Қаныш Әбубәкіров 4 гарнизонда жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуын тексерді

/
Қаныш Әбубәкіров 4 гарнизонда жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуын тексерді
Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жұмыс сапары барысында басқару органдарының, құрамалар мен әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлықтың жаңа жүйесіне көшуге дайындығын бағалады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Абай, Өскемен, Үшарал және Аягөз гарнизондарындағы құрамалар мен бөлімдерде Бас штабтың мобильді топтары жаңа оқу бағдарламалары мен жалпыәскери пәндер бойынша жаңартылған нормативтерді ескере отырып, жауынгерлік дайындықты ұйымдастыру тәртібін зерделеді.

Жауынгерлік дайындық департаменті мен Сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының өкілдері әскери нысандардың, оқу корпустарының, атыс алаңдары мен полигондардың жай-күйін тексерді. Зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймаларын тексеру барысында олар күзет режимін, қауіпсіздік шараларының ұйымдастырылуын, өртке және диверсияға қарсы қорғаныс жүйесін зерделеді. Әскерлер қызметін ұйымдастыру, қызмет өткеру орындарының техникалық жабдықталуы және нысандарды күзет құралдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ведомствоаралық топ жас сарбаздарды бейімдеу мен оқыту жұмыстарын жан-жақты қарастырды. Салалық мамандар казарма қорының жағдайын, медициналық қамтамасыз ету деңгейін және монша-кір жуу қызметінің ұйымдастырылуын тексерді. Сонымен қатар оқу-жаттығу нысандарының жабдықталуы мен жұмыс істеу мәселелері жеке қаралды. Жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалын талдау мақсатында жас сарбаздар арасында анонимді сауалнама жүргізілді.

Сауалнама қорытындысы бойынша генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров командирлердің жеке құраммен жүргізетін дербес жұмысының рөлін күшейту, проблемалық мәселелерді дер кезінде анықтап, шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бас штаб бастығы әскери техникаларға маусымдық қызмет көрсетуді сапалы жүргізудің маңыздылығына назар аударып, техникаларды жазғы пайдалану режиміне көшіру кезінде үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға алғысын білдірді.

Сапар аясында орталық аппарат өкілдері гарнизондардың әскери қызметшілерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ әскери бөлімдердің лауазымды тұлғаларына әдістемелік сабақтар ұйымдастырылып, «Бес қару» бағдарламалық модулінде жауынгерлік және дене даярлығы бойынша есептілік жүргізу тәртібі, қызметтік құжаттаманы рәсімдеу талаптары түсіндірілді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізу, цифрландыру жүйелерін дамыту, оқу-материалдық базаны жетілдіру, қару-жарақтың, әскери техниканың және инфрақұрылым нысандарының тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын күшейту, қызмет жағдайларын жақсарту және жеке құрамды жан-жақты қамтамасыз ету сапасын арттыру міндеттері қойылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары