Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, көші-қон қызметінің қызметкерлері алимент төлеуден жалтарып жүрген немесе балаларына тиесілі табыс көздерін жасыратын адамдарды анықтау және іздестіру бағытында тұрақты түрде іс-шаралар жүргізеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәселен, Павлодар қаласында полиция қызметкерлері бірнеше жыл бойы кәмелетке толмаған балаларына материалдық көмек көрсетуден жалтарып жүрген әйелді анықтады. Оның алимент бойынша берешегі 6 миллион 936 мың теңгеге жеткен. Бұл қаражат кәмелетке толмаған үш баланы асырауға арналуы тиіс еді.
Алайда әйел сот шешімін орындамай, балаларының құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірген. Алимент өндіру туралы сот шешімін орындамағаны үшін әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды.
Сот шешімімен оған 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалып, алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындауға үш ай мерзім берілді. Егер осы мерзім ішінде әйел алимент төлеуден қайта жалтарса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Полиция қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды заңнан жалтармай, мәселені заң аясында шешуге шақырады. Мұндай жағдайда алимент төлеу тәртібін реттеу немесе оның мөлшерін өзгерту үшін сотқа не сот орындаушыларына уақтылы жүгіну қажет.
Еске саламыз, ата-аналық міндеттерді орындамау заңда көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.