Сәрсенғали Алдашев: Жаңа Азаматтық кодекс – құқықтық жүйені жаңғыртудың маңызды қадамы

Сәрсенғали Алдашев: Жаңа Азаматтық кодекс – құқықтық жүйені жаңғыртудың маңызды қадамы
ЖИ арқылы жасалған сурет

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы жаңа кодекстің заманауи талаптарға сай әзірленіп, азаматтар, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуі маңызды екенін атап өтіп, құжатты 2027 жылдың соңына дейін қабылдауды ұсынды. Заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының Сәрсенғали Алдашевтің пайымынша, Жолдауда айтылған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу міндетінің қойылуы – еліміздің құқықтық жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған маңызды бастама, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Азаматтық кодекс – қоғамдағы мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды реттейтін, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын негізгі нормативтік құқықтық актілердің бірі болуы тиіс. Сондықтан оның жаңа жобасын әзірлеу тек заңнамалық өзгеріс қана емес, қоғамдық қатынастардың өзгерген сипатына құқықтық тұрғыдан жауап беретін маңызды құқықтық акт болуы негізгі мақсат.

Қазіргі кезеңде цифрлық технологиялардың, инновациялардың және IT саласының қарқынды дамуы азаматтық-құқықтық қатынастардың мазмұны мен жүзеге асу нысандарын түбегейлі өзгертуде. Электрондық мәмілелер, цифрлық активтер, онлайн-қызметтер және интеллектуалдық меншік объектілеріне қатысты жаңа қатынастар құқықтық реттеудің заманауи тетіктерін қажет етеді. Осыған байланысты жаңа Азаматтық Кодекс дәстүрлі азаматтық-құқықтық институттарды сақтай отырып, цифрлық экономиканың ерекшеліктерін де қамтуы тиіс», – дейді маман.

Сәрсенғали Алдашевтің пікірінше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында бірнеше негізгі бағытқа назар аудару қажет.

«Біріншіден, азаматтық құқықтың негізгі қағидаттарын дамыту, тараптардың теңдігі, меншікке қол сұғылмаушылық, шарт еркіндігі, жеке істерге негізсіз араласпау және бұзылған құқықтарды сот арқылы қорғау қағидалары азаматтық заңнаманың іргетасы ретінде сақталып, жаңа қоғамдық қатынастарға сәйкес жетілдірілуі қажет.

Екіншіден, меншік құқығын қорғау және шарттық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Меншік нысандарының тең қорғалуына кепілдік беру, адал сатып алушылардың құқықтарын қорғау және шарттық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін арттырып, кәсіпкерлік пен инвестициялық қызметтің дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Үшіншіден, мемлекеттің азаматтық-құқықтық қатынастардағы рөлін қайта қарау. Нарықтық экономика мен цифрлық ортаның даму жағдайында мемлекет жеке құқық субъектілерінің дербестігі мен теңдігін қамтамасыз ететін, олардың құқықтарын қорғайтын және заңды мүдделерінің сақталуына кепілдік беретін институт ретінде әрекет етуі тиіс. Бұл ретте жария-құқықтық реттеу мен жеке-құқықтық дербестіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.

Төртіншіден, азаматтық заңнаманың реттеу пәні мен жүйелілігін жетілдіру. Азаматтық кодекс біртектес қоғамдық қатынастарды бірыңғай құқықтық қағидалар мен реттеу әдістері негізінде жүйелі реттеуге бағытталып қабылдануы тиіс. Оның нормалары өзара үйлесімді болып, құқық қолдану тәжірибесінде қарама-қайшылықтар мен құқықтық олқылықтардың туындауына жол бермеуі қажет», – дейді ол.

Сәрсенғали Алдашевтің пікірінше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің басты мақсаты – азаматтық құқықтың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, заңнаманы цифрлық дәуір мен инновациялық экономиканың талаптарына бейімдеу.

«Біздің ойымызша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудегі басты мақсат – заңнаманы жай ғана жаңарту емес, азаматтық құқықтың іргелі қағидаларын сақтай отырып, оны цифрлық дәуірдің, инновациялық және цифрлық экономиканың  жаңа қоғамдық біртектес қатынастардың талаптарына бейімдеу.

Жаңа Азаматтық кодекс – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың, меншікке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етудің, мемлекет пен қоғам арасындағы құқықтық қатынастарды жетілдірудің және Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына негіз қалаудың маңызды құралы», – дейді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары