Құқықтық мемлекет қалыптастыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – ел дамуының басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамалар осы бағыттағы жүйелі реформалардың жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Әсіресе, Азаматтық кодексті жаңарту, инвестициялық сот құру және сот жүйесін жетілдіру мәселелері қоғам үшін айрықша маңызға ие. Осы орайда құқықтық реформалардың мәні мен маңызы, олардың жүзеге асырылу барысы және қарапайым азаматтар үшін берер нәтижесі жөнінде Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Константин Петровпен тілдескен едік.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігін қорғау мәселелері көтерілді. Осы бастамалардың негізгі маңыздылығы неде?
– Президент заң үстемдігі, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барлығының заң алдындағы теңдігі, әділ сот төрелігі мәселелерінің аса маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Жолдауда бұл бастамалар жаңа тарихи кезеңдегі табысты мемлекет құру жолындағы жұмыстың іргетасын қалайтын негізгі қағидаттардың бірі ретінде көрініс тапқан.
Табысты мемлекет тек билік тізгінін ұстаған азаматтардың ғана емес, ауыл мен қалада еңбек етіп жүрген қарапайым халықтың да қажырлы еңбегінің арқасында құрылады. Оның дамуына құрылысшылар мен энергетиктер, бағдарламашылар мен ұстаздар, дәрігерлер мен малшылар, кәсіпкерлер мен студенттер, сондай-ақ зейнеткерлер де өз үлесін қосады.
Азаматтардың реформаларды оң қабылдап, оларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуы үшін ең алдымен Конституцияда айқындалған құндылықтардың мемлекет тарапынан қамтамасыз етілетініне деген сенімі болуы шарт. Осы тұрғыдан алғанда, менің ойымша, Жолдауда ұсынылған барлық бастамалар құқықтық мемлекет қағидаттарына негізделген.
– Жолдауда Азаматтық кодексті заманауи талаптарға сай жаңарту міндеті де белгіленді. Жаңа заңнама азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында қандай өзгерістерге алып келуі мүмкін?
– Азаматтық кодексті жаңарту – еліміздің Негізгі заңын қабылдаудан кейінгі аса маңызды міндеттердің бірі. Себебі күнделікті өмірде кездесетін сан алуан жағдайлар мен қоғамдық қатынастардың басым бөлігі осы кодекс нормаларымен реттеледі.
Азаматтық кодексті жеке өмір мен бизнестің өзіндік «конституциясы» деуге болады. Өйткені ол тауар-ақша қатынастарын, сондай-ақ мүліктік және мүліктік емес сипаттағы көптеген қоғамдық қатынасты қарастырады.
Азаматтық кодекс жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет арасындағы құқықтық қатынастарды қамтиды. Атап айтқанда, онда меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтар, міндеттемелер мен шарттық қатынастар, зияткерлік меншік мәселелері, сондай-ақ ар-намыс пен қадір-қасиетті, іскерлік беделді қорғау секілді жеке мүліктік емес құқықтар реттелген.
Нарықтық экономика жағдайында еліміздің дамуы, ақпараттық технологиялардың кеңінен енгізілуі және қоғамдық қатынастардың жаңа сипатқа ие болуы жеке өмір саласындағы құқықтық реттеу тетіктерін заман талабына сай жетілдіру қажеттігін туындатып отыр.
Бұл – ауқымды жұмыс. Отыз жылдан астам уақыт бойы қолданыста болған Азаматтық кодекс құқықтық қатынастарымызды реттеп, өз міндетін айтарлықтай тиімді атқарып келді. Осы уақыт аралығында көптеген шешім қабылданып, миллиондаған мәміле жасалды. Сондықтан өз тиімділігін дәлелдеген және әлі де өзектілігін жоғалтпаған нормалардың барлығы сақталуы тиіс.
Сонымен қатар осы жылдар ішінде Кодекске 150-ден астам өзгеріс енгізілді. Бұл түзетулер оның жалпы құрылымына әсер етпей қоймады. Соның салдарынан құқық қолдану тәжірибесінде заң нормаларын әртүрлі түсіндіру жағдайлары туындай бастады. Кейбір тұстарда қайшылықтар жинақталса, жекелеген тарауларды жаңадан жазу қажеттігі туындап отыр.
Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс басталып та кетті. Ең алдымен, Кодекстің қолданыстағы нормаларына жан-жақты талдау жүргізіліп, оны жаңартудың тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл процеске министрлік қызметкерлері, Құрылтай депутаттары, ғалымдар мен тәжірибелі сарапшылар тартылған.
– Президент Жолдауында Алатау қала-сында ағылшын құқығының моделіне негіз-делген инвестициялық сот құру бастамасы көтерілді. Мұндай сот жұмысының ерекше-ліктері қандай болады? Оның құзыреті мен азаматтық соттардың өкілеттіктері қалай ажыратылады?
– Мұндай инвестициялық сот жұмысының басты ерекшелігі – оның ағылшын құқығының немесе басқаша айтқанда, прецеденттік құқықтың моделі бойынша жұмыс істеуінде. Көптеген азаматымызға бұл модель америкалық фильмдер арқылы таныс болуы керек.
Қысқаша сипаттайтын болсақ, бұл модельдегі сот процесі біз үйренген тәртіптен біршама ерекшеленеді. Процесс судьяның алдында екі тең құқылы тараптың (талапкер мен жауапкердің / айыптау мен қорғау тарапының) арасындағы дау түрінде өтеді. Тараптар дәлелдемелерді өздері жинайды, куәгерлерді шақырады және олардан жауап алады («қарсы жауап алу»). Ал судья тек процестік қағидалардың сақталуын қадағалайды.
Бұл сотта инвестицияларға қатысты істер қаралатын болады. Оның құзыреті мен өкілеттіктерінің аражігі Құрылтай әзірлеп, қабылдайтын арнайы заңда егжей-тегжейлі айқындалады.
– Жолдауда белгіленген құқықтық бастамаларды іске асыру аясында Сіздің комитетіңіздің алдында қандай міндеттер тұр? Қарапайым азаматтар бұл реформалардың нәтижесін қалай сезіне алады?
– Жолдауда белгіленген құқықтық бастамаларды іске асыру аясында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің, сондай-ақ жалпы Құрылтайдың алдында, ең алдымен, сапалы заңнамалық актілерді әзірлеу және қабылдау міндеті тұр.
Жоғарыда аталған Азаматтық кодекстен бөлек, қазір ол ең ауқымды заңнамалық акт болып саналады, сондай-ақ инвестициялық сот туралы заң жобасы бойынша да жұмыс жүргізілуде. Бүгінде сот әкімшілігі туралы заңға түзетулер енгізу жұмыстары да қолға алынған.
Бұдан бөлек, біздің комитет депутаттары мемлекеттік мүлікті басқару үдерістерін, жер қатынастарын жетілдіруге, мүмкіндігі шектеулі балаларды (адамдарды) кешенді қолдауға, мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытуға және басқа да көптеген бағытқа арналған өзге комитеттердің заң жобаларымен белсенді жұмыс істеуде.
Қарапайым азаматтар осы ауқымды жұмыстың оң нәтижесін міндетті түрде сезінетін болады.
Әсел ӘНУАРБЕК