Мына заман қай заман – сұйық заман

Мына заман қай заман – сұйық заман

«Заманды адам билей ме, әлде заман адамды ма?» – бұл тақырып Абайдан бастап бүгінгі әлеуметтік теорияларға дейін талқыланып келеді. «Әркiмдi заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек». Осы өлеңде Абай заман адамның еркінен тыс күш ретінде бейнелеп, бұған фаталистік көзқараспен қарайды. Десе де, заман бір орында тұрмайды. Ал бүгінгі заман – қай заман? Адамы мен қоғамының бұрынғыдан қандай айырмашылығы бар? Құндылығы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. 

Әлеуметтік маска кигендер

«Үлкен-кіші адамнан иба кетті, Қыз-боз­бала жастардан әдеп кетті, Мінез-құлық бұза­тын әдет жетті, Бұл не деген заман бол­ды, достар?!» деп Қожа Ахмет Ясауи жыр­ла­ған сонау ғасырдан бері талай заман өзгерді. Бірақ адам өзгерді ме? ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, Ресей патша­лы­ғы­ның отарлық саясаты күшейген кезеңдегі қа­зақ қоғамының ауыр халін жырлаған «Зар заман ақындары» заманның бұзылғанын, халықтың азғанын, биліктің әділетсіздігін, ел бірлігінің кетуін терең қынжылыспен бей­нелеген еді. Мәселен, Шортанбай Қанай­ұлы «Мына заман қай заман?» деп сауал тастай отырып, өзі қойған сауалға: «Азулыға бар заман, Азусызға тар заман» дей келе: «Тар­лығының белгісі: Жақсы жаннан түңіл­ген, Жаман малдан түңілген, Мұның өзі – зар заман» деп сол заманға баға береді. Жа­зу­­­шы М.Әуезов «Зар заман ақындары» деп атаған, дархан даланың әр қиырында ғұмыр кешсе де, ой ортақтығы, тақырып маз­мұн­дас­тығы үндестік тапқан ақындар (Дулат Ба­батайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Боранқұлұлы (Кердері), Асан Барманбекұлы) бұрынғы қазақтың еркін, көшпелі тіршілігін аңсады. Олардың пайымынша, «Ескі заман» – еркіндік пен әді­леттің дәуірі болса, «Қазіргі заман» – аз­ғын­­дық пен қасірет кезеңі. Немесе Шәкәрім: «Мы­на заман қай заман, Қаскүнемге жай заман. Араздық пен өсекке, Өлшеуі жоқ бай за­ман» деп жырлайды. Ақындар жырлаған сол заман артта қалып, қазақ баласы бір­не­ше қоғамдық формациядан өтті.
Ал бүгінгі цифрлық дәуір шынайылық пен әлеуметтік желідегі бейнені шатас­тыр­ған жаңа қоғам қалыптастырды. Әлеу­мет­тану­шылар адамдар бұрын өмірдің мәнін, бол­мысты іздесе, бүгін олар брендтер мен ви­зуалды әсердің жетегінде жүр деп есеп­тейді. Бұл құбылысты француз философы Жан Бодрийяр «Симулякр» ұғымымен сипаттаған. Яғни, шындықты бейнелейтін нәрселердің шынайыдан да үстем бола бастауы. Демек, бейне шындықтың орнын басады. Instagram, TikTok, Facebook сынды платформаларда адамдар күнделікті шы­найы өмірін емес, жақсы көрілім жи­найтын сәттерін жариялайды. Мұнда контент емес, оның қалай көрінетіні маңыз­ды. Фильтр, ракурс, фон – бәрі шынайылықтан маңыз­дырақ. Осы үрдіс қоғамды «көріну» үшін өмір сүруге итермеледі. Pew Research Center мәліметі бойынша, жастардың 59 пайызы же­лідегі «өмір салтымен» бәсекеге түсуге тырысады. Әлеуметтанушылар «Бұл әлеу­меттік қысымды күшейтіп, психологиялық күйзеліске себеп болады» дейді. Бүгінде кімнің киімі сәнді, кімнің телефоны жаңа, кімнің демалысы экзотикалық – қоғам адамды осы бейнелер арқылы бағалайды. Пси­хологтар мұны «Әлеуметтік маска кию» феноменімен түсіндіреді, яғни адам өзін қалай көрсетуі керек екенін емес, басқаларға қалай көрінгісі келетінін ойлайды. 

Тұрақсыздық пен бейімделудің дәуірі

XX ғасырдың ұлы социологтарының бірі Зигмунт Бауман өз еңбектерінде қайта түрленіп жатқан қазіргі уақытта қоғамның «сұйықтық» сипатына назар аударған. Ол бұл концепцияны «Liquid Modernity», яғни «Сұйық заман» деп атады. Бұл қазіргі әлем тұрақты қатпарлы құрылымнан үнемі өзгеріп тұратын, жылдам өтпелі, кейде бей­бере­кет жағдайға көшкен заманды бейне­лейді. Поляк текті әйгілі әлеуметтанушы, ХХ-ХХІ ғасырлар шекарасында қоғамның өз­геру процесін ерекше терең зерттеген ғал­ым ретінде «бұрын қоғам «қатты» еді, тұрақ­ты ережелер, дәстүрлер, әлеуметтік мәр­тебелер айқын болатын. Адам өмір бойы бір мамандықта жұмыс істеп, бір ортада тұрып, бір құндылықты ұстанатын еді. Ал қазіргі заман – сұйық, тұрақты ережелер жоқ, адамдар жылдам өзгеруге мәжбүр, мамандықтар тез ауысады, қоғамда үнемі бейім­делу керек» деген қорытындыға келеді. Ол сипаттаған «Сұйық қоғамда» адамдар тұрақ­тылықтан ажырап, үздіксіз бейімделуге мәж­бүр. Ал шынайы болмысты ұсыну – әл­сіз­дік деп қабылданады. Сұйықтық – пішіні жоқ, ыдысқа қарай бейімделетін қасиет. Дәл сол секілді бүгінгі адам да әлеуметтік, мә­де­ни, экономикалық жағдайларға қарай бейім­делуге мәжбүр. Бауман неге бұл за­манға сынмен қарады дегенге келсек, оның ойынша, адамдарға еркіндік берілгендей көрін­генімен, шын мәнінде олар жалғыздық пен тұрақсыздықтың құрсауында қалды. Әлеуметтік байланыстар үстірт болды. Қарым-қатынас та, махаббат та, достық та бұрынғыдай берік емес. Адам үнемі өзін дәлелдеуге, өз орнын табуға тырысады, бірақ нақ­ты тірек таппайды. Мәселен, бүгінде бір ма­мандықпен өмір бойы жұмыс істеу сирек кез­десе бастады, адамдар тез жұмыс ауыс­тырады, онлайн жұмыс істейді. Достық пен қарым-қатынас көбіне әлеуметтік желілер дең­гейінде қалып қояды. Үйлену мен от­ба­сы­лық қатынастар да «сұйықтана» түсті. Жиі ажырасу, жалғыз өмір сүру көбейіп жа­тыр. Бұрын ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыр­ған отбасылық, ұлттық, діни құн­ды­лықтар бүгінгі күні түрлі идеологиялармен алмастырылып, салыстырмалы сипат алды. Технология дамыған сайын адамдардың ара­қатынасы да цифрланып, бетпе-бет сөй­лесуден алыстап, уақытша, үстірт сипат ала бастады. Кәсіптер мен дағдылар тез ескіріп, еңбек нарығы адамның үздіксіз қайта оқып, өзгеруін талап етеді. Жеке тұлға да бұлың­ғыр. Адам өзін анықтау жолында үздіксіз ізденісте жүр. Ол – бір сәтте блогер, бір сәтте бел­сенді, ертеңінде мүлде басқа образда болуы мүмкін. Ақан серінің «Бұл дүние – жұрт­ты алдайтын бейне базар, Әр адам өз әлінше базарлайды» деген сөзі осындайда еске түседі. Бауман бұл ретте «Бүгінгі заман – шексіз таңдау ұсынатын, бірақ нақты қауіпсіздік пен сенімділік бермейтін заман» деп шеге­лейді. Сонымен қатар ол «Бізге сұйық за­ман­да бейімделу керек-ақ, бірақ өзін жоғалтпау маңызды», яғни тұрақсыз әлемде ішкі тұрақ­тылықты табу – ең үлкен міндет», – дейді.

Еліміздегі дәстүр мен «сұйық заман» таласы

Қазақ дәстүрінде де бейімделгіштік бол­ған, яғни көшпелі өмір салты табиғаттың өзгерісіне икемделуді талап етті. Қазақтар жыл мезгіліне қарай қоныс өзгертіп, сыртқы жағ­дайға бейімделсе де, ішкі құндылық­тары­нан айнымаған. Яғни, қазақтар сыртқы өмір салтын өзгертіп отырса да, «берік руха­ни тірек» сақтай білді. Ал сұйық заманда, өкінішке қарай, сыртқы бейімделу ішкі тұрақ­тылықты әлсіретуде. «Сұйық» заманда­ғы ең үлкен қауіп – адамның ішкі өзегінен айы­ры­лып қалуы. Ал қазақ дүниетанымы «Қандай заман болса да, арды биік ұстау ке­рек» деген қағиданы алға тартады. «Ма­лым – жанымның садағасы, Жаным – арым­ның садағасы», «Өлімнен ұят күшті» деген сөздер соның дәлелі болса керек. Сондықтан бүгінгі «сұйық» заманда өмір сүре отырып, қа­зақ­тың дәстүрлі құндылықтарын қайта жа­ңғырту – рухани өмірдің тұрақтылығы үшін аса қажет. Қазақтың дәстүрлі дү­ние­танымы беріктікке, тұрақтылыққа, қасиетті қарым-қатынасқа, ұжымдық өмірге негіз­дел­ген. Ежелден қазақ үшін ата-баба дәс-
түрі – заң, отбасы, қауым – адамның басты тірегі, сөзге беріктік, уәдеге адалдық – ердің абыройы, туған жер мен ата-ананы құр­меттеу – өмірлік парыз. Ұрпақ сабақтастығы, яғни рухани құндылықтар атадан балаға үздіксіз беріліп отырды. Намыс пен арды қорғау, ұл мен қыздың абыройы – бүкіл рудың беделі болды. Ұжымдық сана мен бауыр­малдық терең еді. Жеке адам өзін тек қауым­дастықтың бір бөлігі ретінде сезінді. Яғни, бүкіл рухани және қоғамдық қаты­настар «қатты» құрылымға – тұрақты ере­желерге негізделді. Ал сұйық заман – тұрақ­сыздық пен үнемі өзгеріс заманы. Адамдар­дың өмір сүру салты да, қарым-қатынасы да тез өзгереді, әлеуметтік рөлдер жеңіл ал­ма­сады, міндеттер уақытша ғана, ұзақ­мерзімді сенім мен жауапкершілік әлсірейді, жеке қызығушылық ұжымдық мүддеден жоғары қойылады. Яғни, бұл заман концепциясы біздің дәстүрлі дүниетаныммен еш қабыс­пайды деуге негіз бар. Бұл ретте Міржақып Дулатұлының «Заманның көз сал халіне. Халқыңның ойла пайдасын, Өзің үшін на­лыма... Басыңды тік бәйгеге, Бір халқыңның қамына... Қиянаттан бой тартып, Шық әді­лет жағына» деген жолдары қазақ жастарына тірек болардай.
Десе де, Қазақстан қоғамы да бұл «сұйық­тықтан» тыс емес. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық, жастардың шет­елге көшу үрдісі, ақпараттың шектен тыс көптігі мен сенімсіздігі, құндылықтар дағдарысы – осы заманның көріністері. Мысалы, жастардың болашаққа сенімсіздігі, тұрақты жұмысқа қызығушылығының азаюы – сұйық заманның нақты салдары. Бір қарағанда таңдау еркіндігі көп сияқты, алайда соның ішінен өзіне лайық жол табу қиын болып барады. Қазақстанда да фри­ланс және стартаптар кеңейіп келеді, 
upwork, freelansim секілді платформалар бел­сенді қолданылады. Қазақстанда ауыл­дан қалаға қоныс аударушылар қатары өсуде, орталықтар мен провинция арасын­дағы әлеуметтік байланыс әлсіреді. Интер­нет арқылы қарым-қатынас дами түсті – бірақ кездесу, араласу сиреді. Еңбек нары­ғын­да тұрақты жұмыс азайды. Мәселен, 2024 жы­лы қысқамерзімді еңбек саясаты кеңейді, тұрақ­ты жұмыс орындары 30 пайыз­ға кеміген. Елімізде де бренд пен ста­тус саты­лымы – әлеуметтік мәртебенің өл­шемі сана­лады. 2023-2025 жылдары заттық тұтыну 15 пайызға өсіп, қаржылық тәуел­сіздікке өзгеріс енгізді. Қазақстандықтардың арасында «Жеке бренд» қалыптастыру – өзімшілдікке басымдық беру маңызды үрдіске айналды, әсіресе қалалық жастар арасында 50 пайыз жастар өзін онлайн арқылы таныта бастаған. Демократиялық институттарға халық сенімінің төмендеуі байқалды. 2024 жылғы сауалнама бойынша жастардың 60 пайызының саяси көзқарасы бұлыңғыр. Әлемдік және академиялық талдаулар Бауманның «Сұйық заман» тү­сінігін бүгінгі әлеуметтік құрылымдарды түсіндіруде маңызды құрал деп таниды. Қазақстандық жағдай да осы қағидаларға сәйкес трансформация нәтижелерін көр­сетеді. Яғни, тұрақсыз жұмыс, әлсіреген қо­ғам институттары, виртуалды қатынас пен жеке тұлғаның «өзіне жаңа бағыт із­деуі». 

Үмітсіздік үрейі

Неміс әлеуметтанушысы, ойшыл Ульрих Бек: «Қазіргі қоғам – «қауіп қоғамы» дейді. Сарап­шылардың айтуынша, «сұйық» за­манда адамдар үнемі болашаққа алаңдаумен өмір сүреді. «Тәуекел» мен «белгісіздік» күнделікті тәжірибе негізіне айналады. 2022 жылы Лодзь университеті ғалымдары По­лина Матера мен Рафал Матера «Сұйық пост­модернділік тұрғысынан қорқыныш­тар» атты Бауман тұжырымын талдайтын зерт­теу жариялады. Ғалымдар Бауман таны­мының негізгі түсініктері – қорқыныш, мазасыздық және белгісіздікке назар аудар­ған. Зерттеу авторлары Бауман тұжырым­дамасын талдай отырып, «Қорқыныш тұ­рақ­ты ма, әлде өзгермелі ме?», «Олар күшейіп жатыр ма, әлде әлсіреп жатыр ма?», «Бір қор­қыныш кетіп, орнына басқа үрей келе ме?», «Бауманның көзқарасы басқа әлеумет­танушылармен қаншалықты үндес немесе кере­ғар?» деген басты мәселелерді қарас­тырды.
Зерттеу қорқынышты яки үрейді Бауман тұрғысынан қарастырып, бірнеше түрін атап өтеді. Мәселен, онтологиялық қор­қыныш, яғни өмірдің мәні мен адамның бар болуына деген негізсіздік сезімі. Бауман бұл қорқыныш сұйық заманда тұрақты болады деп жазады. Екіншісі, экономикалық қор­қыныш. Бұған жұмыссыздық, теңсіздік, мансаптағы белгісіздіктерді жатқызады. Бұл бүгінгі күннің негізгі үрейі болып отыр. Үшіншісі, саяси үрей. Яғни, мигранттар, тер­роризм, саяси биліктің күшеюі секілді қор­қыныштар. Сонымен қатар жаңа табиғи үрейлер де адамзат санасынан берік орын теуіп отыр. Оған климаттың өзгеруі, техни­калық катастрофалар секілді ХХІ ғасырда пайда болған жаңа үрейлер жатады.
Зерттеушілер Бауман концепциясын басқа әлеуметтік теориялармен де салыс­тырады. Мәселен, «Detour» стратегиясы – белгісіздікті жеңу жолын айналма тәсілдер арқылы іздеу, Generalized other тұжырым­дамасы – қоғамдағы «басқаларға» деген қорқыныш адамның өзіндік әлеміне әсер етеді деген секілді теориялар. Авторлар қоры­тындысында онтологиялық қорқыныш тұрақты қатып қалады десе, экономикалық немесе саяси үрейлер өзгеріп, кейде жаңа­лары пайда болады деп көрсетеді. Бұл зерт­теу – «сұйық замандағы» қорқыныштар қа­лай өрбиді, адам қандай жағдайларда ең қа­терлі үрейді сезінеді және оның өмірге, сая­сатқа әсері қандай болатынын түсінуге арналған маңызды аналитикалық жұмыс болды.

Не істеу керек?

«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да» деген Мұқағали сөзіне сенсек, уақытты тоқтата алмаймыз, за­манмен бірге әртүрлі құбылыстар да орын ала бермек. Десе де, заманның қайсыбір жа­ғымсыз құбылыстарына еріп, рухани тіре­гімізден көз жазып қалмас үшін дұрыс әре­кеттер керек-ақ. Мамандар «сұйық за­ман­да» сақталуы тиіс басты құндылықтарды да атап көрсетеді. Басты құндылық – ішкі тұрақтылық дейді. Қанша «сұйық» болса да, адам өзін тану мен табу жолында тұрақты ішкі өзегін қалыптастыруы керек. Яғни, адам қандай жағдай болсын өз мінез-құл­қын сыртқы жағдайларға қарай өзгертпеуі ләзім. Екінші – адалдық, өз ұстанымдарына, сеніміне беріктік. Сонымен қатар эмпатия, өзгелерді түсіне білу және қолдау қажеттігі де бүгінгі қоғамда басты сақталуы тиіс құн­дылық болып отыр. Сондай-ақ қоғам ал­дындағы жауапкершілік, тек жеке бас пай­дасын емес, ортақ мүддені ойлау да «сұйық заманның» зиянынан сақтамақ. Мамандар дәстүр, мәдениет, ұлттық тарих – адамның негізі болса, оларды ұмытпай, заман тала­бына сай бейімдей білу маңызды екенін айта­ды. Осы қасиеттердің барлығын сақтау үшін «Үздіксіз даму – сұйық заманда тірі қалу­дың жолы» дейді олар.

Түйін: 

Сарапшылар бұл заманды «Әлеуметтік жауапкершіліктен арылған индивидтер уақыты» деп сипаттайды. «Сұйық заман» – дағдарыс емес, ол – бейімделу мен жаңаша ойлаудың дәуірі. Тек сол толқынға жұтылып кетпей, бағытын анықтай алған адам ғана адаспайды. Философтар мен әлеуметтанушылар бұл құбылысты ескертусіз еркіндік пен жауапкершіліктен босау ретінде бағалайды. Не десе де, сұйық заманда сұйылып кетпей, ішкі рухымыздың берік болуына мән бергеніміз абзал. 

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары