Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қала болмақ. Мұнда Smart City технологияларын енгізуден бастап, тауарлар мен қызметтердің ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі инновациялық шешімдер жүзеге асырылуы тиіс. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында атап өткен басым бағытының бірі.
Цифрландыру: қалалық дамудың жаңа бағыты
2050 жылға қарай әлем халқының 68 пайыздан астамы қалаларда өмір сүреді деген болжам бар. Бұл үдеріс жаңа сын-қатерді туғызуы мүмкін: көлік қозғалысының артуы, коммуналдық желілердің шамадан тыс жүктелуі, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы және әлеуметтік теңсіздік.
IMD зерттеу орталығының мәліметінше, ақылды қала – «технология арқылы урбанизацияның артықшылығын арттырып, кемшілігін азайтатын орта».
Ал Smart Cities Strategy Group негізін қалаушы, урбанистика саласының халықаралық сарапшысы Энтони Таунсендтің сөзінше, цифрландыру мен урбанизацияның түйісуі – XXI ғасырдың басты сын-қатері. Бұл тек технологиялық мәселе емес, қоғамның жаңа өмір салтына бейімделуінің көрінісі.
Сондықтан көптеген ел осы сын-қатерлерді еңсерудің тиімді жолы ретінде «ақылды қала» (Smart City) тұжырымдамасын таңдауда. Мұндай қалаларда шешім қабылдау процесі дәстүрлі инфрақұрылымға емес, деректерге негізделген басқару жүйесіне сүйенеді. Бұл модельдің басты мақсаты – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Цифрландыру үдерісі тек технологиялық жаңғыру емес – ол қоғамдық сана мен басқару мәдениетін өзгертетін кең ауқымды құбылыс. Мәселен, жол қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйесі көлік ағынын нақты уақытта реттесе, «ақылды» жарықтандыру желісі энергияны үнемдеуге және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Smart City жүйесі мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдетіп, ашықтық пен тиімділікті арттырады. Big Data, IoT және жасанды интеллект сияқты технологиялар енді тек ақпарат жинауға емес, болжам жасау мен жедел шешім қабылдауға қызмет етеді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Данабек Исабек: «Цифрландыру үдерісі – тек бағдарлама мен сенсорлық жүйе емес, алдымен адамға бағытталған әлеуметтік жоба. Технологияның табысты болуы тұрғындардың қатысуына, цифрлық сауаттылық деңгейіне және инновацияға ашық мәдениет қалыптастыруға байланысты. Бүгінде электронды үкімет арқылы қызметтің көптеген түрі қолжетімді болса, цифрланған ортада барлық қажеттілік монитор арқылы шешілуі тиіс», – дейді.
Қалаларда енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер ұлттық нақыштағы қоғамдық кеңістіктермен, мәдени іс-шаралармен және тарихи мұраларды сақтау жобаларымен ұштасқанда ғана толық мәнге ие болады. Мұндай үйлесім цифрландыруды тек техникалық емес, рухани және мәдени дамудың құралына айналдырады.
Смарт-қалалар дәуірі басталды
2024 жылғы Smart City Index рейтингі бойынша әлемнің ең озық 10 ақылды қаласы қатарына Цюрих (Швейцария), Осло (Норвегия), Канберра (Аустралия), Женева (Швейцария), Сингапур, Копенгаген (Дания), Лозанна (Швейцария), Лондон (Англия), Хельсинки (Финляндия) және Әбу-Даби (БАӘ) енді.
Өзіндік тарихы мен қалыптасқан инфрақұрылымы бар қалаларды Smart City концепциясына икемдеу тұрғысынан Еуропа елдері алда келеді. Ал цифрлы-қалаларды жаңадан салу жағынан Азия елдері көш бастап тұр.
Оның нақты мысалы – Оңтүстік Кореядағы Сонгдо қаласы. 2009 жылы құрылған бұл қалада барлық ғимарат интеллектуалды сенсормен жабдықталды. Қаланың кәріз жүйесінен бастап қоқыс шығаруға дейінгі инфрақұрылым толық цифрландырылды. Жол қозғалысы, қоғамдық көлік және мемлекеттік қызметтер бірыңғай басқару жүйесіне біріктіріліп, қалалық менеджменттің жаңа деңгейін көрсетті.
2017 жылдың қазан айында Сауд Арабиясы болашаққа бағытталған ең ауқымды жобаның бірі – NEOM қаласын таныстырды. Мұның ерекшелігі – барлық қызмет пен инфрақұрылым жасанды интеллект арқылы басқарылады. Бастысы, жасыл энергетикамен қамтамасыз етіледі. NEOM тек «болашақ қаласы» ғана емес, жаңа экономикалық орталыққа айналуды көздейді.
2021 жылы Жапониядағы Toyota Woven City жобасы іске қосылды. Бұл қала «тірі зертхана» ретінде жұмыс істейді. Онда автономды көліктер, жасанды интеллект, робототехника және «ақылды үйлер» жүйесі сыналып жатыр.
Сондай-ақ Үндістандағы Амаравати, БАӘ-дегі Масдар Сити, Кениядағы Конза техноқалашығы, Қатардағы Лусаил, Қытайдағы Тяньцзинь экологиялық қаласы, Малайзиядағы Форрест Сити және Финляндиядағы Сааринен Сити жобасы әлемнің жаңа урбанистикалық бағытын айқындауда... Бұл қалаларға ортақ сипат – энергия тиімділігін арттыру мен тұрғындарға барынша ыңғайлы инфрақұрылым қалыптастыру.
Қазіргі смарт-қалалардың тірегі – жаңартылатын энергия көздері: күн, жел және сутек. Мемлекеттік қызметтер, көлік жүйесі мен коммуналдық инфрақұрылым бірыңғай онлайн-платформа арқылы басқарылып, толық цифрлық жүйеге көшуде. Көлік саласында автономды көліктер, аэротакси және жеңіл рельсті желілер дамып келеді.
Қауіпсіздік саласында да жаңа деңгей орнады: бейнебақылау, биометриялық жүйелер мен Big Data технологиялары қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуде.
Сондай-ақ дрондық логистика, блокчейн, жасанды интеллект және биотехнология сынды инновациялар жаңа қалалардың экономикалық өсуінің басты қозғаушы күшіне айналып келеді. Бұл үрдістер тек урбанистика саласын емес, тұтастай ұлттық экономиканың сапалы жаңаруына жол ашып отыр.
Alatau City-дің артықшылығы қандай?
2024 жылы Алматы облысында жаңа қала – Алатау (Alatau City) пайда болды. Бұл жоба – Қазақстанның урбанистикалық болашағын айқындайтын, Орталық Азиядағы халықаралық хаб болуға бағытталған стратегиялық бастама ретінде бағаланады. 2025 жылғы 26 қыркүйекте Президенттің Жарлығымен қалаға ерекше мәртебе беріліп, оның дамуына жаңа серпін берілді. Енді Alatau City әлемдік смарт-қалалармен тең дәрежеде дамып, өзіндік ұлттық болмыс пен инновациялық бағытты ұштастыратын ерекше орталыққа айналмақ.
Шаһардың географиялық орналасуы да стратегиялық тұрғыда маңызды. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасып, Шығыс пен Батыстың технология және транзиттік жетістігін тоғыстыратын нүктесіне айналуы тиіс.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұловтың айтуынша, Alatau арнайы экономикалық аймағы ретінде құрылып, салықтық және кедендік жеңілдік арқылы отандық және шетелдік инвестицияны тартуға зор мүмкіндік береді. Бұл қадам өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, мультимодальды көлік және логистикалық жүйенің дамуына жол ашады. Осылайша, жаңа қала – ел экономикасының жаңа драйверіне айналады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында цифрландыруды ел дамуының негізгі қозғаушы күші деп атап, технологиялық еркіндік пен адами капиталды ұштастырудың маңыздылығын көрсеткен еді. Сол тұрғыдан алғанда, Alatau City – елдің жаңа урбанистикалық болмысын бейнелейтін символдық жоба саналады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның мәлімдеуінше, 2026 жылдан бастап Алатауда смарт-қала тұжырымдамасы кезең-кезеңімен енгізіледі. Жоба аясында қалалық ахуал орталығы, 109+ бірыңғай байланыс жүйесі, көлік пен коммуналдық инфрақұрылымды біріктіретін интеграциялық желісі, сондай-ақ бейнебақылау және қауіпсіздік платформалары іске қосылады. Мұның бәрі қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған заманауи технологиялық шешім болады.
Alatau.city ресми порталындағы жаңалықтан, 2025 жылғы 12 қыркүйекте қаланың алғашқы ірі жобасы – K-Park мәдени-іскерлік орталығының іргетасы қаланды. Бұл орталық Alatau City-дің инновациялық өзегін қалыптастырып, инвесторлар мен тұрғындарға жаңа мүмкіндік ашады.
Қала дамуы төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Біріншісі – Green District. Бұл аймақ экологиялық туризм мен демалысқа арналған кеңістік ретінде жобаланған. Мұнда жасыл энергия көздері, экопарктер мен спорттық инфрақұрылымдар салу арқылы табиғатпен үйлесімді өмір салты қалыптастырылады.
Екіншісі – Gate District, яғни қаланың іскерлік және қаржылық жүрегі. Мұнда халықаралық компаниялардың кеңселері, бизнес орталықтар және инновациялық стартап-хабтар шоғырланып, Alatau City-дің экономикалық әлеуетін арттырады.
Үшіншісі – Golden District. Бұл аймақ – білім, медицина және ғылымды біріктіретін интеллектуалды кеңістік. Мұнда жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтары орналасып, қаланы өңірлік білім және инновация орталығына айналдырады.
Төртіншісі – Growing District. «Алматы – Қапшағай» тасжолы мен теміржол бойында орналасқан бұл аудан жаңа буындағы индустрия мен логистиканың негізгі торабы болмақ. Мұнда өндіріс, қойма және көлік инфрақұрылымдары дамып, өңірдің экономикалық өсіміне серпін береді.
Жалпы алғанда, Alatau City – жасанды интеллект, жасыл энергетика, дрондық логистика және ақылды басқару жүйесін біріктіретін жаңа буынның инновациялық қаласы.
Түйін.
Қазақстанның ең ірі стратегиялық жобаларының бірі – Астана. Бұл қала ел дамуының жаңа дәуірін бастап, экономикалық өрлеу мен саяси тұрақтылықтың тірегіне айналды. Енді сол дәстүрді жалғаған Alatau City – еліміздің цифрлық өркениетке батыл қадам басуының символы. Бұл жоба – жасанды интеллект, жасыл энергия және инновациялық инфрақұрылым тоғысқан жаңа буын қаласы. Егер Астана елдің саяси жүрегі болса, Алатау – технологиялық болашағының бастауы болмақ.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ