Суды үнемдеу мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Суды үнемдеу мәдениетін қалай қалыптастырамыз?
сурет: istockphoto.com

Ауылда әжемнің көне құдығы бар еді. Жаздың шіліңгір ыстығында біз сол құдықтан мұздай су ішетінбіз. Бір күні алыстан қаталап келген бір қонақ құдықтан су ішіп, терең күрсініп: «Мына су – өмірдің өзі ғой» деп еді. Сол кезде бір жұтым судың қаншалықты қадірлі екенін түсінгендей болдым...

Ауызсуды қадірлеу мәдениеті тек су ішу әдебі ғана емес, ол – суды ысырап етпеу, лайламау, тазалығын сақ­тау, болашаққа жеткізу. Қазақ халқы ежелден суды киелі санаған. «Судың да сұрауы бар» деген мақал бекер ай­тылмаған. Су ішерде бата жасап, су төгілсе, «обал бол­ды» деп сөгіс айтатын. Бұл – тамшы суға деген ерен құрметтің, мәдениеттің бір көрінісі.

Қалаға су қайдан келеді?

Қаладағы адам үшін су – тек кранды бұраса, ағып тұра­тын ресурс. Су құны – тек түбіртектегі сома. Ал ауыл­дағы адам үшін су – жердің дәмі, тіршіліктің қай­нары.
Біз судың қадірін білеміз бе? Су – энергия көзі. Оны үнемдеудің маңызы қандай? Осы мәселеге тереңірек үңілу үшін сала мамандарымен тілдестік. 
Ауызсудың негізгі көзі – Астаналық су қоймасы. Бұл су үш ірі магистралды құбыр арқылы 52 шақырым қа­шық­тықтан сорғы-сүзгі стансасына жеткізіледі. Алды­мен қабылдағыш және тарату камераларына бағытталып, одан кейін тазарту процесінен өтеді.
Судағы бактериялар мен вирустарды жою, тұнбалар мен қатты бөлшектерден тазарту, суды мемлекеттік стан­дарттарға сәйкестендіру – тазарту процесінің жұ­мысы.
Қала халқының саны артып, жаңа тұрғын үйлер мен аудандар пайда болған сайын суға деген сұраныс та ұлғайып ке­леді. Осыған байланысты 2024 жылдан бастап №3 сор­ғы-сүзгі стансасы жұмыс істей бастады. Бұл станса бүгінде сол жағалауды ауызсумен толық қамтамасыз етіп отыр. 
Ауызсуды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптас­тыру мақсатында мекеме дифференциалды төлем жүйе­сін енгізген. Яғни, суды көп пайдаланатын мекемелер мен жеке секторлар жоғары тарифпен ақы төлейді. Бұл – қала тұрғындарын суды үнемдеп пайдалануға үйрету.
– Су сапасы толықтай мемлекеттік стандартқа сай, – дейді «Астана су арнасы» баспасөз қызметінің өкілі Қара­көз Дауытқызы. 
Ауыл шаруашылығы магистрі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Нұр­лиза Ержанованың пікірінше, елімізде ауызсудың сапасы жақ­сарып келеді, барлық жерде орталықтандырылған су­мен жабдықтау жүйелері орнатылуда. Бұл – су мәде­ниетінің бір бөлігі: халық тек суды тұтынушы ретінде емес, оның сапасы мен қауіпсіздігіне де мән бере бастады деген сөз.
Суды микробиологиялық, паразитологиялық, са­нитарлық-химиялық тұрғыда және радиациялық қауіп­сіздік бойынша тексеру жұмыстары – таза ауызсу мә­де­ниетінің негізі. Мұндай бақылау шаралары су сапасына жауапкершілік пен сенімді арттырады.
Су тазарту жүйелерін жаңарту мен оның сапасын ба­қы­лау – тұтыну мәдениетінің қалыптасқанының бел­гісі. Халық таза судың қайдан келетінін, қалай тазар­тылатынын, оның сапасы қалай бақыланатынын біліп отыруы керек.
Бір анығы, Қазақстанда сапалы суға қолжетімділік мәселесі әлі толық шешілмеген, сондықтан елдегі сани­тарлық және экологиялық мониторинг жүйесін нығайту аса маңызды. Бұл – халықтың денсаулығын сақтау және өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажет қадам.

Роза Махамбетова, 
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты: 

– Ауызсу – адам ба­ласына ең қажетті нәрсе. Адам организмі 80-90 пайыз судан тұ­рады. Осыдан-ақ судың мәнін түсінуге болады. Өкінішке қарай, біз суды үнемдеуді ұмы­тып барамыз. Көп жағ­дайда суды бағаламай, ағып тұрғанын қалыпты құбылыс көреміз. Бұл – үлкен қателік.
Әр отбасы, әр адам ауызсуды үнемдеуді үйінен бастауы керек. Бұл – мемлекетке жүктелген міндет емес, бұл – тұлғаның жауапкершілігі, ішкі мәдениеті.
Роза Махамбетованың айтуынша, қазір қарапайым су ағысын үнемдейтін құрылғылар бар. Кранға орнатылатын бұл шағын фильтрлер мен ағын реттегіштер қажетті су мөлшерін ғана өткізіп, қалғанын ысырап етуден сақтайды. Балаларға осыны үйрету керек. Бұл тек қана суды үнемдеу емес, қаржы, табиғат және болашақ алдындағы борыш.
Ол  елімізде су энергиясының болашағына алаңдайды. Оның айтуынша, қазір су мамандары өте аз. Кезінде әрбір құдық қазылғанда су сапасы зертханалық жолмен тексерілетін. Қазір мұндай тәжірибелер азайып кеткен. Суды ішуге жарамды етіп жеткізу үшін тазалық пен қауіпсіздік шараларын халықтың өзі де түсініп, талап ете білуі тиіс. Бұл да су мәдениетінің бір көрінісі.
– 2050 жылға қарай ауызсу тапшылығы әлемнің басты мәселесіне айналатыны ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Бұл тек ауыл шаруашылығына емес, бүкіл ұлт қауіпсіздігіне әсер ететін фактор. Сондықтан бұл мәселені ерте бастан қолға алуымыз керек. Біз ауызсудың бағасын арттыру арқылы ғана емес, халықты ақпараттандыру арқылы да суды үнемдей аламыз. Газет-журнал, теледидар, әлеуметтік желілерде су мәдениеті жайлы көбірек айтып, халыққа қарапайым жолмен түсіндіруіміз қажет. Себебі су – біз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де керек, – дейді сарапшы.
Қазір ауызсу мәселесі тек технологиялық немесе экономикалық ғана емес, ең алдымен – адамзаттың мәдениеті мен санасының мәселесі болып тұр. Су – барлығымыздың ортақ байлығымыз, бірақ ол шексіз емес. Әрбір тамшыны бағалап, үнемдеу – өзіміздің және келер ұрпақтың денсаулығын, өмір сүру сапасын қорғау. Мамандардың айтуынша, суға деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуіміз қажет. Бұл – жай ғана су ресурстарын басқару емес, адамдардың күнделікті әдеттерін, тұрмыс мәдениетін өзгерту. Егер әрбір адам өз үйінде суды саналы түрде пайдаланса, оның қолдану көлемін азайтса, онда біз жалпы елдің су тапшылығын жеңілдете аламыз. Сонымен бірге, су инфрақұрылымы мен жаңа технологияларды енгізу маңызды, алайда ең үлкен өзгеріс – әрбір азаматтың жүрегінен басталады.
Профессор Әбдіманап Әбдірамановтың пікірінше, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – бұйрықпен тез шешілмейтін, жүйелі әрі күнделікті іс-шараларды талап ететін процесс.  Адамдар арасында суды үнемдеп пайдалану мәдениеті қалыптаспайынша, судың қадірін білу қиын. 
– Біз ауызсуды машина жууға, өрт сөндіруге, ауылдағы ағаштарды суаруға және көшені тазалауға пайдаланамыз. Бірақ осы мақсаттарға судың қайта өңделген түрін енгізу – суды үнемдеудің тиімді жолы. Су тазарту және қайта өңдеу салалары дамып келеді, бұл су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауызсудың сапасын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. 
Профессор көпшілікке арналған су шаруашылығын насихаттау іс-шаралары көп болуға тиіс екенін айтады. Ақпарат құралдары, телеарналар, сайттар, газет-журналдар суды үнемдеп қолдануды үнемі жарнамалау керек. Мектеп оқулықтарының алғы беттеріне, суды, жарықты үнемдеудің маңыздылығы жазылып тұрса, тіптен жақсы. Көшелерде суды қалай үнемдеудің арнайы акцияларын, қоғамдық шаралар өткізсе, ел судың, энергияның қадірін біле түседі.
Әр тамшы су – адам денсаулығының, ұлт дамуының және табиғаттың амандығының кепілі. Сондықтан суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – бұл ұлттың санасын жаңғырту, өмір салтын өзгертудің қажетті шарты. Біз бүгін суды қалай бағалап, үнемдесек, ертеңгі күн соғұрлым таза, өміріміз соғұрлым мәнді болады. Сол себепті, суды ысырап етпеуіміз, әрбір тамшысын ақылмен пайдаланып, су тапшылығы мен экологиялық қиындықтарды бірге еңсеруіміз қажет. Бұл – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың парызы. 
Кішкентай ғана ауылда әжемнің құдығынан ішкен бір жұтым судың дәмі әлі таңдайымда. Ол – балалықтың, тазалықтың, тектіліктің дәмі. Бүгін біз сол дәмді ұрпаққа жеткізуге жауаптымыз. 

Жанбота БАҚЫТБЕК,
Еуразия Ұлттық университеті
Журналистика факультетінің 
ІІ курс студенті

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары