Министрлік пен Huawei компаниясы қазақша ЖИ-ді дамытуды қолға алды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Huawei компаниясымен бірлесіп жасанды интеллект бойынша курстарды қазақ тіліне даярлаудың аяқталғаны туралы хабарлады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова министрліктің кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.
ЖИ бойынша білім беру бағдарламаларын мемлекеттік тілге локализациялау – қазақстандық студенттер мен жас мамандар үшін озық білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге маңызды қадам. Жақында студенттер машиналық оқыту, деректерді талдау, нейрондық желілер және әртүрлі салаларда жасанды интеллектіні практикалық қолдану сияқты көптеген тақырыпты қамтитын курстарды пайдалана алады.
«Біз студенттерге жасанды интеллект саласындағы озық білімге өз ана тілінде қол жеткізе отырып, цифрлық экожүйені дамытуда Қазақстанды қолдағанымызға қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз – еліміздің технологиялық прогресіне елеулі үлес қоса алатын мамандардың жаңа буынын оқыту ғана емес, шабыттандыру», – деді Huawei өкілі.
Вице-министр өз сөзінде бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.
«Huawei-мен бірлесіп жүзеге асырылатын жасанды интеллект бойынша курстарды қазақ тіліне көшіру – білім беруді цифрлық трансформациялау стратегиясының маңызды элементі. Бұл бастама Индустрия 4.0 сын-қатерлеріне дайын жоғары білікті кадрларды қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деді ол.
Сонымен қатар бұл курстар студенттерді оқытудың бастапқы кезеңінде жасанды интеллект саласында базалық біліммен қамтамасыз ету үшін ҚР ҒЖБМ бастаған AI-Sana инновациялық бағдарламасының бөлігі болады. AI-Sana бағдарламасы әлемнің жетекші сарапшыларының басшылығымен Қазақстанның ЖИ саласындағы болашақ мамандарын даярлауға бағытталған.
Huawei курстарының бағдарламасы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының базасында онлайн және офлайн форматтарда іске асырылатын болады. Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылар ЖИ саласындағы біліктілігін растайтын сертификат алады.