Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде қайғылы жағдай болды. 29 жастағы ер адам кинотеатрда попкорн жеп отырып қақалып, кейін көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 17 мамыр күні Forum сауда орталығындағы кинотеатрда болған. Марқұмның жақындарының айтуынша, ол кино басталар алдында попкорн жеп отырып қақалып қалған. Кейін дәретханаға барып құсып келген соң өзін жақсы сезінетінін айтқан.
Алайда кино залына кіргеннен кейін ер адам бірнеше рет тамағы жайсыз екенін айтып шағымданған. Біраз уақыттан соң жүрегі қысылып тұрғанын айтып, сырт киімін жанындағы адамға ұстатқан да, кенеттен құлап қалған.
Куәгерлер алғашында оны жүрегі ұстап қалды деп ойлап, алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Өкінішке қарай, жедел жәрдем келгенше ер адам көз жұмған.
"Үйден киноға барып келемін деп, сап-сау, ойнап-күліп шығып кеткен", – дейді марқұмның туысы.
Жақындарының сөзінше, бұл оқиға қақалған адамға алғашқы көмекті дұрыс көрсете білудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
"Егер сол сәтте қақалған адамға қалай көмектесу керегін білетін біреу болғанда, бәлкім, аман алып қалуға мүмкіндік болар ма еді. Попкорн тамағына тұрып қалған ғой", – дейді олар.
Кино залында болған куәгерлер адамдар мен кинотеатр қызметкерлері қолдарынан келгенше көмектесуге тырысқанын айтады. Олар жүрек-өкпе реанимациясын жасап, жасанды тыныс беруге әрекеттенген. Сонымен қатар жедел жәрдем шақырып, ғимараттағы медицина қызметкерін іздеген.
Куәгердің айтуынша, сол кезде кинотеатр қызметкерлері демалыс күні болғандықтан медицина қызметкерлері жұмыс істемейтінін айтқан. Кейін шамамен 15 минуттан соң ақ халатты қызметкер келгенімен, ол кезде ер адамның жағдайы тым ауыр болған.
Куәгерлер жедел жәрдем шамамен 15-20 минут ішінде жеткенін жеткізді.
Бұл оқиға қоғамда үлкен талқылау тудырды. Көпшілік қоғамдық орындарда кезекші медицина қызметкерінің болуы, шұғыл көмек көрсету тәртібі және алғашқы медициналық көмек дағдыларын үйрету мәселесін көтеріп жатыр.
Дәрігер Өмірзақ Нұрсұлтан бұл жағдай анафилактикалық шок болуы мүмкін екенін болжады. Оның айтуынша, кейде ауыр аллергиялық реакция өте жылдам дамып, құсу, әлсіздік, естен тану және жүректің тоқтауына дейін апаруы мүмкін. Попкорнның құрамындағы май немесе түрлі қоспалар да мұндай реакция тудыруы ықтимал.
Алматы қаласы полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.