Ақтауда балалар ауруханасының дәрігеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды

/
Ақтауда балалар ауруханасының дәрігеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды
видеодан скриншот

Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігеріне шабуыл жасаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Медициналық мекеменің мәліметінше, оқиға 31 қазанда болған. Оқиғадан кейін аурухана қызметкерлері полиция шақырған.

Дәрігер баланы қажетті тексеруден өткізіп, оның әкесіне нәтижелерін түсіндірген. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, баланы ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілімдер болмаған. Осыдан кейін ер адам кенеттен үстелді аяғымен теуіп, дәрігерге тап берген. Оларды ажырату оңайға соқпаған.

Балалар хирургының жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Ол жұмысқа қайта оралып, кезекшілікке кіріскен.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«31 қазанда Ақтау қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында көрсетілген медициналық көмекке көңілі толмаған науқастардың бірінің әкесі мен медицина қызметкері арасында жанжал болған. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол берілмейді. Кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады ведомство.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары