Алматыда діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды

/
Алматыда діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды
Видеодан скриншот

Алматыда діни экстремизмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2024-2025 жылдары жақтастарынан 60 млн теңгеден астам қаражат алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел уәкілдер ұзақ уақыт бойы күдіктінің заңға қайшы әрекеттерін, оның ішінде интернет кеңістігіндегі қызметін анықтап, құжаттау жұмыстарын жүргізген.

Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, радикалды идеяларды таратқан. Ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарға әкімшілік етіп, онлайн дәрістер өткізген және өз жақтастарына идеологиялық тұрғыда ықпал еткен. Күдікті шетелде болғанына қарамастан, оның әрекеттері құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында болған.

Бұған дейін оның бірқатар аудиодәрісі терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сот шешімімен экстремистік материалдар деп танылған. Сондай-ақ ер адамның шетелдік теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны анықталған.

ІІМ мәліметінше, ол жақтастары арасындағы беделін пайдаланып, 2024-2025 жылдары олардан 60 млн теңгеден астам қаражат алған.

-11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті Алматы қаласында ұсталды. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тергеу әрекеттері жүргізілді. Тінту барысында экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазба материалдар тәркіленді,-делінген хабарламада.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ІІМ қызметкерлері заңға қайшы әрекеттердің барлық мән-жайын анықтау, ықтимал сыбайластары мен басқа да қатысы бар адамдарды әшкерелеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

ІІМ экстремистік идеологияны таратуға және діни алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерді, оларды ұйымдастырушылардың Қазақстанда немесе шетелде болуына қарамастан, анықтап, жолын кесу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары