Сырбаз

/
Сырбаз

Азамат

Жол жүру бейтаныстарды таныстырады, ал таныстарды табыстырады. Бір жылдың тө­­­­лі болғанымызбен, бір оқу орнының бір фа­­культетін біріміз ертелеу, біріміз сәл кеш­теу бітіргенімізбен, қызметті қатарлас бас­та­­ғанымызбен, тіпті талай жыл бойы бір ғи­­мараттың әртүрлі қабаттарында жұмыс іс­­тегенімізбен, жолығысып қалғанда сә­ле­мі­міз­­дің түзулігінен басқа  жақындығымыз, та­­­­ныстықтан басқа ортақтығымыз жоқ Ме­ре­ке екеуімізді әуелде сапар табыстырған еді. Ес­­те ерекше қалған бір-екеуі ойға оралып отыр.

Біріншісі – Қадыр ақынның 60 жылдығы. 1995 жыл. Бірді тартсаң бірге жетпей жатқан жоқ-жұтаң кез. Жерлестері солай аңғартты ма, әлде алаулатып-жалаулатып жүргенді жа­ны жаратпайтын ақынның өзі солай шешті ме, кім білсін, әйтеуір, мерейтой иесі ел­дегі тойына үш адамды ғана шақырыпты: Әкім Тарази, Мереке Құлкенов, мен. Оның ал­дында Қадағаңмен Испанияға мәдени де­легация құрамында бірге барып, елдің сегіз бір­дей қаласын жарты ай бойы армансыз ара­лағанбыз. Ағалы-інілі күйде қайтқанбыз. Қа­дырдың алпыс жылдығында шындап та­ны­ғандай болып едім Мерекені. Сыпайы. Сыр­баз. Сымбатты. Суырылып сөйлемейді. Сөй­лесе шегені қаққандай етеді. Айт­қыш­ты­ғы да бар екен.   

Аз адаммен кешкі аста отырмыз. Жаны­мыз­да үйіріліп бір жігіт жүр. Бизнесмен. Сол жыл­дары әкімшілік ондай-ондай той-тома­лақ­ты елдің қалталы азаматтарының көме­гі­мен ғана өткізе алатын. Жаңағы жігіт сөз ке­зегі тигенде тілегін айта келіп, аяғын: «Қа­даға, биылғы соғымыңыз ініңізден бола­ды. Алматыға өзім жеткізіп беремін» деп бі­тір­ді. Қалыпты жай. «Рақмет, бауырыммен» бі­тетін сөз. Сол екі арада көмекейіме бір қал­жың келе қалғаны. Тегі, Қадырдың айт­қыш­тығынан бірдеңе күттім-ау деймін. «Жоқ, ағамызға соғым керек емес», дедім. Кә­­сіп­кер азамат бетіме аңтарыла қарады. «Қа­­лай сонда?»... Қадағаң үндей қоймады. Аңы­­сын аңдып отыр. Сөзімнің сырын біле­тін. Көзінің қиығында бір күлкі ойнай бас­та­ғандай. Әкім аға, Мереке таңданулы. Олар­мен бұрын әзілдесіп көрмегенмін. Тіпті дастарқандас бола бастағаныма екі-ақ күн. «Солай. Соғым керек емес екенін өзі айтқан»... «Өзі айтқаны қалай? Түсінбедім?». «Түсін­дірейін» дедім де, ақын өлеңінің бір шумағын  кел­тірдім:
Маған түк те керек емес – сенсеңіз,
Қызықтырма соғымыңмен ең семіз.
Қора-қора мал ұстауға болады,
Одан бірақ көтерілмес еңсеміз.
Маған түк те керегі жоқ – сенсеңіз.

«Ағаңыз осылай жазған. Бұл кісіге соғым керек емес»...
Әрине, арғы жағын айтпаймын. Түгел жат­­қа да біле қоймаймын. Білсем де жалға­сы­ның маған дәл осы жерде керегі жоқ... Өлең былай бітеді ғой:

Маған түк те керегі жоқ сенсеңіз,
Өзге жарық көмектеспес – сөнсеңіз.
Асылыңнан, алтыныңнан не пайда,
Енді қайтып оралмайды он сегіз!
Маған түк те керек емес – сенсеңіз! 

Әлгі жігіт аңтарылды да қалды. Юмор­дан атымен ада екен, Қадағаңа қарап, «Ініңіздің іл­типаты еді ғой, білмедім, айып ет­пеңіз» деп салды. Аяқ астынан қызық хал шы­ға келді. Енді болмаса, соғымның қолдан су­сып кетуі де ғажап емес. Түйінді Мереке тар­қатып берді. «Сауытбек, сен былайша қа­рағанда тәп-тәуір сауатты жігіт сияқтысың. Сөй­те тұра ақынның лирикалық  геройы мен адам­ның өзін шатастыратының не осы?» де­гені... Бәріміз күліп жібердік. Қадағаң Мере­кенің қолын алды. Өзі де дәйім тауып айтатын адам басқаның тауып айтқанын да қа­­­дірлейтін.

Екіншісі – Мемлекет басшысының ресми са­парына ілесіп, Дания мен Испанияға бар­ға­нымыз. 1999 жыл. Ол кезде Мереке Құл­ке­нов «Ана тілі» газетінің бас редакторы, мен «Қа­зақстанның теледидары мен радиосы» рес­публикалық корпорациясының бірінші ви­це-президентімін. Естен кетпес ерекше күн­дер еді. Әсіресе, Испания... Әсіресе, бола­тыны – Копенгагеннен ұшып келіп, Мадрид әуежайына түскенімізде Президенттің сол кездегі баспасөз хатшысы журналистерді жи­нап алды да: «Ал енді дүйсенбіге дейін сіз­дер мені білмейсіздер, мен сіздерді біл­мей­мін... Сапар дүйсенбіде басталады. Таңғы то­ғызда қонақүй алдынан табылыңыздар», де­ді. Таңғалдық. Күн бейсенбі... Содан төрт күн бойы Мадридтен көрмеген жеріміз қал­мағандай болды. Испания сапарынан те­леар­наға жедел берілген ресми сюжеттердің сыр­тында «Мадридтегі мереке» деген деректі фи­льмге керекті бейнематериал да жинап қайт­тық. Мереке сол фильм жөнінде өз газе­ті­не арнайы мақала шығарды.  Айтқандай, сол күндері Президент өзінің досы – король Хуан Карлос I-нің шақыруымен елдегі бір арал­дың тыныс-тіршілігімен танысуға бар­ған екен.

Үшіншісі – Майндағы Франкфурт кітап жәр­меңкесіне барғанымыз... Төртіншісі – Ита­лия сапары, Рим мен Флоренцияны кө­ріп қайту... Оларды тәптіштеп тұрып алсақ, орын­ды опырайтып жіберерміз. Бесіншісі – тағы да Қадыр ағаның тойы. Бұл жолы – жетпіс жыл­дығы... Тағы да ақын аға таңдауы Ме­ре­кеге түсіпті. Кімнің кім екенін тамыршыдай тани­тын талант иесі қаламдас інісінің мінез бай­лығын, түсін бермес тектілігін қатты ба­ғалайды екен. Кейін оны қазақтың талай игі жақсысы қадірлейтініне көз жетті. Әбді­жә­мілдің, Әбіштің, Фаризаның алдында іні­лік ілтипатын да көрсетіп, өзінің абы­ройын да  аласартпай тұратынын талай көр­дім. Бәрі де Мерекемен санасатын. Аза­мат­тығын ардақтайтын.

Журналист

2025 жылы қайраткер азамат, көптеген тари­хи туындының авторы Бектұр Төлеу­ға­лиұлының 85 жасқа толуына қатысып қайт­қан­быз. Бектұр ағамыз – өзім өмір бойы ұс­таз тұтқан Әбіш Кекілбаевтың кластас досы, Жұмабектің  (Кенжалин) қаламдас аға­сы. Мерейтойға Алматыдан Қазақстан Жазу­шылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов арнайы келіп қатысты. Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында ұйымдастырылған жиыннан бір күн бұрын Ақтаудың іргесіндегі Ақшұқырда, Бекеңнің үйінде қонақта болғанбыз. Емен-жарқын сол отырыста аға­ның әңгімесінен, өзінің айтқандарынан Ме­рекені тіпті жақын тани түстім. Әкесі Әб­­­­­деш Қабылұлы ауданның партия орган­да­рында көп жыл басшылық қызмет атқар­ған, елге танымал тұлға екен. Анасы Талшын Қа­ра­балақызы да қызметтен қаражаяу бол­мапты. Жергілікті тұрмыс комбинатын бас­қарыпты. Мектепте жүргенінде-ақ аудандық газет­ке жазған-сызғанын жолдап тұратын Ме­реке кейін сол газетте бір жылдай жұмыс та істепті. Журналистік жол солай басталып­ты.

Ол жол Мерекені талай биікке алып шық­­ты. Университет бітірген бетінде  «Қа­зақстан пионері» газетінің редакциясына ор­­наласып, өзі «қазақ балалар журна­лис­ти­ка­сын қалыптастырған редактор» деп ба­ғалайтын Фариза Оңғарсынованың мек­те­бі­нен өтеді. Ол мектеп әрі өмір мектебі де еді. «Сол заманғы айбынды ақын-жазушылар Әбу, Хамит, Мұқағали, Шерхан, Қадыр, Та­хауи секілді ағайлар «Қарындасымыз» деп құр­­меттеп, апайды арнайы іздеп келіп, пі­кір­лесіп отыратын. Апай ағаларымен әңгі­ме­лесіп те үлгереді, жұмысты басқарып та үл­гереді», дейді Мереке. Тағы бір мақаласында ре­д­акцияға Мұқағалидың келгенін, Фариза ор­нында жоқ екенін көргеннен кейін бірер па­рақ қағазын қабылханадағы қызға тастап, кетіп қалғанын жазады. Сондағы қалдырға­ны – «Фаризаға» деген өлең...  
Мерекенің журналист ретінде қатты шыңдалған шағы – «Шерханның шекпеніне» оранып, «Қазақ әдебиетінде» тілші, бөлім меңгерушісі болған жылдары. 2006 жылы жа­рық қөрген «Біздің қоғам» атты тұтастай жур­­налистік кітабындағы дүниелердің дені сол тұста жазылған. Бұл – қазақ пуб­ли­цис­ти­­­­­касының қазынасына қосылатын құнды кі­­тап. «Тарихқа ең алдымен түрен салатын – жур­налистер. Қаламгерлердің ел мен жер туралы, халқымыздың әдебиеті мен өнері жай­лы, ерекше тұлғалары хақында бүгін жаз­ған зерттеулері, эссе-очерктері соңыра та­лай-талай тарихшыларға мың жылдық азық болады», дейді өзі бір сұхбатында. «Бұ­рынғы адамгершілік қағидаларына, ата-ба­бамыздың салт-санасына сызат, сызат емес-ау, жік түсті. Жас айырмашылықтары арқы­лы бағаланатын адамдық қасиеттердің көбі бү­лінді. Ақсақалдың аузынан дуа кетті, жас­тың бойынан иман жоғалды. Адалдық пен тазалық деген адам бойындағы ең ұлы қа­сиеттерге нұқсан келді. Ғасырлар бойы ала­қанына салып, аялап келген осы ұлы қа­сиеттер кейінгі жас ұрпақтың бойынан тез жоғалады. Неліктен? Бізді өзекті өртеген осы мәселе қатты ойландырса керек»,  «Баяғы «Пара бергенше, бара бер» деген нақыл «Бара бер­генше, пара бер» болып өзгергелі қашан»  деген сияқты жанайқайдың талайын жазып еді газетте жүргенінде. АҚШ-тан «Көк мұ­хит­ты көктей өтіп» атты мақалалар циклымен қайтатыны, «Қызығуға тұратын әсем тірлік» очеркінде Қатар елінің қалай қатардан озып бара жатқанын айқара ашқаны да есте. «Есіл ер» деген атпен Халел Досмұхамедов туралы кө­лемді тарихи очеркін де сонда жария­ла­ға­ны жадымызда. «Көрінген сонадайдан Аты­рауым», «Жеті қат жер астындағы бай­лық» атты мақалаларында өзі өскен өңірдің түр­лі-түрлі түйткілдерін тілге тиек еткен.

Журналист қарындасы Раушан Төленқы­зы сұхбат кезінде «Сіз туралы замандас­та­рыңыз «Мереке жақсы жазушы болатын еді. Жур­налистика оның қаламын кішкене тай­дырып жіберді» деген пікір айтады. Егер, сол сөз рас болса, шынымен жазушылықтан не­ге тайқыдыңыз?» деп төтесінен сұрақ қоя­ды да, «Мен жазушылықтан тайқығаным жоқ, тайқу мүмкін емес» деген тіке жауап ала­ды. Енді соның мәнісіне келейік. Тұңғыш про­за кітабынан екі әңгімені сөз етейік те тоқ­тайық. Ол кітап – 1988 жылғы «Үрей» ат­­­­ты әңгімелер жинағы. Қаламгердің әде­биет­тегі алғашқы қадамының өзінен көп нәр­се көрінеді ғой.

Жазушы

Қаламгерлік пен қайраткерліктің тізгі­нін қатар ұстаған қай адамға да қашанда тө­ніп тұрар бір қауіп бар. Екі кеме құйрығын ұс­тағанның көрері бір кеп деген қауіп. Ол сөз кешегі өткен Әбішке де айтылмай, айып та­ғылмай қалған жоқ. Сондай сөзді айта­тын­дардың кейбірі сондай айып тағатын адам­да­рының кітаптарын құнт қойып оқи да бе­р­мейді.  

«Түннің бір уағында подъезден құлақ тұн­дырар ащы дауыс естілді».

«…Олар әуелі есіктің ішкі жағынан құлақ тү­ріп, тың тыңдасты. Есіктеріндегі шынашақ ба­сындай көзшелерінен ақырын сығаласты. Әне қояды, міне қояды деп біраз сабыр сақ­тас­ты. Кім бірінші есігін ашар екен деп бірін-бірі аңдысты...» – жинаққа аты берілген «Үрей» әңгімесінің басындағы сөйлемдер осын­дай. Не боп қалған? Не қылған ащы дауыс? Түннің бір уағында! Серікқали Ха­сан­ды тыңдап көрейік: «Құлкеновтің әңгімесінің ба­сындағы «құлақ тұндырған ащы дауыстың» же­тегі бізді енді қайда алып барар екен? Бәл­кім, сіз бұл жерде «Ойпыр-ай, алдағы бір шы­­тырман оқиғаның шеті әлден-ақ шығып тұр екен ғой» дерсіз. Жоқ, оқырман, сіз енді әлгі бір түн түнегін түрген «ащы дауысты» ес­­тіп, подъездің дәлізіне қарай шыға келген ұй­­қ­ылы-ояу тұрғындарды көресіз. Бәрін де өз­дерінің түн ұйқыларынан тік тұрғызған жаңағы ащы дауыс. Ол әлдеқалай подъезге кі­ріп кетіп, енді кейін қарай шыға алмай тұр­ған бала мысықтың даусы еді. Жоқ, енді бұл жердегі әлгінде ғана «құдды емшектегі нә­рестенің әлденеге мазасызданып, қолды-аяққа тұрмай шыңғырып жылағаны сияқты» мысықтың даусы да далада қалады. Жазушы бұл жерде әлгі бір ащы дауыстан шошып оя­нып, әлде соны естігелі бері жөндеп ұйық­тай алмай, дәлізге қарай шыға келген көр­шілердің әрқайсысының ішкі толғаныстары мен ішкі жан дүниелеріне үңіледі. Өйткені сол тұрғанда, олардың әрқайсысының да әлгі бір ащы дауыстан алған өз қауіп-қатері мен үрейлі, мұңды сезімдері тағы бар». Солай. Со­ған қоса тағы былай, біздіңше. Көшеден кі­ріп кеткен бала мысықтың үрейінен – түн­гі тосын дыбыстан туған абыржудан аздап айыққаннан кейін-ақ жиналған жұрт бір-бі­рімен жарыса аяушылық көрсетуге ауы­сады. Бірақ мысықты далаға шығарып жіберуге тәуе­кел етер ешкім жоқ. Әңгіменің түйінінде әлгі түйткіл оп-оңай шешіледі. «Осы сәт екін­ші қабаттан тарс етіп тағы бір есік ашыл­ды. Бұл өзінің қашан, қай күні арақ іш­пей сау жүргенін баяғыда ұмытып қалған, таң атса аулалардағы орындықтардың жа­ны­нан, бұта-шіліктердің түбінен бос шөл­мек­тер іздеп кететін, кешке қарай көзіне түс­кен көршілерін тоқтатып алып, ұзақ-ұзақ пәл­сафа соғатын, адам болудан қала бастаған жан еді. Бір үйде жалғыз тұрады». Әлгі кісі қо­лындағы таяғымен мысықты іліп алып, да­лаға лақтырып жібереді. Әңгіме сонымен бі­теді. Үрейге бой алдырмаған жалғыз адам екін­ші қабаттағы мастығы айықпаған тұр­ғын болып шығады...

Үрей. Жаппай үрей. Подъезд – ортақ кеңіс­тік. Подъезд – қоғамның бір кесегі. Де­мек, бұл үрей – қоғамның үрейі. Сөз жүзінде мы­сықты аяйтын, іс жүзінде кішкентай әре­кетке де тәуекелі тұрмайтын, жаппай жал­ғандық ауанында жан бағып жатқан қо­ғамның үрейі. Әрине, Мерекенің бұл әң­гімесінен кейін «Айтқандай, сол қоғамды ақы­ры сөзге бар да, іске жоқ біреу мен белгілі се­беппен ауық-ауық үрейді ұмытып кететін та­ғы біреудің билік үшін тіресі таратып тын­ған жоқ па?» деп қазымырлана қалудың жөні жоқ. Өйтсек, шығарманың түпкі ойын тым жа­лаңаштап жіберер едік. Сондай болып ке­тетінін осыны жариялағанда отыздың жуан ортасына жаңа жеткен жас жазушы қай­дан біле қалсын?.. Сонда да, суреткерлік сез­гірлікке айызың қанады.

Жан-жүректі тербейтін туындының тағы бірі – кітаптың басында тұрған «Жаң­быр­дан кейін». Бұл әңгіме Мерекенің тіл құ­нарын да, терең психологизмін де тамаша та­­нытады.  

«Күздің қара жаңбыры шатырлар мен те­­резелерді тынымсыз сабалағаннан жа­лық­қандай ауыл үйлерінің саз балшықтан са­лы­нып, әктелген қабырғаларының әне жерін, мі­­не жерін мүжіп, алабажақ түрге айнал­ды­рып­ты». Мәрзия кемпірдің көңіл кейпі де осын­­дай. Жазылмайтын құзыр тауып, аз ай­дың аясында уақыт келген қызы Айжа­рық­­тан айырылған ана жүрегі де алабажақ. То­п­ырағына су тиген қызының басын кө­теру­ге (елдің батыс бетіндегі ағайынның сө­­­­зі­мен айтсақ, үйін тұрғызуға) мойыны жар бер­мей жүрген күйеу баласына ызаланып, ашу­ға булыққан күйінде тағы бір хабар жет­ті: оның ойы құртқа шауып, төсек жаң­ғыр­тып үлгеріпті... Расқа шықты  жаңағы хабар. 

«Құлындарым-ай, жат әйелдің қолына қа­рап, жаутаңдап қалдыңдар-ау, қайтейін, сұм тағдырға шара бар ма, естері кіргенше ме­­нің қолымда болсын дегеніме әкелерің көн­ді ме?» деп қиналған ана ақыры күздің то­­­­лассыз шүмектеген жаңбырына қарамай, жол­ға шығады. Ойы: «Айжарықтың үйін тұр­ғызатын-тұрғызбайтынының анық-қа­нығын білейін, болмаса ойранды салып ке­тейін ол мұндарға». Жаңбыр әлі жауып тұр: «Ән­шейінде майтопырақтанып, борпылдап жа­татын қырат беттің өзі миы шыға езіліп, аяқ алып жүргізбейтін батпаққа айналыпты... Мәрзия кемпір аса сақтықпен байқап бас­қан­ның өзінде көк сауыр кебісін ми батпақ бір­неше рет алып қала жаздады». Осы де­тальда – лай кебісте талай нәрсе жатыр. Кем­пір қызының үйіне бара салысымен сол ке­бісін шешпеген күйі төрге өтіп те кетеді. Ашу-ыза тарқар емес. Сөйтсе... күйеу бала­сы­ның бас қосқаны (есімі – Ақханша) бір құ­дайына қараған, мұның немерелерін аялап отырған жан болып шығады. Қайғыдан қарс айырылған жүрек қайтадан жібиді. Көңіл мейірімге ашылады. «Мәрзия кемпірдің бұл ке­ліншекпен әңгімесінің қалай жарасып кет­кеніне басы жетпей-ақ қойды. Абзалы, адам баласының жан дүниесіндегіні аңғара қою қиын-ау». Соны жазушы аңғарған. «Таңер­тең келген Мәрзия кемпірді қас қарая Ақ­ханша мен немерелері үйге дейін әкеліп сал­ды. Бір ай бойы түнерген аспан шайдай ашы­лып, күздің жаймашуақ күні көкжиекке ең­кейіп бара жатыр екен»... Өмірдің ға­жаптығы – жалғаса беретінінде. Өмірде жұ­­­­банышқа да, қуанышқа да орын бар. Тоқ­тамайтын жаңбыр болмайды. Өңірді жуатын жаң­быр өмірді де жуады. Аты қандай әңгі­менің! «Жаңбырдан кейін».

Қой, кейіпкеріміздің басқа қырларына да көз сала отырайық.

Редактор 

«Үлкен журналистикаға қадам баспай тұрып аудандық газет ісіне араласқандықтан бо­лар, мен баспасөздің, газеттің оқырмандар арасындағы тартымдылығын арттыру үшін ре­дактордың ықпалы, ұйымдастырушы­лы­ғы жоғары болуы керек екенін сезіндім, тү­сіндім», дейді Мереке Құлкенов балаң ша­ғын­да, мектептен кейін Қызылқоға аудандық га­зетінде жұмыс істеген кезін еске алғанда. Рас сөз. Қазір редактор рөлі жөніндегі түсінік те өзгеріп бара жатыр. Сол қызметті атқарған адамның өзінің кітаптары, мақалалары ал­дымен сөз етіле береді. Редакторлық деген бас­қалау нәрсе. Оның негізгі шаруасы – жаз­дырту. Негізгі міндеті – ненің жазылуын, кім жазарын тап басу, соған қол жеткізу. Жазуға жағдай жасау. Басылымға бағыт-бағдар беру. Кезінде баспасөзге бір мақала жазбайтын Александр Чаковскийдің «Литературная га­зе­таны» ұшар биігіне шығарғанын көзі қа­рақ­ты жұрт жақсы біледі. КОКП Орталық ко­митетінің мүшесі А.Чаковскийдің беделі жур­налисті қандай қысымнан да қорғай алатын.
Әріптестері Мереке Құлкеновтің ре­дак­торлық қолтаңбасынан мынан­дай бес қасиетті бөле атайды: 1. Басылымды қо­ғамдық пікір алаңына айналдыруы. 2. Қа­жетті шығарманы өзі іздеп, авторды ба­сы­лымға тартуы. 3. Қазақ әдебиетінің геог­ра­фиялық шеңберін кеңейтуі. 4. Қызметкерге се­нім білдіріп, шығармашылық мүмкіндік беруі. 5. Талантты танып, өзгенің өсуіне ық­пал етуі. «Үнемі қабағы ашық, іскер қалыбын жо­ғалтпайды», – дейді Айгүл Кемелбаева. «Ол қай басылымға барса да бағын ашты. Өзін де, өзгені де биіктетті», – дейді Қали Сәрсенбай. 

Бір мәселенің шетін ғана кертіп өтейік. 

«Жалын» журналының редакциялық лездемесінде бас редактор оқырмандарды Қытайдағы қазақ әдебиетімен таныстыру жө­нінде мәселе көтереді. Оңай іс емес. Ал­ды­мен Қытайдың Қазақстандағы Елші­лі­гі­мен байланыс орнатылады. Хат жазылады. Олар хатты Қытай Жазушылар одағына жол­дайды. Енді ҚХР Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты, «Қытай жазушылары» жур­на­лының бас редакторы, қандас қаламгеріміз Мәжит Акбармен тікелей жұмыс басталады. Сөй­тіп, бірте-бірте сең қозғалып, Қытай елін­дегі қазақ әдебиетінің таңдаулы шы­ғар­малары журнал бетіне жол тарта бастайды. Бүгін­де ол туындылар біртұтас қазақ әде­бие­тінің ортақ игілігіне айналды.

Кең құлаштылығын «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі­нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің тө­рағасы қызметінде кемел көрсетті Мереке. Се­ріктестікке қарасты «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Жұлдыз», «Прос­тор», «Ақиқат», «Мысль» журналдарына енді «Экономика»  газеті, «Роман-газета» үлгі­сін­дегі «Үркер» журналы қосылды. Соның бә­рін ұршықша үйіріп отырды. «Алтын жұл­дыз» ұлттық сыйлығын иеленді. «Ана тілі» «республикалық үздік газет» атанды. «Таң-Шол­пан» журналын ұмытып барады екенбіз. Түгендеудің өзі оңай емес.

Баспагер

Мереке Құлкенов –  алдымен елдік істер­ге көңіл бөлетін баспагер.

Махамбеттің 200 жылдығына өзі бас­шы­лық жасап, көптомдық «Махамбет кітап­ха­насы» сериясының кітаптарын шығарды. Қан­ша том деп ойлайсыз? 20 том! Ілгеріде өт­кен ақынға қатысты сонша томдық мате­риал­ды табу, басын қосу бір қиындық болса, со­ның бәрін мерейлі мерекеге басып үлгерту қиындығы одан кем түспейді. Бөкей Орда­сының 200 жылдығына әрқайсысы кере қа­рыс 6 том арналған. Әскери тарихшы Ми­хаил Терентьев «История завоевания Сред­ней Азии» деген атпен үш томдық еңбек қал­дырыпты. Соны Санкт-Петербургтің кі­тапханасынан таптыртып, қайта бастырған да, қазақ поэзиясының он томдық анто­ло­гиясын құрастырып, қыздың жиған жүгіндей етіп шығарған да – Мерекенің баспа үйі» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі. Мере­кенің баспагерлігіне осы жолдар авторы айрық­ша разы екенін жасырып-жабудың жөні жоқ. «Сонша жыл жолдастықта жүр­ген­де бір кітапты да шығармадың-ау» деп құ­лағын қажап қоятынмын. Шығарғанның көкесін көрсетті кейін Мереке! Жетпіс жылдықтың о жақ-бұ жағында он томдықты басты да берді. Әрқайсысының көлемі  70x100 пішіммен 500 беттей. Өте әдемі. Көптомдық басу мәде­ние­тінің үйренерлік үлгісі деудің артығы жоқ сияқты көрінеді өзімізге. 

Қайраткер

Мереке жас күнінен азаматтық бел­сенді ұстаным танытумен келеді. 2011 жылдың аяғындағы шетін оқиғадан кейін арнайы құрылған қоғамдық комиссия құрамында болып, облысқа бірнеше рет барып қайтқан, ахуалды жақсарту жөнінде қағидатты мәні бар ұсыныстарын жеткізген азаматтығы ел есінде. 

Өзі талай жыл Жазушылар одағы ғима­ратында жұмыс істей, халқымыздың небір игі жақсысымен араласа жүріп, ол бірте-бір­те шығармашылық ұйымның тыныс-тір­шілігіне де тікелей қатыса бастады. Қазақтың ай­маңдай ақыны Ұлықбек Есдәулет Жазу­шылар одағын басқарған тұста ортақ іске одақ хатшысы ретінде атсалысты, өзінің ұйым­дастырушылық қабілетін ұштай түсті. 

Одақ басқармасы Алматыда, біз Астанада бол­ғандықтан, барша істен хабардар да емес­піз, бірақ біздің пайымдауымызда қазір Ж­а­зушылар одағы тың тыныс ашқандай кө­рінеді. Ғимараттың бір бөлігін, Шығар­ма­шылық үйін жалға беру арқылы табыс табу, облыс әкімдіктерінің тендерлеріне қатысып, ақша түсіру, Астана, Алматы қалалық әкім­дік­терінің көмегімен қаламгерлерге сти­пен­дия белгілеуге қол жеткізу, ай сайын қомақты қар­жы бөле отырып, кітап жазғызу, сан түрлі қалталы мекемелермен байланыс орнатып, ар­найы әдеби байқаулар ұйымдастыру, «Бу­кер» сыйлығына кандидаттар ұсыну, Но­бе­ль сыйлығына ұсыну мәселесін пысықтау, ол үшін аты әлемге әйгілі қаламгерлердің беде­лін пайдалану сияқты игілікті істерді естіп жа­тамыз, кейбір жиындарына өзіміз куә де бо­ламыз. Мысалы, әлемге әйгілі қытай қа­лам­гері, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның Астанадағы Ұлттық академиялық кі­тапханада оқырман қауыммен кездесуі ру­хани ортаны бір сілкінтіп тастағанын көр­дік. Хал-қадерімізше пікір де қостық.

Қай шығармашылық одақты да басқару қия­мет-қайым қиын іс. Әсіресе, жазу­шы­лардың жөні бөлек. Солай болуы заңды да. Бұл қызметте басшы тұлғаға ұйымдас­тыру­шылық қабілет те, елдік ірілік те, мінез кең­дігі де,  сан түрлі психология иесімен ара­ла­са­тын дипломатия да керек.  Жетпіс бес де­ген жастың жотасына шығып жатқан бауы­рымызға сол қасиеттің бәрін де тілей­міз.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары