«Сал домбыра» салтанаты

«Сал домбыра» салтанаты
340

Апта басында Қазақ Ұлттық Өнер университетінде күйші, педагог, мәдениеттану ғылымдарының магистрі Қайрат Айтбаевтың «Сал домбыра» атты кітабының тұсаукесері өтті. ІС-Шараға университеттің ректоры міндетін атқарушы, Өнертану ғылымының кандидаты, профессор Раушан Нұртаза, түркі дүниесіне аты танымал мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов, әнші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайрат Байбосынов, опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шахмардан Әбілов, белгілі күйші, ұстаз, профессор Жанғали Жүзбаев, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілік, жазушы Иманғазы Нұрахмет, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев қатарлы белгілі өнер тарландарымен қатар ұстаздар мен студенттар қатысты. 

Іс-шараны күйші Жанғали Жүз­бай жүргізіп, модератор болды. Му­зы­катанушы Раушан Нұртаза күйші Қай­рат Айтбаевтың кітабында кө­те­ріл­ген өзекті тақырыптарға тоқта­лып, ұлы күйші Тәттімбет күйлерінің өзе­гін түсініп, оның тағдыры мен күй­лерінің туу тарихын жете зерт­те­гендер қатарында Қайрат Айтбаев­тың орны бөлек екенін атап өтті. «Бұл тек оқырмандарға арналған та­­­­нымдық маңызды кітап емес, әсі­ре­се, күй тарихы мен ұлттық өнері­міз­дің өткені мен бүгінін терең тү­сіну үшін қажетті кітап. Университе­ті­міздің студенттері мен ізденуші­ле­рі, музыкатанушы мамандар үшін тап­тырмас оқу құралы десек те бо­ла­ды», – деді. Кітап авторы Қайрат Айтбаев Тәттімбет күйлерін шебер орын­даушы, Тәттімбет конкурсы­ның жеңімпазы әрі тәттімбеттану саласында да еселі еңбек етіп жүрген зерттеуші. 
Ал аты түркі әлеміне мәшһұр қай­раткер, скрипкашы Дүйсен Қа­сейі­нов ұлттық дәстүрлі өнердің сак­ральді қырларына кеңірек тоқ­тал­ды. Ұлы күйшілер мен компози­тор­лардың мұрасы халқымызды ға­сырдан ғасырға жеткізетін мә­де­ниет мәйегі екенін, оны сақтау, дә­ріп­теу, тарату, ұрпақтың игілігіне жа­рату – тұтас мемлекет саясатының не­гізі болуға тиістігін айтып, мәде­ниет саясатында дегдарлық пен та­за­лықтың жоқтығына күйінді. Шерт­пе күйдің шежіресін бастаған­да, алдымен тілге оралатын абызы­мыз Тәттімбеттің Қазақстанда бір­де-бір ескерткіші жоқтығына еш­кім­нің бас ауыртпайтынын, өзі бас бо­лып Түркияда күйшінің ескерткішін ор­натқанын, өзіміздің қадірімізді біл­месек, өзгеге жалтақтайтын ұр­пақ өсіретінімізді, өз мәдениетін қорашсынатын халық әлемдегі ең кедей жұрт болатынын айтып, оған нақты мысалдар келтірді. Автордың кітабындағы «Шертпе күйдің өзекті мәселелері» мақаласын тілге тиек ете отырып, Кеңес заманында қазақ күйшілері көрген зобалаңды еске алды. Айталық, шертпе күйдің белді өкілі Сенбек Айдосұлы оққа ұшқаны мәлім. Арқада талай күйші оққа бай­ланып, Итжеккенге айдалған. Дүй­сен Қорабайұлы осы жайттарды тол­ғай келіп, Тәттімбет, Естай секіл­ді ұлы тұлғаларды зерттеп және тұтас күй өнері мен әндерін нотаға тү­сіріп, іздеушісі болып жүрген Қай­рат Айтбаевқа зор ризашылығын біл­дірді. Мұндай сүбелі еңбектің қа­дірі уақыт өткен сайын арта түседі деді.
Белгілі әнші Қайрат Байбосынов кі­тап авторының ән мен күйді тең бі­летінін, бұған дейін де «Сыр сан­дық» секілді ауқымды жұмысты бір­ге атқарғандарын атап өтті. Сын­шы Амангелді Кеңшілік Қайрат Айт­баевтың тек музыка саласын емес, әдебиетті көп оқитынын, жазу­шы­лардың шығармаларындағы нә­зік иірімдерді байқайтынын кез келген сала маманы ізденбесе, ар­тына із қалдыруы қиын екеніне тоқталды. Ал жазушы Иманғазы Нұ­рах­мет кітаптың қазақ руханиятын­дағы салмағын екшеп, әсіресе, халық әндерін нотаға түсіру үлкен ізденіс­тің жемісі деді. 
ҚР Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігінің қолдауымен жарық көр­ген еңбекке зерттеушінің әр кез­де жазған ғылыми-танымдық ма­қа­лалары енген. 
«Қобыз үнді Естай», «Түркі сазын тү­гендеген», «Шертпе күйдегі өзекті мә­­­селелер», «Күйші Сәрсенғали», «Да­­­­­ла­­ның дара күйшісі», «Жанғали күй­­ші жайында» атты мақала­ларын­да бүгінгі өнер тарихындағы айтулы тұлғалардың шығармашылық және азаматтық істерін баяндаған. Мақа­ла­­­­­ларда автор дәстүрлі өнердің қыр-сырына бойлап, өзекті мәсе­ле­лер­ді қозғайды. Осы кезге дейін өнер­паздардың шығармашылығын жеке қарастырып, сыни бағытта ма­қалалар жазу кенжелеп келе жат­қаны белгілі. Кітаптың екінші та­рауын­­да ҚР Халық әртісі Қайрат Бай­босынов (баритон) пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев­тың (бас) орындаушылық шеберлі­гіне талдау жасалып, қос әншінің орын­дауындағы халық компо­зи­тор­лары әндерінің нотасы берілген. Бұл бөлімде Абай, Ақан сері, Ақылбай, Әсет, Балуан шолақ, Біржан сал, Ға­­­­зиз, Естай, Шәкәрім, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Мәди, Майра, Зұлқия се­кіл­ді тарихымыздың танымал тұл­ғалары мен композиторлары ән­дерінің әртүрлі нұсқасын екі ән­ші­нің орындау мәнері бойынша жаңа­дан нотаға түсірген. 
Қайрат Айтбаевтың бұған дейін «Сыр сандық», «Бір мысқал», «Бір нә­зік сәуле» секілді бірнеше еңбегі жа­рық көрген. Роза Бағланова атын­дағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ака­демиялық концерттік ұйымында жеке солисит болып қызмет етеді. Қа­зақ Ұлттық Өнер университетінің оқы­тушысы. 

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

 

 

Серіктес жаңалықтары