«Вандализмге жол жоқ!»: 100-ге жуық тарихи ескерткіш пен мәдени нысан ретке келтірілді

«Вандализмге жол жоқ!»: 100-ге жуық тарихи ескерткіш пен мәдени нысан ретке келтірілді
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының Жастар қанаты еліміз бойынша «Вандализмге жол жоқ!» ауқымды акциясын жалғастырып келеді. Тарихи мұраны қорғауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және вандализмнің алдын алуға бағытталған бастамаға осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам белсенді жас қатысты. Акция еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласын қамтыды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысының вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған бұл бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының мақсаттарымен де үндеседі. «Әділет» жастары бұл жұмысты бір реттік шарамен шектемей, тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бүгінге дейін 100-ге жуық тарихи-мәдени нысан мен қоғамдық орынды ретке келтірді.

Бұл жолғы акцияға 2 мыңнан астам жас, қоғам белсенділері, пікір көшбасшылары мен экобелсенділер қатысты. Олар ескерткіштердегі граффити жазуларын арнайы құралдармен өшіріп, қоғамдық орындар мен табиғи аумақтарды қоқыстан тазартты.

Өскемен маңындағы орманды алқапта орналасқан жартас та назардан тыс қалмады. Белсенділер оның бетіндегі жазуларды арнайы тазартқыш құралдармен өшірді. Акцияға тұрақты қатысып жүрген экобелсенді Танир Ясса мұндай бастамалардың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды екенін айтты.

«Табиғи нысанды бүлдіру оңай, ал оны қалпына келтіру көп уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Сондықтан бұл акцияның басты нәтижесі – тазартылған нысандардың саны ғана емес, жастардың бойында табиғатқа деген жауапкершіліктің қалыптасуы. Табиғатты қорғау бір реттік сенбілікпен шектелмей, күнделікті әдетке айналуы тиіс. Өйткені табиғи және тарихи мұраны келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет», – деді Танир Ясса.

Қостанай облысында жастар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін, Орталық саябақтағы нысандарды және Тың игерушілерге арналған ескерткішті вандализм іздерінен тазартты. «Жастар Рухы» жастар қанаты Қостанай облыстық филиалының төрағасы Аружан Сәрсенбаева қоғамдық мүлікті қорғауда тұрғындардың белсенділігі ерекше маңызды екенін атап өтті.

«Тарихи ескерткіштер мен қоғамдық орындарды күтіп ұстау тек жауапты мекемелердің міндеті емес. Вандализмге жол бермеу үшін тұрғындардың да бейжай қарамауы маңызды. Мұндай әрекеттерге қоғам болып төзбеушілік танытқанда ғана олардың алдын алуға болады. Сондықтан біз тазалық жұмыстарымен қатар, адамдардың қоғамдық мүлікке деген көзқарасын өзгертуге де мән береміз», – деді Аружан Сәрсенбаева.

Өзге өңірлерде де тазалық және ақпараттық жұмыстар жалғасты. Қарағандыда жастарға вандализмнің зияны мен қоғамдық мүлікке ұқыпты қараудың маңызы түсіндірілді. Абай облысында қоғамдық орындардағы орындықтар мен өзге де инфрақұрылым нысандары граффити жазулары өшіріліп, тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Ал Шымкентте Алаш қайраткерлеріне арналған «Алаш жолы» ескерткіші ретке келтірілді.

«Жастар Рухы» жастар қанаты алдағы уақытта да еліміздің барлық өңірінде «Вандализмге жол жоқ!» акциясын өткізіп, тарихи мұра мен қоғамдық орындарды қорғау жұмысын жалғастырмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары