Айыртаудан аттанған артиллерист

Айыртаудан аттанған артиллерист
сурет – автордікі

Жеңіс күні жақындаған тұста ре­дак­циямызға бір қария кісі келді. Қо­лында бір парақ қағаз бен жауын­гердің фо­тосы бар. Әңгіме­лесе келе Жаспан ақ­сақал атасы Бегалы Боя­рысұлының Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ер­лігін өскелең ұр­пақпен бөлісуге келгенін түсіндік. 

Бұл соғыста Қазақстаннан көптеген даңқ­ты дивизия шыққаны белгілі. Ұлы далада құрылған түмендер Кеңес Одағын қорғауда жан алып, жан берісті. Ерлігімен көз­ге түсті. Осындай күштік құрылымның бірі – Ақтөбе облысында іргетасы қалаған 312-атқыштар дивизиясы. Оның құрамы не­гізінен үш ұлттан жасақталған. Ал қа­зақ­тар­дың үлесі 32 пайызды құраған екен. Біз­дің бүгінгі кейіпкеріміз осы дивизияның 859-артиллериялық полкі сапына енген қа­зақ жауынгері. 
Бегалы Боярысұлы 1901 жылы Көкшетау об­лысының Айыртау ауданына қарасты Сары­сай Наурыз ауылында дүниеге келген. Май­данға шақырылғанға дейін Солтүстік Қа­зақстан облысының «Наурыз» колх­озында ауыл шаруашылығы саласында ең­бек етіп, мал шаруашылығымен ай­на­лыс­қан. Қарапайым тірлікпен айналысып жүр­ген азамат соғыстың кесірінен, Отан ал­дындағы борышын өтеу үшін Куйбышев ау­дандық әскери комиссариатының ша­қыр­туымен әскерге алынады. 312-атқыштар дивизиясы майдан даласына бара сала Мәскеуде қорғауға аттанады. Түмен әскерді Боровск қаласының маңына қорғанысты ұстап тұруға жібереді. Осылайша, жауын­гер­лер 14 қазаннан бастап 18 қазанға дейін фа­шистердің шабуылына тосқауыл қояды. Алай­да қарсылас күші басым еді. Оның үсті­не, қару-жарақ жеткізу жағында қиын­дық туған сыңайлы. Оны дивизия коман­дирі Александр Наумовтың 43-армия шта­бына жазған хатынан да байқаймыз. Мә­се­лен, баяндамада түменбасы қолда бар ар­тил­лериялық және атыс қаруларының оқ-дәрі бір күнге ғана жететінін жазған. Үсті-үсті­не төгілген Вермахт әскерінің екпініне шыдамай, дивизия шегіне отырып ұрыс салады. Бірақ қан төгіс майданда көптеген сарбазынан айырылады. Мысалы, екі айдың ішінде 11 мыңнан асатын жауынгердің 9,5 мыңға жуығы жер жастанған. Осыған байланысты дивизияны тылға әкетіп, қайта жасақтаған. Сөйтіп, 1942 жылғы 9 шілдеде қайтадан майданға аттанады. Осылайша, 312-атқыштар дивизиясы жауды тықсыра қууға зор үлес қосқан. 
Кейіпкеріміз 1943 жылғы 13 қазанда жеңіл жарақат алады. Бірақ жазылып шық­қан соң қайтадан ұрысқа кіріскен. Бегалы ақ­сақал талай мәрте ерлік танытып, тап­қыр­лығымен көзге түсіп, бірқатар марапат иеленді. 1944 жылғы 22 шілдеде «Әскери ең­бегі үшін» медалін тағады. Ал 15 қыр­күйек­те «Ерлігі үшін» медалімен марапат­тал­ған. Мәселен, «Әскери еңбегі үшін» ме­далі шабуылға шыққан фашист әскерін тоқ­татып, 2 пулемет пен 20-ға жуық жауын­герді жер жастандырғаны үшін берілген. Сон­дай-ақ 1945 жылғы 28 ақпанда жау әс­ке­рімен күресте жанқиярлық ерлік та­ныт­қаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін Бегалы Боярысұлына «Германияны жеңгені үшін» медалі табысталды. 312-атқыштар дивизиясы 1945 жылғы 5 мамырда Эльба өзенінің шығыс жағалауына жетеді. Осы жерде америкалық жауынгерлермен кезде­сіп, өңірді фашист әскерінен тазалаған екен. Содан 7 маусымға дейін Берлинде тұрақ­тайды. Дивизия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін мара­пат иеленген. Смоленск қаласын азат етуде көрсеткен жанқиярлығы үшін әскери құра­маны «Смоленск дивизиясы» деп атап кетті. Сондай-ақ «Қызыл ту» орденімен, ІІ дәре­желі Суворов орденімен, ІІ дәрежелі Кутузов ор­денімен марапатталды. Дивизия құра­мындағы 9 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды.
Айыртаулық жауынгер соғыс аяқтал­ғаннан кейін елге оралды. Туған жеріне ке­ліп, совхозда жұмысын жалғастырды. Зей­нетке шыққанға дейін мал шаруа­шы­лы­ғымен айналысты. Бүгінде оның ұрпағы ата­сының ерлігін мақтанышпен айтады.

Жаслан БАЯРИСОВ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары