Қазақ мәдениетін миллиардтар еліне танытқан

Қазақ мәдениетін миллиардтар еліне танытқан

Қазақтың тұңғыш аудиокітабын әлемде алғаш шығарған кім екенін көп жұрт білмеуі мүмкін. Қытайда жүріп, қазақтың ән-күйін миллиардтар еліне кеңінен насихаттаған ақын, сазгер, диктор Серік Әбілұлы қазақ руханиятының миллиардтар еліне кеңінен насихатталуына зор үлес қосқан қайраткердің бірі. 2021 жылы Әнуарбек Байжанбаев атындағы халықаралық дикторлар байқауының жеңімпазымен Шыңжаңдағы мәдени-рухани ахуал жайында әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Сіз арғы беттегі қазаққа ер­те танылдыңыз. «Авторы Серік Әбілұлы» деген ән мен күйді көп­шілік сүйсіне тыңдайтын. Өнер әлеміне қалай келдіңіз?

– 1973 жылы өмір есігін ашып­пын. Мен мектеп табалдырығын ат­та­ған шақта Қытайда «Мәдениет төң­керісі» деген зобалаң аяқталып, Дэн Сяопиннің «сыртқа есік ашу» сая­саты орнаған мамыражай шақ еді. Қытайдағы қазақтар өзінің төл мәдениетімен сусындап, айтыс, терме, халық әндері кеңінен тарай бас­тады. Радио-телеарналардың қа­зақ­ша хабары көбейіп, газет-жур­налдар саны артты. «Шұғыла», «Іле ай­дыны», «Алтай аясы», «Тарбағатай» се­кілді әдеби журналдар әр аймақтан ашы­лып, халық мәдени әлемге бет бұр­ды. Бұл бір рухани түлеу дәуірі бол­ды. 

– Ол жақтағы Қазақ әде­бие­тін­де үлкен дүмпу болды ғой осы кез­де?

– Иә, қуғын-сүргін аяқталып, Та­рым лагері мен әртүрлі жазамен сот­­­­талған қаламгерлер елге оралды. Олар іркес-тіркес роман, повесть, әң­­­­­­гімелер жазып, ауыл-ауылда кітап оқи­­тын жастар, жаңа оқырмандар ле­гі қалыптасты. Омарғазы Айтан­ұлы, Қажығұмар Шабдан, Оразхан Ах­мет, Жақсылық Сәмитұлы, Жұ­ма­бай Біләл, Ғаппар Біләл, Қаусылқан Қозыбаев, Шайсұлтан Қызыр секілді қаламгерлер бірінен кейін бірі әр­түр­лі тақырыпта романдар жазды. Әдеби журналдар олардың шы­ғар­ма­ларын талдап, бірімен бірі айты­сып-тартысып, сынап, бір қызықты дәуір басталды. Бала болсақ та, со­лар­ды оқып, журналдардағы өлең­дер­ді жаттап алатынбыз. Осы жай­машуақ мезет бізді өнерге сүй­реді. Бас­тауыш сыныпта оқып жүргенде «әнші бала» атандым. Ән айтқанды, өлең оқығанды ұнататынмын. Өнерге ерте бастан қызығушылығым әдебиет әлеміне әкелді. 
Мектеп бітіре салып, аудандық Мә­дениет үйіне әнші болып қабыл­дан­дым. Кейін Алтай аймақтық ра­дио-телевизия мекемесінде тілші бол­дым. Одан соң Шыңжаң универ­си­тетінің әдебиет факультетінде оқып, Шыңжаң халық радиосына дик­тор болып қабылдандым. Кон­курс­қа 2042 адам қатысты. Екі дик­тор­дың бірі болып қабылдандым. Со­дан ұзақ жыл бойы, атамекенге орал­ғанша радиода қыз­мет еттім. 

– Әлемде ең алғашқы қазақ­ша аудиокітапты шығар­ға­ныңыз­ды естіп едім. Аудиокітап шы­ғару үшін қаржы керек еке­нін білеміз. Оны қалай жүзеге асырдыңыз?

– 2000 жылы Шыңжаң радио­сы­ның «әдебиет, көркемөнер» бөлімі бас­тығының орынбасары болып та­ғайындалдым. Шыңжаң радиосы – үлкен мекеме. Қытай, ұйғыр, қазақ, моң­ғол, қырғыз тілінде хабар тара­та­ды. Менің бөліміме әр ұлт өзінің әде­биет пен көркемөнер саласын­да­ғы жоспарын бекітіп, ұсынады. Мұн­дай оңтайлы сәтті дұрыс пайда­лану бізге де міндет екенін түсіндім. Ең алдымен 1960-70 жылдары сапа­сыз жазылған ән-күйлерді сүзгіден өткізіп, қайта жазуды қолға алдық. 
Радиода әр ұлт өз тілінде күніне жар­ты сағат әдеби шығармаларды оқиды. 
Абайдың 160 жылдығына орай «Абай жолын» қайтадан эфирден оқып, беруге талпындық. Төрт том­дық ұлы шығарманы 160 күнге бө­ліп, 80 сағаттық аудио хабар ұсын­дық. Мұнымызды халық қатты қол­дады. Абай туындылары ЮНЕСКО тізіміне енген соң Қытай да жақсы мән беріп, ра­диода бірнеше мәрте қайталанып берілді. Оқылатын шығармалар ті­зіміне Қытай қазақтарының шы­ғар­маларын ғана емес, қазақтың әйгілі романдарын біртіндеп қосып отыр­дық. «Көшпенділер», «Махаббат, қы­зық мол жылдар», «Атаукере», «Ме­нің Әуезовім» секілді шығарма­лар оқылды.  
Осы кезде халықтың аудиошы­ғар­маларға ынтасы жоғары екенін бай­қадым. Қытай, ұйғырлар өзінің шы­ғармаларын аудионұсқа арқылы шы­ғара бастаған кез. Біз неге осылай істе­мейміз деген ой келді. Қазақстан­да аудиокітап шықпаған екен. «Ел­ден қалмайық» деген оймен тәуекел етіп Оралхан Бөкейдің «Атаукересін» аудиокітап етіп шығардым. Бір жо­лы Үрімжіге әйгілі ақын Есенғали Рау­шанов барды. «Атаукеренің» ау­дионұсқасын көріп, қатты қызықты. Кітаптар сериясын шығару керек деп ақылдастық. Есағамның пікірі маған қанат бітірді. Содан соң Бей­жің­дегі әріптестеріммен келісіп, ау­диокітап сериясын шығаруды қол­ға алдық. «Атаукереден» бөлек, Әуе­зовтің «Абай жолы», Кекіл­баев­тың «Күй дариясы», Батырхан Құс­бегин­нің «Зуқа батыры», Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романы, Шайсұлтан Қызырдың «Бұлаң дүние», Ғаппар Біләлдің «Ғасырлық қуғын», Мағаз Разданның «Алтайдың ақиықтары» секілді шығармаларды таспалап, халыққа ұсындық. Ел жаппай іздеп жүріп тыңдайтын болды. Ол кітаптарды елге алып келдім. Осындағы Ұлттық кітапханаға өткіздім. 

– Осы жобаңызды елімізде ары қарай жалғастыруды ойлас­тырмадыңыз ба?

– Менің ең үлкен арманым – қа­зақ­тың әйгілі шығармаларын оқып, елге аудиокітап түрінде ұсынсам дей­мін. Былтыр ғана ел оқитын 100 кі­тапты іріктеп алдық қой. Соның бә­рін оқуға мүмкіндігім жетеді. Өзім Шыңжаң радиосында жүргенде 30-дан астам роман оқыппын. Олардың аудионұсқасы сақтаулы. Қазір қо­лым бос, жұмыссыз адаммын, кез кел­ген шығарманы майын тамызып оқыр едім. Әнуарбек Байжанбаев аға­мыздың жолын заманауи тұр­ғы­дан жалғастыру керек. Талай адамға осы ойымды айттым. Қытайда шы­ғарған аудиокітаптарымды көр­сет­тім. «Керемет екен» дегеннен басқа нақ­ты қолдау көрмедім. Демеуші із­деп көріп ем, табылмады...

– Сіздің «Керуен саз» және «Шаңырағымыздан шалқыған ән­дер» деген бірегей жоба­ларыңыз туралы естіп едім. Қа­зақ­тың ән мен күйін CD фор­мат­та елге ұсыну идеясын қолға алып, жүзеге асырыпсыз.

– Қытайдағы қазақтардың әні мен күйін сақтап қалу біздің буын­ның міндеті еді. Өйткені Қытай қо­ғамында урбанизация үрдісі қар­қынды жүріп жатты. Қалаласумен қатар, ассимилияция толқыны белең алды. Ал қазақтың күйін біз жинап, сақтап қалмасақ, ертеңгі ұрпақ оны қайдан тыңдайды? Сол үшін «Керуен саз» және «Шаңы­ра­ғымыздан шалқыған әндер» деген жо­ба жасап, Шыңжаңдағы қазақ бас­шылардың алдына бардым. Олар менің ойымды қолдады. «Керуен саз» деген атпен 500 күйді CD нұсқада жа­сап шықтық. Оркестрмен де, жеке орын­даушыларға да орындаттық. Бұл дискілерді елге әкеліп, Ұлттық кі­тапханаға өткіздім. Оның элек-трон­ды нұсқасын да алып келдім. 

– Бәрі Шыңжаң қазақтары­ның күйі ме?

– Дәл солай. Бұл түсінген адамға үл­кен мұра ғой. Қытай қазақтары­ның мәдениетін, әсіресе, күйін зерт­теймін дегендерге толық мәлі­мет дайын тұр. Бұл еңбекті жасау үшін қақ­паған есігім жоқ. Алдымен күй­лерді табу, жүйелеу, нотаға түсірту, оны орындату – толайым жұмыс. Ол кезде Қытай билігінің аз ұлттардың мәдени мұрасына көзқарасы дұрыс бол­ды. Бірнеше жылдық еселі еңбек­тің арқасында осы бірегей жобаны ойдағыдай орындап шықтық. Мұнан соң қазақтың әндерін де таспалау қа­жет екенін айтып, «Шаңырағы­мыз­­дан шалқыған әндер» деген жо­ба­ны қолға алдық. Мұны да іске асы­ру оңа болған жоқ. Жанәбіл Сма­ғұлұлы, Нұрлан Әбілмәжінұлы сынды ел ағаларын алдыға салып, 200 әнді таспалап, халықтың игілі­гіне жаратуға күш салдық. Қытай­дағы қазақтардың халық әндерінен тар­тып, авторлық әндердің ең таң­даулыларын енгіздік.

– Бұл ғажап жұмыс екен. Екеуі де ел болып атқаратын істер ғой. Сол жұмыстарыңызды елге алып келдіңіз бе?

– Бәрі өзімде бар. Керек адам­дар­ға беріп те жүрмін. Егер ол жақ­та­ғы қазақтардың ән мен күйін зерт­теуге ынталы ғалымдарымыз бол­са, ұсына аламын. 
Биыл Абайдың 180 жылдығы ғой. Бала кезімнен Абай шығар­ма­ла­рын сүйіп оқитынмын. Өйткені біз­дің ауылдың үлкен кісілері Абай туралы көп айтатын. «Абай жолы» ро­маны екі үйдің бірінде тұратын. Сон­дықтан болса керек, Абаймен «ауыр­ған» жанның бірімін. Білте шам­ның жарығында «Абай жолын» оқит­ынмын. Кейін ат жалын тартып мінген соң, радиохабарлар жасадым. Қытайда Мұратбек Тесебаев деген әйгілі диктор ағамыз болды. Сол кісі 50 жыл бойы қазақ романдарын ра­диодан оқыды. Оқу мәнері ерекше еді. Дауысы қандай қоңыр. Көп тәлі­мін алдым. Со кісі оқыған «Абай жо­лын» әлденеше рет тыңдап шық­тым. 2017 жылы ірі ғалым Сұлтан Жанболатов ағамыз үйіне шақырды. Ұйғыр­дың бір айтулы компаниясы Абай­дың қарасөздерін қытай, ұй­ғыр, қазақ тілінде аудиокітап етіп шы­ғармақшы екен. «Ұйғыршасын өз­дері оқиды, қазақшасын сен оқы. Әк­бар Мәжит қытай тіліне аудар­ға­нын білесің. Енді қытайшасын оқи­тын жақсы диктор тап» деді. Мен Бей­жің радиосында істейтін Жаң де­ген әріптесіме хабарласып, оған қы­тайшасын оқуын өтіндім. «Қа­зақ­тың Абайын оқу мәртебе ғой» деді ол да. Сол жылы Абайдың қарасөз­дері үш тілде – қазақ, ұйғыр, қытай ті­лін­де аудиокітап болып шықты. Абай мұрасын елге жеткізуге аз да болса үлесім тигеніне қатты қуан­дым. Бұл СD дискілер де менде бар.  

– Қазақтың әндерін қытай ті­ліне аудартып, Қытайдағы әр ұлттың ең мықты әншілеріне орын­датқаныңыз бар екен. «Ақ­қу сазы» деген атпен күллі Қытай телеарналарынан көрсетіліпті. Бұл идея қалай келді?

– Қытайда қазақтың көркем жер­лері – саяхат орындары көп. На­рат, Қаражон жайлауы, Қанас, Сай­рам көлдері, Еренқабырға мен Тарбағатай таулары қандай керемет. Бұл жерлерді қазақ әндері арқылы көр­сетуге, сол арқылы қазақтың байыр­ғы мекені екенін дәріптеуге тиіс екеніміз 2000 жылдардың ба­сын­да ойыма келді... Жаңа ұрпақ біз­дің даламыздың көркемдігін кө­ріп өссін деген арман еді. Оны қалай іске асырсақ болады? Бұл қазақтың жері деп айғайлай алмайсың. Сон­дықтан қазақтың ең таңдаулы елу әнін іріктеп алып, оның сөзін кәсіби ау­дармашыларға қытай тіліне ау­дарттым. «Әнді Қытайдағы ең мық­ты әншілерге орындатқызуым ке­рек» деген ұстаным болды. Қытай­дағы әртүрлі ұлт өкілінен шыққан мықты әншілерге байланысқа шы­ғып, соның дауысына келеді-ау деген ән­дерді ұсынып, олармен келісім­шартқа отырып, орындауын өтіндік. «Дударай», «Ақтамақтан» тартып, ең таңдаулы әндерді таңдадық. Ән ірік­телді, әнші табылды. Жобаның жал­пы мазмұнын қағазға түсіріп, қанша қаржы кететінін есептедік. Ақыры, Қытайдың мәдениетті қолдау бөлі­міне өтініш айттық... Қазақ басшы­лар­дың және жеке таныстықтың ар­қасында қаржы да бөлінді. Содан іске кірістік. Екі жыл 50 әнге клип түсірдік. Өзім продюссер, ұйымдас­тырушы болдым. Қай әнге қай жер­дің табиғаты келеді, соның бәрін ой­ластырдық. Шыңжаң қазақ­тары­ның ең көркем жерлері таспаланды. «Аққу сазы» деген атпен Қытайдың әр өлкесіндегі мәдениет орталық­тары­на, радиолары мен телеарна­лары­на, кітапханаларына өткіздік. Енді 100 жылдан кейін көрсе де қа­зақтың сұлу даласы ұлттық әндер­мен әрленіп, жер иесі кім екенін еске салып тұрады. 

– Ұзақ жыл радиода қызмет ет­тіңіз ғой. Атамекенге оралға­ныңызға да біраз жыл болды. Екі жақтың ақпарат құрал­дарын­да қандай айырмашылық бар? Қытайдағы радиохабар­лардың ерекшелігі қандай?

– Қазақстан ақпараты кәсібилігі жа­ғынан ешкімнен кем емес деп ой­лаймын. Ойға, сөзге еркіндік мол. Кез келген тақырыпты қозғай алады. Дегенмен радио болсын, телеарна болсын, Қытайдың хабарларында елге пайдалы бір үрдіс бар. Ол шы­найы еңбекті жақсы дәріптейді. Маңдай тердің өтеуінің болатынын жиі түсіндіреді. Айталық, төрт мау­сымда егіншілердің қалай тер төге­ті­нін, егінді еккен сәтінен бастап жинап алғанына дейінгі барысты тәптіштеп көрсетеді.  
Мысалы, сіз бір гектарға жүгері ек­сеңіз, жерді жырту, тұқым таңдау, тыңайтқыш себу, суару мезеттерін ғы­лыми тұрғыдан елге көрсетіп, ди­қанның сол жерден қанша өнім алғанын, қанша пайда тапқанын да нақ­ты айтады. Бізде ондай жүйелі ха­бар аз сияқты. Егін екті, орып ал­ды, пәлен тонна өнім жиналды деу­ден арыға бармайтын сияқтымыз. Қа­зақстан аграрлы мемлекет қой. Со­ндықтан осы жағына көп көңіл бөлсе деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары