Бауырына салу: дұрыс па, бұрыс па?

Бұл дәстүр бүгінде халық арасында кеңінен таралмағанымен, ара-тұра кездесіп отырады. Бастысы, дәстүр уақыт өткен сайын өзгерсе де, оның негізгі мәні ұрпаққа тәрбие мен білім беру бо­лып қала береді.

Бауырына салу: дұрыс па, бұрыс па?
mamaclub.kz
264

Халқымызда ата-әженің тұңғыш немерені бауырына басуы – өте маңызды дәстүр. Бұл ұр­пақ жалғастырудың белгісі әрі баланың өміріне, отбасының болашағына деген үміттің нышаны ретінде қаралған. Сондай-ақ тұңғыш немерені бауы­рына басу ата-аналар мен үлкендердің рухани күш-қуатының бір көрінісі еді. Бұл дәстүр бүгінде халық арасында кеңінен таралмағанымен, ара-тұра кездесіп отырады. Бастысы, дәстүр уақыт өткен сайын өзгерсе де, оның негізгі мәні ұрпаққа тәрбие мен білім беру бо­лып қала береді. Алайда бүгінде бұл дәстүрге әсіре­се жастар жағы қарсы. Оған себеп те жоқ емес. Бірін­шіден, ата-әженің балалары өздерінің жан жарасын қо­ғамда ашық айта бастаса, екіншіден ғылым ана мен бала 3 жасқа дейін бірге болуы керек екенін дә­лел­деді. Расында атасының баласы деп сыртқа жүнін қом­пайтқанымен, іштен тынып жүрген, өмірден өз орнын таппаған, іштей арпалыспен жүргендер көп ек­е­нін әлемуеттік желіде жазылған пікірлерден көру­ге болады. Әсіресе, ата-әже тәрбиесі тақырыбындағы талқылауларда тұңғыш немерелердің ащы дауысы шығып қалады. 

Ата-әжесінде өскен балапандардың ішкі жан-дүниесін ойласам, көзіме жас келеді

Салтанат Оралханқызы осы тақырыпты тереңнен зерт­теп жүрген психоаналитик мамандардың бірі. «Қазақтың сал­тында немерені атасы мен әжесінің қолына беру – бұл бүгінде шынайы қажеттілік пе әлде ескірген салт па деген мәселені зерттегенде тарихи факторларға назар аудардым», – дейді Психоаналитикалық ассоциациясының кандидаты. 

– Бұрын қазақ даласында киіз үйде өмір сүру қалыпты жағ­дай болды және ауылдастардың үйлері бір-біріне жақын орналасатын еді. Демек, жас отбасы отау құрғанда ата-ана­сына «көрші» тұрған десек те болады. Яғни, бала өз ата-анасын көріп тұрған. Алайда ата-әжесі мен ата-анасы алыс тұрған кездер де болғаны сөзсіз. 

Ал баланың ішкі жан дүниесіне үңілсек, ол өзін мен ата-анама керек емеспін, олар мені қажет болмағандықтан «бере салды» деген ой тұжырымда болуы әбден мүмкін. Енді сол ата-әжесіне тәрбиелеуге беру үрдісінде бірнеше жайт­тарды таразылайын:

1. Ата-әжесінің тәрбиесіне толықтай бере салып, ата-ана­сы өздері басқа қалада немесе ауылда тұрады. Немере ата-әжесінің баласы атанады, ол кісілер қайтыс болса, ба­ла­ны ата-анасы қолына алады; 
2. Ата-әжесінің тәрбиесіне толықтай бере салып, ата-ана­сы өздері басқа қалада немесе ауылда тұрады, кейін 1-сы­ныпқа барғанда алады;
3. Ата-әжесінің баласы деп, солармен ұйықтайды, туған­нан сол әжесі қарайды, алайда ата-анасы бірге тұрады;
4. Ата-әжесінің баласы деп айтады, ата-анасы бірге тұра­ды, туғаннан өздері қарайды, бір бөлмеде ұйықтайды.
Осы 4 жағдайдың алғашқысын психоаналитикалық тұр­ғыдан талдап көрсем. Әрине, өзге 3 жағдай да оңай емес, ба­лада «Мен ата-анама қаншалықты керекпін?» деген ой туғы­зады, алайда ең қиыны алғашқы мысал.  

Елестетіп көріңізші, 3-4 айлық баланы ата-әжесіне бере са­лады. Сондай балалар қандай сезімде екен? Ойында не бар? Әлемге деген сенімі қаншалықты екен? Біз осыны ой­лай бермейміз. Сол балапанның ішкі жан-дүниесін ойласам, кө­зіме жас келеді. Өйткені бала енді өзін анасының жа­нында екенін сезініп, бақытты балалық шақты кешемін де­ген­де ата-әжесінің қарауына тап болады. Неге тап болады дей­мін, себебі дәл сол сәтте баланың тілі болса, сұрасаңыз, ол «қаламаймын» деп жауап берер еді, – дейді психоа­на­ли­тик. 

Салтанат Оралханқызының сөзінің жаны бар. Баланы ата-әжесіне бергенмен, оның жан дүниесінде қандай өз­ге­ріс­тер орын алып жатқанын ешкім сұрамайды. Бұл – жабық та­қырып. Егер бала іштегі сезімін сыртқа шығарса, ата-әжесі рен­жуі мүмкін. 

– Мен ата-әже немересіне жаман тәрбие береді, болмаса қарамай қояды демеймін. Керісінше олар жақсы-ақ қарай­ды, қолдарынан келгенінің бәрін жасайды. Бірақ анасының иісіне үйренген бала енді өзін қайда, кіммен қалатынын түсінбейді. 6-7 айға толғанда атасы мен әжесінің бейнесін то­­­­­лыққанды көре бастайды, түсіне бастайды. Бұл жерде де көп­теген факторлар әсер етеді, мысалы, видеоқоңырау жа­сап, балаға ата-анасын көрсетіп отырса жақсы. Ал кейде, «ба­ла жылайды» деп сөйлестірмей, жылына бір рет көру дұрыс емес. Баланың жан-жағында көптеген «объектілер» пай­да болады, ағалар, әпкелер, көршілер, т.с.с. Бірақ сон­шама көп адамның арасынан өз әкесі мен анасын көрмегені іштей қынжылтады.  

Бала бір жасына қарай еңбектеп, тәй-тәй басып, жүру­ге тал­пына бастайды. Уақыт өте келе ата-әжесіне бауыр басып, идентификация жүруі мүмкін. Алайда, осы кезде кей жағдайларда әжесі «Әй, жылама, әкең мен шешеңе беріп жіберемін, мазамды алма» деген сөздер айтып қалады. Ал бұл бала үшін өте ауыр, жүрегіне сызат түсіреді «Мен өз әкеме, анама керек емеспін, әжем осылай айтып отыр, мен кіммін? Мен кімге керекпін? Мен жаман болғаным ба?» де­ген сұрақтарды туғызады, – деп қорытты сөзін Салтанат Оралханқызы. 

Өз үйім де, өскен үйім де – бөтен

Психоаналитиктің талдауын кейіпкеріміз әжесінің қызы Ғалия Нұрғалиеваның (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) сөзін растай түседі. Ғалия бүгін бір әулет­тің келіні, ұрпақ жалғастырып, өмірге бала әкеліп отырған ана. Ол күн сайын өзімен жұмыс істейді,  іштегі ар­па­лысын жеңіп, балаларына жақсы тәрбие беруге тырысады. Алайда бәрі бірден болмайды екен. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан келіншектің жан сыры мен өмірден түйген тәжірибесі ой салады. Тыңдап отырып, «бір кем дүние» дейсің. 

– Анам 21 жасында қарапайым әулеттің келіні атанады, өзінің айтуынша, тоқшылықта өмір сүріп, жоққа қи­налыпты. Мені өмірге әкелгенімен, жағдайымды жасап, қарау­ға шамасы келмепті. Әлжуаз баланың аурушаң келе­тіні бар ғой. Осылайша, бақырайған көзі ғана қалған, қу сүйек арық, іші гүп болып ісіп кеткен қызын анам өз әке-ше­шесіне әкеп тапсырыпты. «Бөлек шығып, жағдайымызды жа­са­ған соң алып кетеміз» деген. Нағашыларымның түйесі көп болатын, мені соның сүтімен бағыпты. Кейде қызықтап түйенің емшегін еміздіретінбіз деп күлетін. Өлімші, әлжуаз боп келген мені нағашы әжем солай «тірілтіп» алған көрінеді.   

Кейін үйге мама-папам келсе, апа-жездем келді деп ал­дарынан жүгіріп шығатынмын. Үлкендер ақы­рындап мені оларға қарай ысыра бастады. Арасында үйле­ріне де қыдырып баратынбыз. Әлі есімде, ата-әжем 6 жа­сым­да өз үйіме апарып, «Енді сен үлкен болдың, мына ар­тың­нан ерген бауырларыңа, ата-анаңа қолғабыс бол, бізді сағынсаң келіп тұрарсың» деп тастап кетті.

Қазір қарап отырсам, жаныма жара салған жайттар көп болыпты. Нағашы ата-әжем 6 қыз, 2 ұл өсірген үлкен отбасы бо­латын. Алайда 6 қыздың ауызбіршілігі жоқ еді. Менің анам үйдің үлкені, ең жуасы әрі көңілшек болатын. Сон­дықтан болар, бала кезімнен апаларым мені ауыр сөздермен, іс-қимылдарымен шеттететін. Балалықпен істеген әрекет­теріме баж етіп айғайлағанда, зәрем қалмайтын. Өсе келе сіңлілеріммен қосылып, сол апаларымның киімдерін киіп өстік. Сонда олар «Сендерді біз баққанбыз» деп міндет қы­ла­тын. Олар ұрысса да, ұрса да, енді қайтып бармаймыз деп жы­лап келсек, анамыз ара түсіп, бізді жақтап, қорғаудың орнына: «Өздерің кінәлісіңдер, қызмет етіңдер, олар менің бауырларым», – дейтін.  

Мен өз үйіме оралғаныммен, жәй күндері ата-әжеме бола баратынмын. Бірақ сол үйдің барлық жұмысын жаса­та­тын. Той-жиындарда әкем қайынжұртында ошақ ұстай­тын, анам дастарханын жайғастыратын, – деп еске алды Ға­лия өткен күндерін. 

Ата-әже баққан бала жаман болмайды, алайда мен өзімді екінші сорттағы адам сезінетінмін, өзіме сенімсіз бол­дым. Азу-ыза қысса, ішкі жан сырымды ақтара алмай­мын, мені ешкім түсінбейді деп өз сезімдеріңе тұншығасың. Өзімді бөтелкенің ішінде бір деңгейде ұша беріп, шығатын жерді таппай қанаты талған шыбындай сезінетінмін. Үнемі бір нәрсеге асығып, біреудің мақтауына, біреудің пікіріне мұқ­тажсың. Біреу сұраса да, сұрамаса да көмектесем деп жайы­лып жастық, иіліп төсек боласың. Өзіңді жаңа нәрсеге, жаңа затқа лайықсыз сезінесің. Тіпті өзімді елес сияқты се­зінетін кездерім болады. Қорғансыз болған қандай жаман сезім. Бұл сезімдерді маған нағашы апаларым «сыйлады». Қазір балаларымның сәл олқылығын көрсем, сол апаларым сияқ­ты баж ете қалатынымды ұқтым. Ұрысқаннымен қой­май, қол жұмсап қоямын да артынан өкінемін. Бұлай жал­ғаса беруі мүмкін емес деп, өзімді қолға алып, ақылы да, тегін де психологтардың көмегіне жүгініп келемін. Қыз бала анасының тағдырын қайталайды деп бекер айтылмаған-ау. Менің күйеуіме, балаларыма деген қарым-қатынасым тура анам­ның жасағанындай. «Мен ана болғанда олай жаса­май­мын» дегендерімді өзім қалай жасап кеткенімді білмей қала­мын. Анам мені өзіңнің кенже сіңлісіндей көретіні бар. Бейсаналы түрде сезінем. Кейде «Мінезің менің сіңлілеріме ұқсап кеткен» деп ренжиді. Сондай кезде «Неге мені сол үйге бердіңіз?» деп қарсы сұрақ қойғым келеді. Бірақ оның да ішінде өкініші мен өз шындығы бар ғой. Айналамдағы адам­­дарды өзгерте алмаймын, тек оларға деген көз­қара­сым­ды өзгертсем, өзіме жеңіл тиетінін үйреніп келем, – деп аяқтады сөзін кейіпкеріміз. 

«Бірінші бала менікі» деу – зорлық

Қоғамда Ғалия секілді іштен тынып жүрген, сырты – бү­тін, іші түтін қаншама тағдыр иесі бар екені бір Жара­тушы­ға ғана аян. Осы мәселе бойынша психотерапевт Сая Ба­кимоваға хабарласқанымызда біраз мәселенің бетін ашып берді.   

– Менің ылғи айтатын бір сөзім бар. Батыстың пси­хо­ло­гия­сы бізге келмейді деген бос сөз, даурықпа. Ол да бір ша­­пан киіп, Қытайға барып, «қазақтың киімін Қытай мойын­­дады» дегендей, езгіде болған елдің жан жарасының бір түрі. Жалпы, адамзаттың психикасы бір заңдылықпен жұ­мыс істейді. Бірақ әр ұлттың тұрмысына байланысты ту­ған түрлі мәселелері болады. Қазақтың сондай ерек­ше­лі­гіне баланы әке-шешеден «Бірінші бала менікі» деп ата-әже­нің тартып алуын айтуға болады. «Шешесі ауырып қал­ды», «қарай алмады», «баланың өзі ауырып қалды», «ерек­ше күтім керек болды» деген мәселелер басқа. Бұл жер­де адам түсініп, қабылдай алатын жағдай бар. Ал қал­ғаны – зорлық. 

Бірақ бала ата-әжесінің қолында өссе де, қара шаңы­рақта қалса да, бәрі бітті, 100 пайыз бәрінің психи­касы қирап қалады деген нәрсе жоқ. Өскен соң өз жолына түсіп, білім алып, қарым-қатынас құрып, таныстық жиып, әлеу­меттік статусқа ие болып, мәнсап жасап, психикасын жақсы сақтағандар да бар. 
Үйінде қалған ұл тағдырын қабылдап, сосын сол жерде-ақ бақытты болып, ісін дөңгелетіп, қалауларын орындай ала­тындар да кездеседі. Керісінше, өмір бойы пассивный аг­рес­сияға салынып, әке-шешесіне ашық қарсылық жа­самай, бірақ іштей қаскөйлік жасап, жұмыста тұрақтамай, ішіп, балаларына қарағысы келмейтіндер де бар. Ол қайғы про­цесін жасамады, сепарациядан қорықты, тек сондай жа­сөспірімдік ерегесте қалып кетті деген сөз. Сондықтан бір ғана сыртқы белгі – ата-әже бақты дегенмен адамға диаг­ноз қоюға болмайды. Әрі осындай ата-әжесі баққан тағ­дыр иелері «Мені басқаға беріп құрттыңдар» деп проб­ле­маға жабыса бермей, өмірін реттеуі керек. Мұндай жа­бысудың соңы жақсылыққа әкелмейді, ондайдан тек тера­пия құтқарады, – дейді маман.

Бауырына басу дәстүрі бүгінгі күні де қажет

Аталған мәселе төңірегінде жан-жақты іздену мақса­тында этнографтарға да хабарласқан болатынбыз. Бұл тура­сында жазушы-этнограф Болат Бопайұлының пікірі көңіл­ге қонымды шықты. Оның айтуынша, тұңғыш неме­рені ата-әжесінің бауырына басу қазақ дәстүрінде ерекше орын алған. Бұл салт қазақ халқының ұрпақ тәрбиесінде терең мәнге ие. 

– Тарихқа шегінсек, бұрын ауылды жерде ата-әженің тәр­биесінде өскен немере өмір сүрудің ұлттық қағидат­тарын, салт-дәстүрді бойына сіңірді. Ата-әжелер балаға ерте­гі айтып, шежіре үйретіп, өмірге қажетті дағдыларды дарытты. Бұл тәрбие үлгісі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлт­тық тәрбиенің үзілмеуін қамтамасыз етті. Әжесінің әл­диін тыңдап, атасының ақылын ұғып өскен бала өмірде өз орнын табуға дайын, рухы берік тұлғаға айналды.
Ал қазіргі уақытта психолог мамандар ана мен баланың 3 жасқа дейін ажырамай, тығыз байланыста болуы керегін айта­ды. Бұл кезеңде балаға ананың жылуы мен қамқорлығы маңызды екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ана мен бала арасындағы жақындық баланың психологиялық және эмоционалдық саулығының негізін қалайды. Сондықтан қа­­зір­гі уақытта ата-әже тәрбиесін ананың рөлін алмас­тыр­­май, оны толықтырушы фактор ретінде қарастырған жөн, – дейді Болат Бопайұлы. 

Баланы ата-әжеге бергеннен, бірге тұрған жақсы

Қазақ «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген. Алайда осы бір бауырына басу деген әдемі дәстүрді заманға сай қалай икемдеуге болады дегенімізде қоғам қайраткер Оразкүл Асанғазы былай деп жауап берді: 

– Баланы ата-әжеге бергеннен, бірге тұрған жақсы, мен со­ны қолдаймын. Бірақ қазір ата-әже немерелерімен бірге тұрмайды ғой. Әйтпесе төрт жақтап тәрбие берілсе, қандай кере­мет. Жастар да бұл дәстүрді қолдамайды. 

Мұхтар Шахановтың «Тағдырыңды тамырсыздық інде­тінен қалқала» дегеніндей, қойнына салу бұрыннан келе жат­қан дәстүріміз.  Алысқа бармай-ақ Димаш Құдайбергенді кіш­кентай кезінде киіндіріп жатқан әжесі:  «Аспандағы жа­рық жұлдызым, жауырыны кең, мұрны қыр мұрын, айқа­бақ, сымбатты» деп айтқан видеосын бар қазақ көрді деп ойлаймын. Көрдіңіз бе, әже деген қандай тілеуқор, батагөй. Періштенің құлағына шалынған осындай жақсы тілектер өмірде қабыл болады. 

Атам мен әжем – менің мәңгілік сағынышым

Ата-әженің қолында өскен тұлғалардың бірі – ақын, «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері  Қымбат Әбілдәқызы. 
– Мен ата мен әженің тәрбиесін емен бесікке теңер едім. Ата-әже деген біздің әке-шешемізді тәрбиелеген, өсір­ген адамдар. Ал оны түсініп отырған бала қайда, келін қай­да? Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Бүгінгі ата-әжелердің не­мере бағуға ынтасы бар ма? Бренд қуып киінетін, шетел аралап қыдырудан қолы тимейтін әжелер балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре ала ма? Кітап оқуды, із­денуді ұмыт қалдырған үлкендер бар. Оқығандарын бүгін­гі смартфонның ұрпағына мейіріммен жеткізе алатын үл­кендерді көргенде көңіл қуанады. Өмірдің ыстық-суы­ғына әбден піскен, еңбектен қашпайтын, алдына қойған мақсатына жеткен ата-әжелердің немерелеріне берері де мол болмақ. Сонда өзімді бағып-қаққан, тәрбиелеген ата-әжем есіме түседі. Менің оқымаған, хат танымайтын әжем мені жетелеп жүріп газет-журналға жаздырып, кітаптар са­тып алып беріп,  білім алуыма, оқуыма жағдай жасады. Ерек­ше еркелетіп өсірді. Егер ол кісілердің осындай тәр­биесі, мейірімі, махаббаты болмаса, бүгінгі Қымбат болар ма едім, болмас па едім. Сондықтан ата-әженің тәрбиесі дұрыс емес деген адамның тілін Абайша айтқанда «Егер за­кон қуаты қолымда бар кісі болсам, тілін кесер едім»...

Атам мен әжем – менің мәңгілік тақырыбым, мәңгілік сағынышым! Өзі мен сөз бірдей шынайы, бояусыз болған екеуі бір-бірімен өте тату, өте сыйластықта еді. Тіпті, дауыс­тап та сөйлеспейтін, үнсіз ұғысатын, келіспей қалу деген аты­мен болмайтын. Екеуін ел ерекше сыйлайтын. Мал біт­кенмен, дүние жинамайтын. Бірақ дастарханы тоқ, қас-дұш­паны жоқ, қолы ашық қариялар еді.

Тәрбие тек дәстүр мен ұлттық құндылықпен шектелмейді

Бір тақырыптың төңірегінде спикерлеріміз сан түрлі пікір айтты. Бірі даттады, бірі жақтады, енді бірі орта жол­ды ұстану керек деді. Ал журналист, PR маманы, бизнес-тре­нер Салтанат Әскербекқызы «Баланы ата-анадан ажы­ра­туға саналы түрде қарау керек» деген пікірде.  

– Бала тәрбиесінде ұрпақтар арасындағы сабақтастық маңыз­ды. Әр он жыл сайын жаңа ұрпақ пайда болады, олар­дың құндылықтары, көзқарастары, өмір сүру салты өзге­ше болады. Бұл ғылыми дәлелденген факт: бала өз зама­нына сай дүниеге келеді, ал үлкендер оны кейде түсіне ал­мауы мүмкін. Бұрынғы буын жоқшылық көріп, еңбекпен өс­кен болса, бүгінгі балалар технологиялар мен ақпараттың тасқынында өмір сүреді. Сондықтан ата-ананың міндеті – баланы заман ағымына бейімдеп, оның әлеуетін дамыту.

Балаға смартфон мен гаджет беріп, өзімен-өзі қалдыру дұрыс емес. Оған технологияларды сауатты қолдануды, қауіп пен мүмкіндікті ажырата білуді үйрету қажет. Ал ата мен әженің рөлі – ұлттық құндылықтарды, мәдениетті, әдепті, қанағат пен ұят сияқты ұғымдарды сіңіру. Олар ұлт­тық тәрбиенің сақтаушылары, бірақ баланы шектеп, дамуына кедергі келтірмеуі тиіс.
Тәрбие тек дәстүр мен ұлттық құндылықпен шектел­мей­ді. Жаңа ғасыр балаларына білім, қабілет және бәсекеге қа­білеттілік қажет. Балаға «4 К» қабілеттерін дамытуға ба­сым­дық беру маңызды:
1. Креативті ойлау – жаңаша шешім таба білу. 
2. Критическое мышление (Сыни ойлау) – ақпаратты талдай алу.
3. Коммуникация – өз ойын жеткізу шеберлігі.
4. Коллаборация – топпен жұмыс істей білу.

Үш жасқа дейін бала ананың қамқорлығына мұқтаж бол­са, одан кейін бағыт-бағдар беру қажет. Психологтар үш жастан он екі жасқа дейін баланы дербестікке үйретуді, ал он екі жастан бастап тек кеңесші болуды ұсынады. Балаға еркіндік бермей, еркелетіп қана тәрбиелеу оның тұлға ре­тінде қалыптасуына кедергі келтіреді, – дейді Салтанат Әс­кербекқызы.

P.S. Иә, ата-ана баланы тәрбиелеуге саналы түрде дайындалуға тиіс. Бұл сала үнемі зерттеліп, жаңа тәсілдер енгізілуде. Баланы тәрбиелеуде дәстүрлі құндылықтар мен қазіргі заман талаптарын үйлестіріп, оның жеке ерекшелігін ескеру маңызды. Өйткені тәрбие – күрделі, көпқырлы процесс. Ата-ана мен ата-әже баланы заман талабына сай тәрбиелеп, оның бойына құндылықтарды сіңіре білсе, ондай баланың болашағы жарқын болмақ. 

 

Серіктес жаңалықтары