Данияда 40 мың студент білімге бөлінетін қаржының қысқаруына қарсы шықты

/
Данияда 40 мың студент білімге бөлінетін қаржының қысқаруына қарсы шықты
сурет: uniavisen.dk

Данияда мыңдаған студент үкіметтің білім алушыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақыны қысқарту жоспарына қарсы наразылыққа шықты. 4 қарашада елдегі 57 оқу орнында шамамен 40 мың студент сабаққа барудан бас тартқан. Олардың 12-13 мыңы Копенгагендегі шеруге қатысқан. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Наразылық білдірушілер қала орталығындағы Ратуша алаңынан парламент ғимаратына дейін жүріп өтті. Олар «Жетер енді!», «Қолдау азайса, білім сапасы да төмендейді», «Орындалмаған уәделер» деген ұрандар көтерді. Шеру бейбіт жағдайда өткен.

Студенттердің наразылығына үкіметтің мемлекеттік бюджет шығындарын қысқарту жоспары себеп болды. Билік қорғаныс саласына қосымша қаржы бөлу үшін білім алушыларға төленетін жәрдемақыны қайта қарауды ұсынып отыр.

Данияда 1970 жылдан бері SU деп аталатын мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесі жұмыс істейді. Ол 18 жастан асқан студенттердің ата-анасының табысына қарамастан білім алуына мүмкіндік береді.

Қазір ата-анасымен бірге тұратын студенттер ай сайын 1 154 дат кронын (154 еуро), ал бөлек тұратындар 7 426 крон (993 еуро) алады.

Жаңа заң жобасына сәйкес, ата-анасының жылдық жиынтық табысы шамамен 700 мың кроннан (94 мың еуро) асатын, отбасымен бірге тұратын студенттер жәрдемақыдан толық айырылуы мүмкін. Ал ата-анасының табысы 419 589 бен 700 мың крон аралығындағыларға төленетін қаржы азайтылмақ.

Данияның Жоғары білім министрлігінің есебінше, бұл өзгерістер қабылданса, 14 мыңға жуық студент мемлекеттік қолдаудан толық айырылып, тағы 8 мың адамның жәрдемақысы қысқарады.

«Данияда білім алу үшін мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетіледі. Біз мұны мақтан тұтамыз. Әлемдегі ең мықты білім беру жүйелерінің бірін әлсіретуге болмайды», – дейді Дания мектеп оқушылары қауымдастығының төрағасы Оскар Тёнсберг Хоффманн.

Наразылыққа қатысқан 23 жастағы студент Киран Хиндшоудың айтуынша, жастар әлеуметтік қолдауды азайтуға қарсы. Ол үкіметтің қорғаныс шығындарын арттыра отырып, студенттердің қаржылық мүмкіндіктерін шектеуін сынға алды.

Үкімет жоғары оқу орнын енді бітірген жастарға жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу тәртібін де өзгертуді ұсынып отыр. Жобаға сәйкес, түлектер мұндай көмек алу үшін оқу кезіндегі соңғы 24 айдың кемінде 18 айында жұмыс істеген болуы керек.

Алайда билік бұл шараларды экономикалық қажеттілікпен түсіндіреді. Өнеркәсіп министрі, Социал-либералдық партия жетекшісі Мартин Лидегор мұндай шешімдердің оңай емес екенін мойындағанымен, оларды қаржы тұрғысынан жауапты саясат деп атады.

Бұған дейін Францияда басталған студенттік наразылықтар соңғы апталарда Еуропаның өзге елдеріне де таралған. Жастар білімге бөлінетін қаржының қысқаруына, өмір сүру құнының өсуіне және әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістерге алаңдаушылық білдіріп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары