Қанша ғұмыр кешіп, қанша өмір өткелінен өтсең де ауық-ауық жадыңда жаңғырып, жаныңнан табылатын ой-толғамдар болады. Соның бірі – жастау кезімізде ұлы жазушының әйгілі «Соғыс және бейбітшілік» романының соңғы томынан оқыған «тарихқа философиялық көзқарасы» дер едім. Оның арқауында тарихты жасайтын (қалыптайтын) жеке адамдар деген тұжырым жасалып, жасыл алқапта шашырай жайылып келе жатқан табын сиырдың да ең алдында бастап отыратын «көсемі» болатыны мысалға келтірілуші еді. Коммунистік идеологияның «тарихты жасайтын халық» дейтін біржақты қағидасы құлағымызға сіңіп қалған бізге бұл пікір қисынсыз көрінетін. Әйткенмен, ұлт тарихының ұзына бойында оның қойнауынан шыққан қадау-қадау қайраткерлердің көш бағытын түзеп отыратынына кейінірек көзіміз жетті де ғой.
Кейіпкерлері ел өмірінің әр саласында елеулі оң өзгерістер әкелген тұлғалар болып келетін «Менің ағаларымды» оқу барысында ұлы Толстой тұжырымының дұрыстығына ден қоя түскендей болдым. Осы ретте кітап авторы жазашақ дүниесінің әлеуметке етер әсері мен берер өнегесін әуел бастан дұрыс айқындап алғанын аңғарамыз. Әдетте, қаламгер атаулының жаңа шығармасымен жаңа бір нәрсе көрсеткісі кеп тұратыны бар ғой. Бірақ қандай жаңа тақырып, қандай соны идея болса да шеберлікпен ұштаспаған жерде ауадағы бос ызың боп қалатынын ұға бермейтіндер де бар. Автор Мұхтардың бұлардан айырмашылығы – пайғамбарды алыстан іздемей-ақ, жаныңдағы жақсының шарапатын шамшырақ ете отырып, шеберлік шімшуірімен ойға от берер шоқты іліп ала білуінде. «Менің ағаларымда» оның бір қарағанда бәрімізге таныс бейнелердің таныс емес қырларын аша отырып, «көненің» қойнауынан нағыз жаңаны суырып алуының сыры осында.
Жаңа қазақ қоғамының тарихына жаңа көзқарас қажет екенін жедел байыптап, өзін де, өзгелерді де осы қастерлі қызметтің ауыр арбасына жеккен академик Манаш Қозыбаевтың аяулы бейнесін Мұхтар эссеист ыстық ықылас, асқан мейірім аясына нәзік тербейді. Әрине, қай еңбегінде болсын ұлттық рух пен ел мүддесін жоғары қойып, қайсыбіреулерге қисыны кінәмшіл, қаламы «бүлікшіл» адам ретінде көрінетін оның батыр бейнесін «керемет, сұмдық» деп келетін жалаң сөзбен жалаулатудың тым арзан болатынын жақсы ұққан автор әр пікірін дәйек-детальдармен бекітіп отырады. Мәселен, зердесі терең ғалымның компартияның сесі әлі сейіле қоймаған кездің өзінде әйгілі ашаршылықтың қасіретін ішек қырындысына дейін ақтармалаған «Шындық тағылымын» жазуы, жазып қана қоймай, оны жолбарыс жүрек Шерағаң басқарған «Қазақ әдебиетінде» жасын ойнағандай жарқ еткізе жариялап жіберуі, оны ғұлама келбетін кестелеуде автордың эссе бойына шебер жымдастыруы осының бір дәлелі дер едік.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жаңа кітабын парақтай отырып, хас батыр да, ғажайып ғұлама да, айтулы ақын да жүрегінде елім деген оты, жұртым деген жалыны бар адамдардан ғана шығатынын пайымдайсың. Автор мұны ашық текстке салмайды. Мұны оның жүрегі түкті кейіпкерлерін көз алдымыздан өткере отырған өзіміз аңғарамыз. Аңғара отырып, әйгілі алашбасы – Әлихан Бөкейханның халыққа қызмет ету білімнен ғана емес, мінезден дегенге саятын дегдар сөзіне ден қоямыз.
Қазақ халқы үшін академик-заңгер Салық Зимановтың есімі айрықша қадірлі. Қатардағы көпшілік ол кісіні негізінен білікті заңгер деп біледі. Ал оның өзі командир бола тұра, қан майданда қарауылға ілікпей қойған жау орныққан төбеге жасырын жетіп, артта қалған қаруластарына «мен көрінген кезде маған туралап атыңдар, сонда жаудың көзі де жойылады», – деп бұйрық бергенін де, қылышынан қан тамып тұрған Кеңес кезінде ғылыми дәреже қорғамақ түгіл, атын атауға да болмайтын хан Бөкей Ордасы тақырыбында кандидаттық мансап қорғағанын да, оның алдында бүкілодақтық заң институтында оқи жүріп республикалық Бас прокуратурада ірі қызмет атқарғанын да, соған орайлас қауіпсіздік Комитеті «құда түсіп» қызметке шақырғанын да, осындай жанға жайлы, жілігі майлы мансапты аш-арық күй кешетін аспиранттық тірлікке айырбастай салғанын да, еліміздің тұңғыш заң саласы кандидаты, тұңғыш доктор-профессоры, тұңғыш академигі болғанын да, қызметі қияға өрлеп, төрлеп тұрған шағында Қонаев көкеміздің отбасындағы шетін жағдайға байланысты Зухра ханымның «көмектесуімен» лауазымын тастап кетуге мәжбүр болғанын да біле бермейді. Енді білер болсақ, ол осы эсселер жинағының арқасында болар. Қаламы қашаннан қазақтың көркем тілімен қаныққан, санасы энциклопедиялық біліммен толыққан Мұхтар осының бәрін сары майдан қыл суырғандай шеберлікпен шегендеп, шашасына шаң жұқпас шешендікпен баяндайды. Сөйтіп, балаң шағынан өзіндей көкөрімнің талайына өнеге болған ұлы бидің сом бейнесін орамды ой, сәулелі сөзбен айшықтайды.
Қаламгер Мұхтардың қаламына іліккен қайраткер тұлғамыздың бірі Қазақ энциклопедиясының басшылығына «қайта құрудың» қазаны қайнай бастаған тұста келген алашшыл азамат, академик Рымғали Нұрғалиев екен. Бұл эсседе сол кезде өзі де осында қызмет еткен автор Бас редактордың батыл бастамаларымен қатар, оның ұйымдастырушылық рөлі мен жұмыс стиліне баса назар аударыпты. Іскер бастығының дәнекер болуымен энциклопедияға енуге тиісті небір жайсаң тұлғалар мен оған қатысы бар адамдардың жан сарайын жалықпай аралаған бүгінгі авторымыз көлемге жай, мазмұнға бай көптеген материал жазған.
Әсіресе, оның нарком Темірбек Жүргеновтің жары, алашорда үкіметі басшыларының бірі Әлімхан Ермековтың қарындасы Дәмеш пен Санкт-Петербург университетін үздік бітіріп, қазақтан шыққан тұңғыш право магистрі болған Жақып Ақбаевтың қызы Арғыния апалармен таныс болған сәттері жылы да мұңлы естелік ретінде мәңгі есінде қалды. Кеңес қуғыны аясында мағыналы да машақатты ғұмыр кешкен заңгер әке Жақыптың жолын қуған қыздары – сәби күнінде шетінеп кеткен Иммузияны қоспағанда, Арғыния, Наймания, Аспазия, Андромеда ғылымның әр саласынан дәреже қорғап, ата салтына дақ түсірмес азамат болғанын алаш жұртына қуана жеткізді. «Халық жауларының» қосақтары ретінде АЛЖИР лагерінде Гүлжамал Майлина, Гүлбаһрам Сейфуллина сияқты ғазиз жандармен жазықсыз жазалау тезінен өткен «Дәмеш апаның әңгімелерін тыңдау өте қиын болды... Апамыз өзі босап шығысымен-ақ, басын бәйгеге тіге жүріп жары Темірбек Жүргеновтің ақталуына жанын салды», – дейді автор естелік барысында. Оқырманды бейжай қалдырмайтын мұндай деректер естелік бойынан молынан ұшырасады және бұл авторға шығарма әсерлілігін арттыру үшін емес, жасы бар, жасамысы бар жұртқа тағылым-сабақ болу үшін керек болғанын аңғарамыз. Ұлт руханиятының ұстынды тұлғасы Рымғали ағаның нұсқауымен жүзеге асқан мұндай жұмыстар аз емес. Және олар идея иесі Рымағаның да, оны хатқа түсірген Мұхаңның да тұлғасын тұғырлы етер дүние болып тарих хаттамасына енді. Естелікте Рымғали аға өзі де жұмыс істейтін, өзгеге де жұмыс істететін қасиетімен көрініс тапқаны көңіл марқайтады.
«Менің ағаларымды» оқыған адам автордың эссе жазуды ғана мұрат тұтпай, сол дүниелердің оқырманға не берерін көбірек құнттағанын байқар еді. Олай болуы заңды да. Өйткені сырты сұлу сөзді әркім жазар, бірақ оның дерекке бай, өнегеге өлшем болар кестесін кім келтірер. Осы орайда, тұрпаты ту биенің телшігіндей туырылып түскен екі эссені ерекше атар едік. Кейіпкерлері дәріп-даңқы дүйім жұрттың құлағына болған Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсенов. Еліміз ежелден батырға бай, биге байтақ болғанын бәріміз білеміз. Дегенмен бергі қазақта дәл Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтай, Қасым Қайсенов пен Талғат Бигелдиновтей есімі ел жадына орныққан оғлан аз. Әйтсе де, бұлардың төртеуі де алған үлесі әрі аз, әрі көп, көрген құрметтері әрі кенен, әрі төмен, ауылдағы атағы нұрланған, алыстағы атағы ұрланған қызық та күрделі тағдыр иелері еді. Бұған соғыс аяқталғаннан кейін ұлы қолбасшы Баукеңнің республика компартиясы басшылығының келісім бермеуі салдарынан биік әскери лауазымға келе алмауын, Рейхстаг тозағында елдің ең алды болып ту тіккен Рақымжанның бүкіл құжат пен естеліктерде айғақталған жанкешті ерлігінің желге ұшуын, Карпат тауларындағы «Белая Таня» концлагерінде азап шеккен жеті жүз тұтқынды азат еткен Қасым аға қаһармандығын штабта отырған А.Тканко деген біреу өз атына жазып, Кеңес Одағы Батыры атануын, Екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры Талғат ағаның соғыстан соңғы солғын тірлігін мысал етсек те жеткілікті.
«Менің ағаларымның» авторы ағаларының басынан өткен осындай оңтайсыз сәттерді дабыраға салмай-ақ, ерлік елге ұран, ұрпаққа үлгі екенін емеурінмен жеткізіпті. Өйткені батыр аталар жасанған жаумен атақ үшін алыспап еді. Түптеп келгенде, ерліктің бағасы ел махаббатымен өлшенбек. Соны терең түсінген олар да сыздаған өкінішті сырып тастап, сыр бермей-ақ кеткен болатын...
Біз кең дүние керек пен керек еместен тұратынын жақсы білеміз. Оның өзі де әрқилы. Жақсыға жақсы, жаманға жаман керек дегендей. Осы тұрғыдан алғанда, жақсылықтың жолын қуған әр адамға мына кітап керектің керегі дер едік. Неге десеңіз, мұнда ел-ананың ақ сүтін ақтауда қалтқысыз қызмет етіп, ізгі жүрек, игі тілекке толы болмысымен үлкен мен кішіге өнеге бола білген біртуар қазақтардың қанық бейнесі беткейге біткен қарағайдай сап түзеген. Бұл дүниелер өмір жолы тақтайдай тегіс бола бермеген керімдердің күрескерлік келбетін жас буынның көкейіне көмей кермей-ақ құя салуымен құнды.
Біздің сөзіміз бояуы кебе қоймаған жаңа кітаппен әзірше таныс емес оқырман үшін жалаң мақтау көрінуі де мүмкін. Бірақ талғамы таразы оқырман қазақ көркем сөзінің көк туын көкке көтеріп, даналықтың делбесін ұстаған Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, медицина ғылымының мұнарасын биіктетіп, мұқым елдің пайдасына жаратқан Төрегелді Шарманов, зеңгір зерде, зерек қиялымен жалынды Баубек Бұлқышевтің отты толғауларын қайта жаңғырта отырып ортаға олжа салған Камал Смайылов, қырыққа толмай жатып тізгінін ұстаған КазГУ-ін оқытуы мен орналасуы тұрғысынан әлемнің озық университеттерінің өлшеміне жеткізіп, инженерлік ғылымда ашқан жаңалықтарымен әлем ғылымының еркесіне айналған Өмірбек Жолдасбеков, аузын ашса қанатты сөз төгілетін, қаламын қозғаса ғылым нұры себілетін, ұлы Мұхтар Әуезовтің ең еңселі шәкірт-досы, академик Зейнолла Қабдолов, қазақ ғылымының қаһарманы Қаныш Сәтбаевтың лайықты ізбасары академик Шаһмардан Есенов, Ежелгі Еке Ұлыстың ұлы Қағанының бүгінгі заман сәулетінің сайыпқыранына айналған ұрпағы Шот-Аман Уәлихан, Алматының жері бір дір етсе, КазГУ журфагының дәлізін екі дір еткізіп, ғылымның кенін құйғызған, шәкірттің есін жиғызған декан Темірбек Қожакеев, асылдың сынығы, ағынның тұнығы зияткер Мұрат Әуезов, осы аталған жақсылармен ақ дастарқаны қосылып, абыздық қасиетімен аталы сөздің ноқта ағасына айналған асылзада ақсақал Абрар Құл-Мұхаммед сынды сана сүлейлерінің «соқтықпалы соқпақсыз жерде» өткен күрес жолы көмкерілген туындылармен танысқан жан біз білдірген аз ықыластың ақиқаттығына құмбыл болар еді.
Бір сөзбен айтқанда, «Менің ағаларымның» әр эссе, әр кейіпкері жеке-дара кетпей, сүйегі балуан киіз үйдің уығындай ұжымдана бой түзеп, көркемдік әлемінің шаңырағында тоғысқан арқауы бүтін, ажары тұтас туынды болып шығыпты. Кәдімгі ақ үзікпен көмкеріліп, бау-шуын түгелденген ақбоз үй сияқты бұл да көркемдіктің бар құралын келістірген ой отауы болып орныққан. Бүгінде ұлы ұстазы Қабдолов айтқандай, өзі де есімін айтып елі мақтанатын тұлғаға айналған автордың тағы бір тәуір жері – кейіпкерін географиясына қарап таңдайтын кейбіреулердің кесірлі дертінен ада екені. Қай жазбасында болсын айтар ойын ұлы Абайдың құнарлы қисындарымен әдіптеп, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» келетін ұранын ұлығ ұстанған автор кейіпкерлері атажұртымыздың қай тарабынан да бола беретіні содан. Ол үшін қай ауылдың баласы екенің емес, кісілік келбетің мен халыққа етер қызметің қымбат. «Менің ағаларым» кітабы мысалынан алатын бір тағлымымыз осы болса керек.
Өз басым көлемі төрт жүз беттің үстіне шыққан осы кітапты бір деммен оқып шықтым. Іші толған неткен кемеңгер жандар, неткен жалын жүрек, жаны жібек жақсылар еді. Кітаптың соңғы бетін жаба отырып һәм қуандым, һәм мұңайдым. Абай атаның «әм жалықтым, әм жабықтымының» күйін кештім. Қуанғанымның сыры – шығарманың шелді шығуы дейік, ал мұңайғанымның ше? Қазақта «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» деген сөз бар еді. Қарап отырсам, бұрыннан да жаныма жақын, мына кітапты оқу барысында, тіпті, жақын болып кеткен жайсаң жандардың бүгінде біреуі де бұл фәниде жоқ екен. Бәрінен айырылыппыз. Ел бар, ағасы бұлың, тон бар, жағасы жұлым заманға жетіппіз... Әйтсе де, тәубә дейміз, орнында бар оңалар.
Кезінде заманымыздың сөз зергері Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовімді» жазып еді. Ойы анық, бояуы қанық сол туындының оқырман жүрегін жаулап алғаны сондай, одан әркім өз Әуезовін танып, тауып алған еді. Енді ер Зекеңнің алдын көрген шәкірті эссеист Мұхтар Құл-Мұхаммед «Менің ағаларымды» ақ қағазға түсіріпті. Екеуінікі де «біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» болып шыққан. Ендеше, сырты өңді, іші шелді «Менің ағаларымды» оқыған қауым бұдан да өз ағаларын табатынына сеніміміз зор. Демек, кітаптағы ақыл-ойдың алтын суатындай сән түзеген тұлғалар – менің де ағаларым. Иә, сөз басында келтірген Толстой тәмсіліне салсақ, ұлт тарихының ұстынын ұстатып кеткен діңгегі дүмді ағаларым...
Абзал БӨКЕН