Абай облысының мұғалімі Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды
Бұған дейін @eraholic әлемге танымал Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеп, шығармашылығымен кеңінен танылған
Абай облысындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаттың биология пәнінің мұғалімі Ерқанат Садуханов Ники Минаждың «Pink Friday 2» делюкс-альбомының саунд-продюсері атанды.
Творчестволық лақап аты – @eraholic. Ол бұл жаңалығын желіде бөлісіп, 13 желтоқсанда тыңдарман назарына ұсынылатын альбомның ерекше туынды болатынын айтты. Бұл шығарылым Ники Минаждың 2023 жылы шыққан түпнұсқа альбомының бір жылдық мерейтойына арналып, жаңа әндермен толықтырылады.
Бұған дейін @eraholic әлемге танымал Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеп, шығармашылығымен кеңінен танылған.
«Ерқанат Садуханов – біздің аймақтың ғана емес, бүкіл Қазақстанның талантын әлемге танытып жүрген ұстаз. Оның музыка саласындағы жетістіктері біздің ұстаздарымыздың жан-жақты қабілетін көрсетіп, шәкірттерге үлкен мотивация береді. Мұндай жетістіктер білім мен шығармашылықты үйлестірудің үздік үлгісі болып табылады», – деп хабарлады Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі.