Алматыда 15 жастағы үш жасөспірім тауға шығып, өз бетінше түсе алмаған. Оларды түнде құтқарушылар алып түсті, деп хабарлайды turkystan.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖМ баспасөз қызметі құтқарушылардың түнгі операциясы туралы хабарлады. Олар Алматы қаласының Медеу ауданындағы "Денсаулық баспалдағы" маңында 15 жастағы үш жасөспірімді құтқарды.
Белгілі болғандай, олар таулы аймаққа көтеріліп, өз бетінше түсе алмай қалған.
"Дабыл түскеннен кейін Республикалық жедел-құтқару жасағы "Барыс" құтқарушылары Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің құтқарушыларымен бірлесіп, көрсетілген ауданға дереу аттанды. Қараңғы уақытта таулы аймақпен жүріп отырып, олар жасөспірімдерге жедел жетті", - дейді ТЖМ баспасөз қызметінің өкілдері.
Жасөспірімдердің медициналық көмекке мұқтаж емес екені анықталды. Құтқарушылар оларды таулы аймақтан алып түсті. Жасөспірімдер ата-аналарына тапсырылды.