Жаңа «Азаматтық кодекс»: Нені ескеруге тиіспіз?

/
Жаңа «Азаматтық кодекс»: Нені ескеруге тиіспіз?

Құқықтық мемлекеттің басты өлшемі – заңның қағаз жүзінде мінсіз жазылуы ғана емес, әрбір азаматтың сол заң арқылы қорғалғанын сезінуі. Қоғамдық қауіпсіздік, сот төрелігінің әділдігі, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен азаматтардың құқықтық сауаттылығы бір-бірімен тығыз байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген құқықтық бастамалар да осы мәселелердің өзектілігін айқындай түседі.

Құқық пен тәртіп – мемлекеттің берік ір­гетасы. Заң үстемдік құрған жерде азамат өз құқығының қорғалатынына сенеді, кә­сіпкер ертеңгі күніне алаңдамай жұмыс іс­тейді, ал қоғамда әділеттілікке деген үміт ны­ғаяды. Керісінше, заң талаптары біреуге жүріп, біреуге жүрмейтін жағдайда мем­ле­кеттік институттарға деген сенім әлсіреп, әлеу­меттік тұрақтылыққа сызат түсе бас­тай­ды. Сондықтан азаматтардың құқық­та­рын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі құқық қорғау органдарының ға­на емес, тұтас мемлекеттік басқару жүйе­сі­нің негізгі міндеті болуы керек.
Президенттің биылғы  Жолдауында осы ұстанымның мәні кеңінен көрініс тап­ты. Мемлекет басшысы әлемдегі күрделі гео­­­саяси ахуалға, жаһандық тұрақсыздыққа тоқ­тала отырып, ел ішіндегі бірлік пен тәр­тіп­тің маңызын атап өтті. 

«Қазір жаһандық сын-қатерлер әлде­қай­да қауіпті сипат алған кезде қоғамы­мыз­да талап пен тәртіпке басымдық беруі­міз қажет», – деді Президент.

Бұл сөздердің астарында үлкен жауап­кер­шілік жатыр. Өйткені қауіпсіздік деге­ні­міз – тек көшедегі қылмыстың азаюы не­­­­месе құқық бұзған адамды жазалау емес. Ол – азаматтың өз үйінде, жұмыс орнында, қо­ғамдық кеңістікте және цифрлық ортада өзін қауіпсіз сезінуі. Ол – баланың зорлық-зом­былықтан қорғалуы, қарт адамның алаяқ­тардың арбауына түспеуі, кәсіпкердің заң­сыз қысымға ұшырамауы, ал қарапайым тұр­ғынның мемлекеттік органмен қарым-қа­тынаста өз құқығын еркін қорғай алуы.

Қауіпсіз қоғам: жазалаудан бұрын алдын алу

Қазақстанда кейінгі жылдары қоғам­дық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушы­лықтың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі рес­­­­ми статистикадан да байқалады.

Мәселен, өткен айда Ақордада өткен кездесуде Бас прокурор Берік Асы­лов Мемлекет басшысына жыл басынан бергі тоғыз айда қылмыстық құқық бұзу­шы­­­­лықтар саны 14,6 пайызға төмендегенін баян­дады. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар 22,3 пайызға, көшелердегі заңға қайшы әрекеттер 20,1 пайызға азай­ған. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз ету бағытындағы профилактикалық жұ­мыс­тың маңызын көрсететін көрсет­кіш­тер.

Алайда статистиканың төмендеуі мәсе­ле­нің түбегейлі шешілгенін білдірмейді. Құ­қық бұзушылықтың әрбір дерегінің ар­тын­да адам тағдыры, отбасының алаңдау­шы­лығы, кейде орны толмас өкініш тұра­ды. Сондықтан құқық қорғау жүйесінің тиім­ділігі тек ашылған қылмыстар мен ұс­тал­ған күдіктілердің санымен өлшен­беу­ге тиіс. Оның басты нәтижесі – қылмыстың алдын алу, азаматтың өмірі мен денсау­лы­ғын қорғау, жәбірленушінің бұзылған құ­қы­ғын қалпына келтіру. Яғни, жазалау емес, қылмыстың алдын алу маңызды.

Цифрлық дәуірдегі жаңа қауіп: азаматтың дерегі мен қаржысын қорғау

Бүгінде қауіпсіздік ұғымының мазмұны өте кең. Интернет кеңістігіндегі алаяқтық, жалған инвестициялық ұсыныстар, фи­шинг­тік сілтемелер мен жеке деректерді заң­сыз пайдалану азаматтардың құқығына төнген жаңа қауіпке айналды. Технология дамыған сайын қылмыскерлердің де әрекет ету тәсілдері күрделене түсуде.

Мұны статистикалық көрсеткіштер де растайды. 2025 жылы Қазақстанда 27 892 ин­тернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айын­да мұндай қылмыстар саны 19 мыңнан 15 мың­ға дейін азайып, 21 пайыз төмендеген. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші де өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға өскен.
Үкіметтің мәліметінше, үстіміздегі жыл­­­дың сегіз айында интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 5,9 млрд теңге өтел­ген. Сонымен қатар дропперлік үшін қыл­мыстық жауапкершілік енгізілгеннен бері 1 018 дерек тіркеліп, 364 адам жауапқа тар­тылған. Бұл заңсыз ақша айналымына қарсы күрестің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Дегенмен қылмыстың азаюы қауіптің толық сейілгенін білдірмейді. Алаяқтар банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде хабарласып, азаматтарды жал­­ған операция жасауға көндіреді. Сон­дық­тан күмәнді қаржылық аударымдарды дер кезінде анықтау, заңсыз операцияларды тоқтату және жәбірленушілердің қаража­тын қайтару тетіктерін жетілдіру маңызды.
Осы бағытта Қазақстанда 2024 жылдан бері Ұлттық антифрод-орталық жұмыс іс­тейді. Оған 200-ден астам ұйым қатысады. Ор­талықтың негізгі міндеті – күмәнді қар­жылық операцияларды анықтау және алаяқ­тық жолмен алынған қаражаттың әрі қа­рай қозғалуына тосқауыл қою.

Сонымен бірге цифрлық қауіпсіздік жеке деректерді қорғаумен де тығыз бай­ла­нысты. Жасанды интеллект пен бейне­ба­қылау жүйелерін енгізу азаматтардың қауіпсіздігін арттырғанымен, жеке өмірге қол сұқпаушылық талаптары сақталуы ке­рек. Қауіпсіздік үшін енгізілген технология азаматтың өзіне қарсы бақылау құралына айналмауға тиіс.

Демек, цифрлық дәуірдегі құқықтық сая­саттың басты міндеті – азаматтарды ин­тернет-алаяқтардан қорғап қана қой­май, олардың жеке деректері мен қар­жы­лық ақпараттарының қауіпсіздігін қам­та­масыз ету. Өйткені технологиялық даму құ­қықтық кепілдіктермен қатар жүргенде ға­на қоғамның сеніміне ие болады.

Сот төрелігі: азамат құқығының басты қорғаны

Әділетті қоғам туралы сөз қозғағанда сот жүйесінің орны ерекше. Өйт­кені адамның құқығы бұзылған жағдайда соңғы әділдік іздейтін орын – сот. Сот ше­ші­мі заңға, дәлелге және бейтараптыққа не­гізделгенде ғана азаматтың мемлекетке деген сенімі нығаяды.

Қазақстанның сот жүйесінде кейінгі жыл­дары цифрландыру, істерді қарау са­па­сын арттыру және сот төрелігінің қол­же­тімділігін қамтамасыз ету бағытында бір­қа­тар өзгеріс жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстың ауқымын биылғы статисти­ка­лық көрсеткіштер де аңғартады.

Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мер­ға­лиевтің Мемлекет басшысына берген мә­ліметіне сәйкес, биыл тоғыз айда сот ор­­гандары 24,8 мың қылмыстық істі қара­ған. Азаматтық істер саны 28,4 пайызға өсіп, 605 мыңнан асқан. Мұндай жүктеме сот жүйесінің материалдық-техникалық мүм­кіндіктерін жетілдірумен қатар, про­цес­терді оңтайландыру мен азаматтарға көр­сетілетін қызмет сапасын арттыру қа­жеттігін көрсетеді.

Сот төрелігін цифрландыру – осы мін­детті шешудің маңызды жолдарының бірі. Электронды сот ісін жүргізу, онлайн оты­рыс­тар, құжаттарды қашықтан тапсыру және сот актілеріне қол жеткізу азамат­тар­дың уақытын үнемдеп қана қоймай, құ­қық­тық көмектің қолжетімділігін де арт­тырады. Әсіресе, шалғай ауылдарда тұра­тын, денсаулығына немесе әлеуметтік жағ­дайына байланысты сотқа баруы қиын адамдар үшін мұндай мүмкіндіктердің маңызы зор.

Дегенмен сот жұмысын технологияға бейімдеу адам факторын толық ығыстыру де­генді білдірмейді. Сот шешімінің негі­зінде заң мен дәлел, ал оның өзегінде адам тағдыры тұруы керек. Цифрлық жүйе сот төрелігін жеңілдетуге қызмет еткенімен, су­дья­ның тәуелсіздігіне, тараптардың тең­дігіне және әр азаматтың өз ұстанымын то­лық жеткізу құқығына нұқсан келтір­меуге тиіс.

Әкімшілік әділет институтының дамуы да азаматтардың құқықтарын қорғауда маңыз­ды рөл атқарады. Өйткені азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дауда би­лік өкіліне қарсы өз құқығын қорғау қа­рапайым адам үшін оңай емес. Мұндай жағ­дайда мемлекеттік органның шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын сот арқылы тек­серу – құқықтық мемлекеттің маңызды белгісі. 

Алатау қаласындағы инвестициялық сот: құқықтық жүйеге жаңа талап

Президент Жолдауындағы құқықтық бастамалардың бірі – Алатау қаласында ағыл­шын құқығының үлгісіне негізделген инвестициялық сот құру ұсынысы. Бұл бас­тама еліміздің инвестициялық тартым­ды­лығын арттырумен қатар, сот төрелігінің са­пасына қатысты жаңа талаптар қояды.

Президенттің айтуынша, кез келген ха­лықаралық юрисдикцияның ұзақ уақыт бойы тартымды болуына ықпал ететін не­гіз­гі факторлардың бірі – тиімді сот тө­ре­лігі. Осыған байланысты Алатау қаласында жал­пы құқықтың ағылшын үлгісіне сай жұ­мыс істейтін, коммерциялық істерді қа­райтын инвестициялық сот құру көзделіп отыр. Ал арнаулы құқықтық режимге бай­ланысты өзге мәселелер азаматтық сот­тардың құзыретінде қалады.

Бұл бастаманың мәні тек шетелдік ин­вес­торларға қолайлы жағдай жасауға ар­нал­маған. Басты мақсат – келісімшарттық мін­деттемелердің орындалуына кепілдік беру, меншік құқығын қорғау, коммер­ция­лық дауларды кәсіби әрі тиімді қарау және құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ин­вестор үшін соттың шешімі болжамды әрі әділ болуы қаншалықты маңызды бол­са, отандық кәсіпкер үшін де заң алдында тең қорғалатынын сезіну соншалықты маңыз­ды.

Дегенмен жаңа сот институтын құру ке­зінде оның құзыретін, сотқа жүгіну тәр­тібін, шешімдерді орындау тетіктерін және аза­маттық соттармен арадағы шекараны анық белгілеу қажет. Ең бастысы, арнайы юрисдикция инвестициялық қатынастарға қатысушылардың бәріне бірдей құқықтық кепілдік беріп, әділ сот төрелігінің жалпы қағидаттарына сай жұмыс істеуі керек.

Президент Үкіметке «Алатау қаласы­ның арнаулы құқықтық режимі туралы» Конс­титуциялық заңға тиісті түзетулерді 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін Құрылтайдың қарауына енгізуді тапсырды. Бұл – бастаманың заңнамалық тұрғыдан пы­сықталуына арналған нақты мерзім.

Жаңа Азаматтық кодекс: заман талабына сай құқықтық негіз

Жолдаудағы тағы бір маңызды бас­та­ма – жаңа Азаматтық кодексті қабылдау. Мемлекет басшысы қолданыс­тағы кодекстің өткен ғасырдың тоқсанын­шы жылдарында қабылданғанын еске са­лып, оның өз кезеңіндегі тарихи мис­сия­сын толық орындағанын атап өтті.

«Осының бәрін ескере отырып, бо­ла­шақ­тың экономикасына байыппен көшуге құ­қықтық негіз болатын жаңа Азаматтық ко­декс қабылдау қажет деп санаймын», – де­ді Президент.

Бұл ұсыныстың астарында қазіргі эко­номикалық және қоғамдық қаты­нас­тар­дың күрделене түсуі жатыр. Кейінгі он­жыл­дықтарда цифрлық сауда, электронды ке­лісімшарттар, зияткерлік меншік, онлайн қыз­меттер, деректерді пайдалану, плат­фор­ма­лық экономика және жасанды интеллект не­гізіндегі жаңа қызмет түрлері кең тарады. Олар­дың барлығы нақты құқықтық рет­теу­ді қажет етеді.

Азаматтық кодекс – тек кәсіпкерлер мен заңгерлерге арналған құжат емес. Ол әр адамның күнделікті өміріне тікелей қа­тысы бар. Мәселен, тұрғын үй сатып алу, мү­­лікті мұраға қалдыру, несие рәсім­деу, қыз­­мет көрсету, ке­лі­сімшарт жа­сау немесе тұ­­тынушы ретінде құқығын қорғау – мұ­ның бәрі азамат­тық-құқықтық қатынас­тар­ға жатады.

Сондықтан жаңа кодекс­тің басты мін­деті – за­манауи экономикалық қа­ты­­­настарды реттеумен бірге, аза­мат­тар­дың мүліктік және жеке құқықтарының қор­ғалу деңгейін арттыру. Заң нормалары тү­сінікті, бірізді және тәжірибеде қолдануға қо­лайлы болуы керек. Құ­жатты әзірлеу ба­рысында заңгер­лер­дің, кәсіпкерлердің, ға­лымдардың жә­не қарапайым азаматтар­дың ұсы­ныс­та­рын ескеру де маңызды.

Ақтөре Оразаева, заңгер:

Құқықтық реформалар халық мүддесіне қызмет етуі керек

2026 жыл еліміз үшін маңызды саяси-құ­қықтық өзгерістерге толы кезең болды. Жаңа Конституцияның қабылдануы құ­қықтық жүйені жетілдіруге тың серпін бер­ді. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тари­хи кезеңдегі Қазақстанның өзекті мін­деттері» атты Қазақстан халқына Жол­дауын­да азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қо­ғам­дық қауіпсіздікті нығайту мәселелерінің кө­терілуі ерекше маңызға ие.

Меніңше, таяуда әзірленіп, қолданысқа ен­гізілуі күтілетін жаңа Азаматтық кодекс ең алдымен халықтың мүддесіне қызмет етуі керек. Заң нормалары қарапайым әрі түсінікті тілде жазылып, қазақ тіліндегі нұс­қасы бастапқыдан сауатты әзірленгені маңыз­ды. Азаматтар өз құқықтары мен мін­деттерін заңгердің көмегінсіз-ақ түсіне ала­тындай жағдай қалыптасуы қажет.

Жаңа кодексте ерекше назар аударуды қа­жет ететін мәселелердің бірі – азамат­тар­дың несие жүктемесі. Бүгінде көптеген адам банк алдындағы берешегін өтеуде қиын­дықтарға тап болып, негізгі қарыздан бөлек, жоғары пайыздар мен өсімпұлдарды төлеуге мәжбүр. Бұл бағытта «Қазақстан Рес­­публикасы азаматтарының төлем қабі­лет­тілігін қалпына келтіру және банк­рот­тығы туралы» заң болғанымен, Азаматтық ко­дексте де азаматтардың қаржылық мүд­десін қорғайтын нақты нормалар қарас­тырылуы тиіс.

Сондай-ақ мұрагерлікке байланысты не­сие міндеттемелерін реттеу маңызды. Мә­селен, қайтыс болған азаматтың мұра­гері­не қалған автокөліктің бағалау құны 20 миллион теңге, ал банк алдындағы қа­ры­зы 30 миллион теңге болса, қалған 10 мил­лион теңгені кім өтейді деген сұрақ туын­дайды. Сондықтан мұрагердің жауап­кершілік шегін, мұраға алынған мүліктің құ­нын бағалау мен қарызды өтеу тәртібін заң­да нақты белгілеу қажет.

Бұдан бөлек, мемлекет алдындағы ерек­ше еңбегі үшін марапатталған азаматтар қайтыс болған жағдайда олардың несие міндеттемелерін есептен шығару мәселесін де заңнамалық тұрғыдан қарастыруға болады. Мұндай тетік нақты өлшемдер мен әділдік қағидаттарына негізделуі тиіс.

Жалпы, жаңа Азаматтық кодекстің басты мақсаты – азаматтардың құ­қықтарын қорғау, қаржылық және мү­лік­тік қатынастардағы әділдікті қам­та­ма­сыз ету болуы керек. Заңның тиімділігі оның көлемімен емес, халықтың күнделікті өмі­ріндегі мәселелерді қаншалықты шеше ала­тынымен өлшенеді. Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген құқықтық реформа­лар­дың да түпкі мәні осында деп есептеймін.

Айдар Советбеков, Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты:

Заң азаматқа да, мемлекетке де бірдей міндетті

Бұл жолғы Жолдау негізінен экономика мен мемлекеттік басқаруға арналған. Де­ген­мен онда азаматтардың құқығын қор­ғау­ға тікелей әсер ететін бірнеше құқықтық бас­тама бар. Адвокат ретінде мен үшеуін ерекше атап өтер едім.

Біріншісі – экономикалық құқық­бұзу­шы­­лықтарды қылмыстық сипаттан арылту. Мем­лекет басшысы экономикалық баптар бойын­ша қылмыстық қудалауға ұшыраған кәсіпкерлердің шағымы толастамай отыр­ға­нын атап өтті. Бұл – әділ баға. Тәжірибеде қа­рыз немесе орындалмаған шарт туралы аза­маттық дау алаяқтық бойынша қыл­мыс­тық іске айналып, мүлікке тыйым салу мен бұлтартпау шарасы қысым құралына ай­на­латын жағдайларды жиі көреміз. Эко­но­ми­калық даулар қылмыстық процесте емес, аза­маттық сотта шешілсе, бұл кәсіпкердің де, оның қызметкерлерінің де құқығын тікелей қорғайды.

Екіншісі – кәсіпкерлер қызметіне заң­сыз кедергі келтіруді мемлекетке қарсы қыл­мыс деп бағалау. Бұл – маңызды белгі. Алай­да Қылмыстық кодексте заңды кәсіп­кер­лік қызметпен айналысуға кедергі кел­тір­гені үшін жауапкершілік (365-бап) бұ­рын­нан бар, бірақ ол өте сирек қолданылып келді. Демек, жаңа тұжырым емес, нақты тә­жірибе қажет.

Үшіншісі – жаңа Азаматтық кодекс және заңды жолмен табылған мүлікті қор­ғау кепілдігі. Азаматтар ең жиі кездесетін дау­лар осы салада: шарт, меншік, мұра, цифр­лық активтер.

Мемлекеттік қызметшілердің жаңа эти­касы да азаматтардың құқығына тіке­лей қатысты, өйткені адам күнделікті өмір­­­­де заңнан бұрын шенеунікпен бетпе-бет келеді.

«Заң және Тәртіп» қағидаты заң аза­мат­қа да, мемлекетке де бірдей міндетті бол­ған­да ғана толық жүзеге асады. Қауіпсіздік пен адам құқығы бір-біріне қайшы емес: құ­қық қорғау органдары мен соттың жұ­мы­сы неғұрлым болжамды болса, сенім де соғұрлым артады.
Бұл бастамаларды іс жүзінде тиімді жү­зеге асыру үшін мына тетіктерге басым­дық берген жөн:

1. Декриминализация. Азаматтық дау мен қылмыстың арасындағы шекараны анық белгілеу керек. Экономикалық құрам­дар­да бас бостандығынан айырудан гөрі за­лалды өтеуге басымдық берілуі тиіс. Қара­­лып жатқан істер мен шығарылған үкім­дер де қайта қаралуы қажет: Қылмыс­тық ко­дек­стің 6-бабына сәйкес іс-әрекеттің қыл­мыс­тылығын жоятын заңның кері күші бар.

2. Сотқа дейінгі сатыда нақты сот бақы­лауы. Кәсіпкерлердің мүлкі мен шоттарына тыйым салу, бұлтартпау шаралары сотта мә­ні бойынша тексерілуі тиіс. Қорғау тара­бы іс материалдарымен нақты таныса алуы жә­не дәлел ұсына алуы керек. Іс қозғау тә­жі­рибесі өзгермесе, декриминализация нәтиже бермейді.

3. Заңсыз қудалау үшін жауапкершілік. Іс қылмыс құрамының болмауына байла­ныс­ты тоқтатылса, оны бастаған лауазым­ды тұлғалар үшін салдары болуы керек, ал адам­ға келтірілген зиян тез өтелуі тиіс. Әйт­песе, «мемлекетке қарсы қылмыс» деген сөз декларация күйінде қалады.

4. Тексерулерге мораторийді ойластыра енгізу. Бизнеске қысымның бір арнасы жа­был­ғанда, екіншісі ашылмауы керек. Тек­серулердің орнын қылмыстық істер басып кет­пеуін қадағалау қажет.

5. Жаңа Азаматтық кодексті ашық тал­қылау. Оны практиктермен – адвокат­тар­мен, судьялармен, нотариустармен, бизнес өкіл­дерімен бірге талқылап, жеткілікті өт­­­­пелі кезеңмен қабылдаған жөн.

6. Өлшенетін нәтиже. Қанша эконо­ми­калық іс тоқтатылғанын, мүлікке салынған қан­ша тыйым алынғанын, қанша зиян өтел­генін жария түрде бақылау керек. Сон­да ғана бастама жұмыс істеп тұр деп айта ала­мыз. Адвокаттар бұл жұмысқа – заң жо­баларын әзірлеуге де, мониторингке де бел­сене қатысуы тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары