Ақтауда артық майдан арылғысы келіп ота жасатқан депутат көз жұмды

/
Ақтауда артық майдан арылғысы келіп ота жасатқан депутат көз жұмды
ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында пластикалық операциядан кейін облыстық мәслихат депутаты, 49 жастағы Ербол Айтуов қайтыс болды. "Ақ Жайық" басылымының жазуынша, оның қайтыс болғаны және нақты күні жергілікті нотариуста мұрагерлік істің ашылуына қатысты құжаттармен расталған. Құжаттарға сәйкес, депутат 2026 жылғы 5 мамырда көз жұмған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін Ербол Айтуов сәуір айының басында "Қасиет" клиникасына иек тұсына липосакция жасату үшін барғаны хабарланған еді. Алайда наркоз кезінде оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен. Жұбайының айтуынша, күйеуінің инсульт алғаны белгілі болған, ал клиника, оның сөзінше, медициналық көмек көрсетуді созып, науқастың нақты жағдайын жасырған. Бір айдан кейін пациент қайтыс болды.

Клиника тексерілді

Басылым Денсаулық сақтау министрлігі оқиғадан кейін клиникаға жоспардан тыс тексеру жүргізгенін жазды. Ведомство мәліметінше, клиникада ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметіне лицензия болмаған. Сондай-ақ операция блогы толық жабдықталмаған, ал кейбір медициналық құрал-жабдықтардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.

Тексеру барысында пациентті қарсы көрсетілімдер мен қажетті талдаулардың толық болмауына байланысты операцияға мүлде жатқызбау керек болғаны анықталған.

Қазір барлық материал прокуратураға жолданған. Қайғылы оқиғаның ресми себебін құқық қорғау органдары анықтайды.

Айта кетейік, "Қасиет" клиникасының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, медициналық орталық көрсететін қызметтер қатарында "пластикалық және эстетикалық хирургия" бағыты бар.

Марқұм Ербол Айтуов өңірге белгілі тұлға болған. Ол депутаттық қызметтен бөлек, облыстық Кәсіпкерлер палатасындағы маңызды комитеттердің бірін басқарған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары