«Taza Qazaqstan»: Ұлттық қауіпсіздіктің жаңа формуласы

«Taza Qazaqstan»: Ұлттық қауіпсіздіктің жаңа формуласы

Бүгінде әлем елдері экологиялық мәселемен күресіп, ауыр сынаққа тап болып отыр. Әсіресе, су ресурсының азаюы, құнарлы топырақтың шөлейтті аймаққа айналуы, орман қорының қысқаруы сияқты өзекті проблемалар бар. Осындай күрделі мәселелерді шешу мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық экологиялық акциясын іске қосты. Бұл – Қазақстанда соңғы жылдары қабылданған ең тиімді бағдарламаның бірі. Жоба жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қоғам арасында кең қолдау тауып, халықтық бастамаға айналды.

ТАЗА ТАБИҒАТ – ТАЗА БОЛАШАҚ

Қазақстан үшін экологиялық қауіпсіздік пен табиғи байлықты сақтау – стратегиялық маңы­зы бар міндет. Осы бағытта қолға алын­ған «Taza Qazaqstan» жобасы – елдің эко­логиялық тұрақтылығын арттыруға ба­ғытталған кешенді бастама. Акция қала­лар­ды көгалдандыру, табиғи ресурсты тиім­ді пайдалану, климаттық өзгеріске бейімделу, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасыл экономикаға көшу секілді бір­қатар маңызды мақсатты көздейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бас­таманың мән-маңызын айқындап: «Taza Qazaqstan – бұл біркүндік акция емес. Бұл – бүкіл халықтың қатысуын талап ететін кең ау­қымды экологиялық қозғалыс», – деп атап өтті. Яғни, бұл – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналуы тиіс.
Бүгінде Қазақстан күрделі экологиялық мә­селелермен бетпе-бет келді. Арал теңізі­нің тартылуы – халықаралық деңгейде мойын­­далған экологиялық апат. Ал Алматы, Астана, Өскемен, Теміртау сынды қалаларда ауа сапасының нашарлауы – денсаулық пен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды проблема. 2024 жылы Алматыда ауа лас­тануы­ның индексі «жоғары ластану» дең­гейін­де тіркеліп, дабыл қағатын жағдай қа­­лыптасты. Бұған көмірмен жұмыс істей­тін жылу электр орталықтары, көлік тығыз­дығы және өнеркәсіптік кәсіпорындар не­гіз­гі себеп.
Жобаның басым бағытының бірі – қал­дық­ты басқару жүйесін жетілдіру. Қазір елі­­мізде жыл сайын 5 миллион тоннадан ас­там қатты тұрмыстық қалдық пайда бо­лады. Алайда оның небәрі 18,2 пайызы ғана өңделіп, қалғаны арнайы полигонға кө­мілуде. Осыған байланысты 2030 жылға дейін қайта өңдеу көрсеткішін 30 пайызға жет­кізу межеленді. Бұл – ресурсты үнемдеп қа­­на қоймай, қоршаған ортаға түсетін сал­мақ­ты да азайтатын маңызды қадам.
Су тапшылығы мәселесі де алаңдатарлық дең­гейге жетті. Қазақстандағы өзен суын то­лықтай пайдалану мүмкін емес, себебі оның 40 пайызы көршілес елдерден келеді. Бұл – ауыл шаруашылығы мен ауызсумен қам­тамасыз ету жүйесіне елеулі қысым түсі­ре­ді. Осы ретте су көздерін тазарту, суару инф­­рақұрылымын жаңғырту және агро­сек­торда тамшылатып суару жүйесін енгізу – уақыт күттірмейтін шаралар қатарында.
Президент 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызу міндетін қойды. Себебі қазір орман алқаптары ел аумағының бар-жоғы 5 пайызын ғана алып жатыр. Бұл көрсет­кіш­­ті арттыру – климаттың өзгеруіне бейім­­делудің және биологиялық әртүр­лілік­ті сақтаудың маңызды құралы. Осы орайда орман өртімен күрес жүйесін автомат­тан­дыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың көле­мін ұлғайту – маңызды міндеттің бірі.
Алайда экологиялық реформа тек инф­ра­құрылымдық өзгеріспен шектелмеуі тиіс. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – тұ­рақ­ты нәтижеге жеткізетін басты алғы­шарт. Балабақшадан бастап жоғары оқу орын­дарына дейін экологиялық білім беру­ді күшейту, «Эко волонтер» қозғалысын қол­дау және қоғамдық қатысуды кеңейту – маңыз­ды бағыт.
Алдымызға қойылған ең ауқымды мін­деттің бірі – 2060 жылға дейін климаттық бейтараптыққа қол жеткізу. Бұл мақсатқа жету үшін көмірге тәуелділіктен бас тарту, жаңартылатын энергия көзін дамыту, өн­дірісте ESG стандартын енгізу қажет. Қазір елдегі электр энергиясының тек 3-4 пайызы ғана жаңартылатын көздерден өндірілуде. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыз­ға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жет­кізу көзделіп отыр.
«Таза табиғат – таза болашақ» – бұл тек ұран емес, нақты әрекетке бастайтын ұлт­тық бағдар. Экологияны сақтау – тек Үкі­мет­тің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауап­кершілігі. Табиғатты аялау арқылы біз ке­лер ұрпаққа өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз ор­та қалдырамыз. Мемлекет басшысы ұсын­ған жобаның түпкі мақсаты – осы.

ТАБИҒАТ – АМАНАТ, ҚОРҒАУ – ПАРЫЗ

Расында, мемлекеттік бағдарламалар қан­шалықты жүйелі болғанымен, халықтық дең­гейде қолдау болмаса, нәтижелі өзгеріс кү­ту қиын. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың және бел­сенді азаматтардың рөлі ерекше. Бұл орай­да «AMANAT» партиясы «Taza Qazaqstan» акциясын барынша дәріптеп келеді. Пар­тия экологиялық бастамаларды жүйелі қол­дап, оны саяси ұстанымның өзегіне ай­нал­дырды.
– Экология – ұлт денсаулығының, ел бо­ла­шағының негізі. Таза ауа, таза су, таза та­биғат – тек мемлекеттің емес, бүкіл қо­ғам­ның ортақ жауапкершілігі. «AMANAT» пар­тиясы осыны терең түсініп, экологиялық сана қалыптастыруға, жасыл бастамаларды қол­дауға және заңнамалық деңгейде нақты ше­шімдер ұсынуға күш салып келеді. Эко­логиялық акциясы – біз үшін жай науқан емес, бұл – әр азаматтың бойына табиғатты ая­лау мәдениетін сіңіру жолындағы тұрақ­ты жұмыс, – деді Парламент Мәжілісінің жә­не «AMANAT» партиясының төрағасы Ер­лан Қошанов.
2023-2024 жылы «AMANAT» партиясы жа­нындағы Жастар қанаты «Taza El» жал­пыұлт­тық экологиялық акциясын ұйым­дас­тырды. Бұл – еліміздегі ең ауқымды қоғам­дық экологиялық қозғалыстың біріне ай­нал­ды. Акция аясында 800-ден астам іс-шара өтіп, 20 мыңнан астам ерікті жұ­мыл­дырылды. Олар 5 000 тоннадан астам қоқыс ж­инап, өзен-көл жағалауын, орман алқабын жә­не демалыс орындарын тазартуға атса­лысты.
Мұндай ауқымды акция тек табиғатты та­залау ғана емес, сонымен қатар жастар­дың экологиялық сана-сезімін арттыру мен экобелсенділігін қалыптастыруға ықпал етті. Жастар үшін бұл науқан – табиғатты ая­лаудың нақты іс жүзіндегі көрінісі болды.
Партияның өңірлік филиалдары да бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жа­­сыл белдеу отырғызу, өзен-көлдер жаға­лауын тазарту, мектептер мен балабақ­ша­ларда экосағаттар өткізу – бұл экологиялық мә­дениетті қалыптастырып, маңызын арт­тыратын тетік.
2024 жылы партия бастамасымен 12 өңір­де 250 мыңнан астам көшет отыр­ғы­зы­лып, 150-ден астам мектепте экосағат пен экосабақтар өткізілді. Бұл шаралар өскелең ұрпақты табиғатқа жанашырлықпен қа­рау­ға, экожүйені сақтау жауапкершілігін ерте бас­тан бойына сіңіруге бағытталды.
Экологиялық проблемаларды шешу тек сен­білікпен шектелмейді. Заңнамалық қол­дау мен мемлекеттік бақылауды күшейту – негізгі бағыттың бірі. Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Экологиялық кодексті жетілдіру, қалдықты басқару жүйе­сін реформалау, зиянды кәсіпорындарға ба­қылауды күшейту бойынша нақты ұсы­ныстар енгізді.
Партия экологиялық білім мен тәрбиеге ай­рықша көңіл бөліп отыр. «EcoChallenge», «Эко сағат», «Жасыл мекен» сияқты байқау мен флешмобтар арқылы мектеп оқушы­лары мен студенттер арасында экосана қа­лып­тастыруға күш салуда.

ӘЛЕМНІҢ ЖАСЫЛ ТӘЖІРИБЕСІ

«Taza Qazaqstan»-ның мазмұны әлем ел­дерінің үздік тәжірибесімен үндес. Мә­селен, Германия қалдықтарды қайта өңдеу бойынша Еуропада көш бастап тұр. Елде қалдықтардың 66 пайызы қайта өңделсе, Қа­зақстанда бұл көрсеткіш әзірге 18,2 пайыз­ды құрайды. Германияда көмірден толық бас тарту 2038 жылға жоспарланған. Бұл тәжірибе Қазақстанда ESG стандартын енгізу және көмірге тәуелділіктен біртіндеп арылуға негіз бола алады.
Жапонияда экологиялық тәрбие мектеп бағ­дарламасына енгізілген. Балалар қо­қыс­ты сұрыптау, суды үнемдеу, табиғатты аялау секілді дағдыны ерте меңгереді. Бұл бағытта Қазақстанда да экосағаттар, экобайқаулар, во­лонтерлік экоклубтар жұмыс істей бас­тады.
Норвегияда 2024 жылы тіркелген жаңа көліктердің 82 пайызы – электр көліктері. Бұл елде салық жеңілдігі мен жол ақысы тө­ле­мінен босату сынды ынталандыру ша­ра­сы тиімді жүзеге асқан. Қазақстан да кө­л­ік және энергетика саласын жасыл ба­ғыт­­қа бұруда нақты қадамдар жасай бас­тады.
Швеция қалдықтарды өңдеу ісінде тіпті жаңа деңгейге жетті – елде қоқыстың тек 1 пайызы ғана полигонға жіберіледі. Қалғаны қай­та өңделеді немесе энергияға айналды­ры­лады. Швеция тіпті өзге елдердің қал­ды­ғын сатып алып, одан энергия өндіру ар­қы­лы экономикалық пайда көріп отыр. Бұл тә­жірибе Қазақстанға тұрмыстық қалдықты энергия көзі ретінде пайдалануға жол аша­ды.

P.S. 

Табиғатты қорғау – бұл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың да өз жауапкершілігі. Қоғамның экологиялық санасы өскен сайын ғана қоршаған ортаны сақтау мүмкіндігі артады. Әлемдік тәжірибе дәл осыны дәлелдейді. Демек, экологиялық акция халықтық деңгейде көтерілгенде ғана нәтижелі болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары