Қоғам өмірінің басты қағидаттары айқындалды – Марат Башимов

/
Қоғам өмірінің басты қағидаттары айқындалды – Марат Башимов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық маңызы зор, тарихи мәні терең әрі мазмұны ауқымды Жолдауында еліміздің таяу болашақтағы дамуының нақты бағыттарын белгілеп, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің тетіктерін ұсынды.

Ауқымды жаңғырту үдерісі мен саяси жүйені түбегейлі қайта жаңарту Қазақстанға стратегиялық әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге баса назар аударуға мүмкіндік береді. Кейінгі жылдардағы еліміздің экономикалық өсімі бұл міндеттердің табысты жүзеге асырылуына орай жаратады.

Бұл үдерістің өзегінде еліміздің болашақтағы жасампаз дамуының басты бағдары саналатын Қазақстанның жаңа Конституциясы тұр. Жолдаудың негізгі тұжырымдары – халықтық цифрлық экономика, инвестициялық тәртіп, сервистік инфрақұрылым, қалаларды дамыту стратегиясы. Ал жүзеге асырылатын түбегейлі өзгерістердің басты игілігін көруші – ел азаматтары.

Ел Президенті 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялады. Сонымен қатар ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін арттыру, келесі жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті қабылдау, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгерту, прогрессивті шкала негізінде әділ салық салу жүйесін қалыптастыру және басқа да маңызды бастамаларды ұсынды. Бұл оң өзгерістер қоғамнан қолдау тауып, оң бағалануда.

Президент адами капиталды дамыту, білім беру мен ғылым салаларын өркендету, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, мектептер мен ауруханалар салу мәселелеріне де ерекше тоқталды.

Жолдаудың басты тұжырымдарының бірі – өмір сүру сапасы жоғары, азаматтардың өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік беретін, технологиялық тұрғыдан дамыған әрі бәсекеге қабілетті жаңа экономика қажет.

Тағы бір айрықша маңызды қағидат – құқық үстемдігін қамтамасыз ету. Жаңа Конституция мен оның негізгі қағидаттары мемлекет, қоғам және әрбір азамат үшін күнделікті басшылыққа алынатын басты құндылыққа айналуға тиіс. Себебі заң мен тәртіп – еліміздің алға басуының берік құқықтық негізі.

Сонымен қатар «ұрпаққа лайықты мұра қалдыру», «ұлт бірлігі», «Адал азамат», «жаңа қоғамдық этика» секілді маңызды ұстанымдар қоғам өмірінің басты қағидаттарына айналуы қажет.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы осы ауқымды жаңғыру мен жүйелі өзгерістердің нәтижесінде Қазақстанның өркениетті даму үдерісінің алдыңғы қатарынан лайықты орын алатынын нақты атап көрсетті.

Марат БАШИМОВ,
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары