты шектеу тәуекелдері бар ма?  

– Ең алдымен, азаматтардың өтініш­терінде көтеріліп отырған мәселе Консти­туциялық Соттың құзыретіне кіру керек. Конституциялық Сотқа азаматтар Ата Заңы­мызда бекітілген құқықтары мен бостан­дық­тарын тікелей қозғайтын нормативтік құ­қықтық актілердің немесе олардың жекеле­ген нормаларының Конституцияға сәй­кестігін тексеру мәселесі бойынша ғана ж­үгіне алады. Азаматтардың Конституция­лық Сотқа жүгіну құқығы заңмен нақты реттелген және сәйкесінше оның тиісті талап­тары бар. Ең алдымен, дау айтып отыр­ған құқық нормасы белгілі бір азаматтың қатысқан нақты сот ісінде оның құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты болуы тиіс әрі сол іс бойынша соттың заңды күшіне енген шешімі болуы керек және ол шешім қабылданған уақыттан бір жылдан аса мерзім өтпеуі шарт. 
Белгіленген шарттарға қарамастан азаматтардың Конституциялық Сотқа тіке­лей жүгінуіне жол берілетін екі ерекше жағдай бар. Біріншісі – егер дау айтылып отырған құқық нормасы бойынша Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында берілген ресми түсіндірме оны басқа түрде қолдануға мүмкіндік бермейтін болса және бұл түсін­дірме азаматтың құқығын қорғауға тиімді құрал бола алмаса; екіншісі – егер заңның талаптары императивті (міндетті) сипатта болып, азаматтың алдын ала сотқа жүгінуі нақты жағдайда оның Конституцияда көз­делген құқықтары мен бостандықтарын қор­ғауға мүмкіндік бермесе. Мұндай жағ­дайда азамат Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығына ие болады.
Халықаралық тәжірибеде азаматтардың конституциялық бақылау органына жүгінуі үшін әртүрлі шарттар анықталған. Мысалы, азаматтар алдымен өздерінің құқықтарын қорғау үшін заңнамамен қарастырылған барлық құқықтық тетіктерді қолдануға міндетті. Сонымен бірге, конституциялық бақылау органына өтініш бергені үшін мемлекеттік баж төлеуі керек. Ал біздің елі­мізде ондай шарт жоқ. Конституциялық Сот­қа жүгіну үшін азаматтар мемлекеттік баж салығын төлемейді. Бұл да азаматтардың құқықтарын тиімді әрі тиісінше қорғауы үшін қарастырылған жеңілдік. 
Азаматтардың өтініштеріне қойылатын талаптар атап өткен конституциялық заңда және Конституциялық Сот Регламентінде толық көрсетілген. Конституциялық Соттың ресми интернет-ресурсында өтініш үлгілері және осыған қатысты тағы басқа мәселелер бойынша материалдар орналастырылған. Аппарат қызметшілері осы мәселелер бой­ын­ша күнделікті азаматтарды қабылдауды жүзеге асырып отырады.

– Конституциялық Соттың шешім­дері түпкілікті және шағым жасауға жат­пайды деген норманың артықшы­лықтары мен тәуекелдері қандай?

– Бұрынғы Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық келтіруге болатын. Ал қазір Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы мен «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конститу­циялық заңға сәйкес, Конституциялық Соттың шешімдері түпкілікті және шағым жасауға жатпайды. Бұл норма құқықтық жүйеде бірқатар артықшылықтарға ие. Ең алдымен, ол құқықтық айқындық пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етеді, шешімдерге шағым келтіріліп, тіпкілікті шешімнің шығуы­ның созылып кетуіне жол берілмейді. Себебі конституциялық дауға қатысты соңғы сөзді айтатын бірегей орган бар, бұл құқықтық белгісіздікті болдырмауға ықпал етеді. Сонымен қатар шешімнің түпкілікті болуы Конституциялық Соттың тәуелсіздігін күшейтеді, яғни Конституцияқ Сот шешім шығарғанда өзінің аса жауапты миссияны орындап отырғанына ерекше көңіл бөледі. 

– АҚШ Жоғарғы Сотының (Supreme Court) конституциялық бақылауы нақ­ты сот даулары арқылы жүргізіледі. Бұл модельдің артықшылықтары мен кем­ші­ліктерін Қазақстан тәжірибесімен салыстыра аласыз ба?

– Жалпы, әр елдің өзінің тарихы, құ­қықтық жүйесі әртүрлі болғандықтан, конституциялық бақылау институты да түрлі үлгіде қалыптасқан. Мысалы, АҚШ-та бұл функция жалпы юрисдикция соттарына, соның ішінде Жоғарғы Сотқа жүктелген және ол функция тек нақты сот істерін қарау барысында жүзеге асырылады. Яғни, тарап­тардың бірі заңның Конституцияға қайшы екенін алға тартқанда ғана сот оған баға береді. Мұндай модель сот прецеденттеріне негізделеді: сот шешімі нақты іс бойынша ғана міндетті, ал Жоғарғы Соттың шешімі бүкіл ел үшін прецеденттік мәнге ие болады. 
Ал Қазақстанда еуропалық модель негізінде құрылған Конституциялық Сот жұмыс істейді, ол арнайы субъектілердің өтініштері негізінде құқық нормаларының Конституцияға сәйкестігін нақты іске байланыссыз, абстрактылы түрде тексереді. Қазақстанда бұл бақылау орталықтан­дырылған, Конституциялық Соттың шешім­дері ресми және бүкіл ел үшін міндетті. 
Қазақстанның конституциялық бақылау органы адам құқықтарын қорғау мен құқық үстемдігін нығайту саласындағы халық­ара­лық тәжірибе мен құқыққа сүйене отырып қалыптасты. Мысалы, 2011 жылдан бастап Қазақстан Африка, Америка, Азия, Аустралия және Океания, Еуропа құрлықтарындағы 117 конституциялық әділет органын бірік­тіретін Конституциялық әділет жөніндегі Дүниежүзілік конференцияның мүшесі. 2012 жылдан бастап Қазақстан Еуропа Ке-
ң­есінің Венеция комиссиясымен ынты­мақ­тас­тық орнатты. Бұл – құқық арқылы демо­кратияны ілгерілетуді мақсат ететін және 47 елді біріктіретін Еуропалық комиссия.
Бүгінгі таңда әлемде конституциялық бақылаудың екі негізгі моделі бар: бірі өзіңіз сұрап отырған 1787 жылы Конституция қабылданғаннан кейін қалыптасқан америкалық модель, екіншісі 1920 жылдан кейін дамыған еуропалық модель. Қазақстан осының ішінде еуропалық үлгіні негізге алды. Бұл модель кеңінен таралған және келесі бес ерекшелігімен сипатталады:
1) конституциялық бақылауды жүзеге асыратын арнайы органның болуы;
2) бұл функция жалпы юрисдикция соттары үшін қолжетімсіз әрі ерекше сипатта;
3) конституциялық сотты қалыптастыру арнайы тәртіппен жүргізіледі;
4) конституциялық іс жүргізу – дербес құқықтық функция ретінде танылады;
5) конституциялық соттың шешімдері жалпыға бірдей міндетті.
Қазақстан Конституциялық Соты моделі шетелдің ондаған жыл бойы қалыптасқан конституциялық бақылау жүйелерінің ең озық элементтерін алған. Сонымен бірге, тарихи және басқа да ерекшеліктерге бай­ланысты ұйымдастырушылық, рәсімдік және өтініштерді қарау тәртібі жағынан өзіндік айырмашылықтары бар. Қазақстандық конс­титуциялық бақылау моделі азаматтардың теңдігіне, қадір-қасиетіне және заңды әділеттіліктің салтанат құруына негізделген қоғамдық үміттерге толық жауап береді деп айтуға болады.

– Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Өзбекстан жақында Конститу­циялық Сот құрды. Сіз олардың моделін зерттедіңіз бе? Бізбен қандай ұқсастық­тары мен айырмашылықтары бар екен?

– Өзбекстандық конституциялық бақылау органының тарихы 1993 жылдан бастау алады. Ал негізінен Конституциялық Сот ретінде 1995 жылдан өз жұмысын бас­таған. Орталық Азия елдеріндегі консти­туциялық бақылау институттары ұқсас құ­қықтық мақсаттарға бағытталғанымен, әрқайсының құрылымы, өкілеттігі мен іс жүргізу тәртібі ұлттық құқықтық жүйеге сай ерекшеленеді. Өзбекстандағы Конститу­циялық Соттың моделі де Қазақстандағы жүйеге жақын, себебі ол да еуропалық үлгіге негізделген, бірақ кейбір конституциялық мәселелерді парламенттік құрылым арқылы шешу тәжірибесі сақталған. Ұқсастықтар – арнайы орган арқылы бақылау жүргізу, шешімдердің міндетті күші, ал айырмашы­лықтар – іске қозғау салатын субъектілер қатары мен конституциялық іс жүргізу рәсімдерінде байқалады.

– Конституциялық Сот құрудың қарапайым халық үшін тиімділігі неде?

– Өзіңізге мәлім, еліміздің ең басты байлығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Сіз бен біз күнделікті өмірде Конституциямен өмір сүреміз. Конститу­циялық Сот – бұл тек Конституцияны ғана емес, сонымен қатар конституциялық құрылысты қорғауға жауапты институт. Ол Ата Заңымызды түсіндіру құқығына ие және институционалдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Конституциялық Соттың шешім­дері қоғам өмірінің әрбір қырына ықпал етеді.  
Конституциялық Сот қарапайым адам­ның құқығын қорғап қана қоймай, бір адамның өтініші арқылы сондай жағдайға тап болған ондаған, тіпті жүздеген азамат­тың құқығын қалпына келтіретін маңызды құрал. Мысалы, бір азамат әділетсіз заңға қарсы шағым беріп, Конституциялық Сот оны Конституцияға сай емес деп тапса, сол заңның күші жойылады. Бұл шешім тек сол адамға ғана емес, барша қоғамға, ұқсас жағдайға түскен барлық азаматтарға қатыс­ты қолданылады. Осылайша, бір адамның әрекеті арқылы көптің құқығы қорғалады, әділеттілік орнайды. 
Конституциялық Соттың түпкілікті шешімдері арқылы заңнамалар да барынша жетілдіріп отырады, заңдардағы кемшіліктер жойылып, анық, түсінікті нормалар қабыл­данады. Яғни, жалпы құқықтық реттеу жүйе­сі дамиды. Ал бұл жағдайдағы ең басты мә­селе – ол адам құқықтарының қамтамасыз етілу деңгейі артады. 

– Конституциялық сот құрамына кімдер кіреді? Тек заңгерлер ғана ма? 

– Конституциялық Сот құқықтық сипаттағы мәселелерді қарайтын орган ғой. Сондықтан ол тек қана жоғары заң білімі бар судьялардан құралады.
Конституциялық Сот судьясына қойыла­тын талаптар заңда нақтыланған. Атап айтқанда, қырық жасқа толған, жоғары заң білімі, құқық саласында жоғары біліктілігі, мінсіз беделі және заң кәсібі бойынша ке-
м­інде он бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Судьялардың өкілеттігі сегіз жылды құрайды. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып бір реттен артық тағайындала алмайды.  

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары