Қателіктер есте неге ұзақ сақталады?: Әлеуметтік үрей мидың жұмысына байланысты болуы мүмкін

/
Қателіктер есте неге ұзақ сақталады?: Әлеуметтік үрей мидың жұмысына байланысты болуы мүмкін

Cognitive, Affective, & Behavioral Neuroscience журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижесі бойынша, әлеуметтік үрей деңгейі жоғары адамдар қателік жасаған сәттерді жиі есінде сақтайды. Бұған олардың миының сол сәттердегі қателікті бақылауға жауап беретін бөлігінің жоғары белсенділігі себеп болуы мүмкін.

Зерттеушілер анықтағандай, мұндай адамдардың миы әлеуметтік жағдайларда жіберілген қателіктерге ерекше сезімталдықпен жауап береді. Бұл жоғары нейрондық белсенділік сол сәттердің жадыда күшті сақталуына алып келеді, нәтижесінде қателіктер есте ұзақ қалып қояды.

«Осындай қатты есте сақтау әлеуметтік үрейдің неге ұзаққа созылатынын түсіндіруі мүмкін», – дейді зерттеу авторы, Флорида Халықаралық Университетінің (FIU) когнитивті нейроғылым бойынша PhD кандидаты Киянуш Хоссейни Галебин.

Психологиялық модельдерге сәйкес, әлеуметтік үрейге шалдыққан адамдар өздерінің кемшіліктері мен қателіктеріне көбірек назар аударады. Бұл теріс естеліктердің басым болуына алып келеді, яғни жақсы немесе бейтарап сәттерге қарағанда, қателіктер жадыда жиі сақталады. Мұндай есте сақтау стилі үрейді күшейтіп, оны шеңбер тәрізді қайталанатын жағдайға айналдырады.

Бұған дейінгі зерттеулер әлеуметтік үрейі бар адамдардың миы қателіктерге белсендірек жауап беретіні туралы айтқан болатын, бірақ бұл есте сақтауға қалай әсер ететіні белгісіз еді. Жаңа зерттеу осы байланысты нақтылап отыр.

«PhD барысында мен мидың нейрондық ырғақтарына қызығушылық таныттым. Олар ми белсенділігін нақты сәтте өлшеуге ғана емес, сыртқы әсер арқылы өзгертуге де мүмкіндік береді», – дейді Хоссейни.

Болашақта зерттеушілер бұл есте сақтау ерекшелігінің басқа да факторлармен, мысалы руминациямен (оқиғадан кейін қайта-қайта ойланумен) қалай байланысатынын, сондай-ақ басқа түрдегі естеліктерге қалай әсер ететінін зерттемек. Сонымен қатар, әлеуметтік емес қателіктер кезінде де ұқсас ми белсенділігі байқала ма, соны анықтау маңызды.

Ғалымдар бұл мидың реакциясын анықтау арқылы жаңа терапиялық тәсілдер әзірленуі мүмкін дейді. Мысалы, инвазивті емес ми стимуляциясы қателіктерді өңдеуге жауапты нейрондық жолдарға әсер ету арқылы, әлеуметтік қателіктердің ұзақ мерзімді әсерін азайта алады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары